Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаевтың өзін көрсететін кезі келді - саясаттанушы

1174
Саясаттанушы Тоқаевтың өзін көрсететін, осыған дейін кейінге шегеріліп келген саяси-құқықтық реформалардың нақты жүзеге асыратын кезі туғанын айтады

АЛМАТЫ, 9 сәуір - Sputnik. Саясаттанушылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетіні туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. 

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Тоқаевтың қазір нағыз өзін көрсететін кезі туып тұрғанын айтты. Оның болжамынша, бұл сайлауда Тоқаев демократия қағидаттарына жүгінетін саяси-құқықтық реформатор ретінде өзін танытып, жеңіске жетуі мүмкін.

"Демократиялық қоғам қалай құрылатынын, қандай болатынын ол жақсы біледі. Шетел аралап, соның бәрін көріп-біліп жүрген өте тәжірибелі, білікті саясаткер. Оның төбесі көріне салысымен, елде үміт пайда болды. Бұл үмітті Тоқаев ақтайды әрі оған дайын деп санаймын", - деді ол Sputnik Қазақстан тілшісіне. 

Саясаткер "алдымен экономика, содан саясат" деген реформаны Елбасы сәтті атқарғанын, оның қызығын ел көргенін айтады. Алайда қазір жағдай басқалай боп тұр. Экономикалық көрсеткішіміз соңғы екі жылда төмендеп қалды. Сондықтан қазір нағыз саяси-құқықтық реформаларды жүзеге асыратын кезең туған.

"Бұл мүмкіндікті Тоқаев ұтымды пайдаланады", - деп болжайды Әзімбай Ғали.

Саясаттанушы жырақта жүрген Мұхтар Әблязовты да, оппозиция өкілі Ғалымжан Жақияновты да сайлауға қатысуға шақыруға кеңес береді.

"10-12 адамды қатыстырса артық болмайды сайлауға. Әблязовты, Жақияновты да шақырсын. Бәріне тең мүмкіндік беремін деп. Одан Тоқаев ұтпаса, ұтылмайды. Керісінше, жақсы үлгі көрсетеді. Сыртқы бақылаушылар үшін де", - дейді ол.

Саясаттанушы Дос Көшім сайлаудың мерзімінен бұрын болатынына сәл қынжылатынын айтты.

"Сайлаудың өзінің уақыты - желтоқсанда болғанда дұрыс еді. Тоқаев әлі де отыра тұрып, біраз заңдарға өзгерістер енгізуі тиіс еді. Әрине, оның билікке келісімен, қоғам бір өзгерісті жасаушы ретінде оған үміт артып, бір жылымықты бағып отырған болатын. Сондықтан ол кісі әлі бір жылдай отыра тұрғаны жөн болар ма еді", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Дариға Назарбаева президент сайлауына қатыса ма

Дос Көшімнің пікірінше, осы бір жыл аралығында ол сайлауалды дайындық үшін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізіп үлгеруі тиіс болатын. Дегенмен саясаттанушы Тоқаевтың халықаралық стандартқа сай іс-қимыл жасап отырғанын да баса айтты.

"Шетелде президент аяқ-асты өзінің кететінін мәлімдеп, орнына адам қойғанда уақытша, ол екі айдың ішінде сайлау болатынын жариялайды. Тоқаев та осы үрдістен қалмай, мерзімінен тыс президент сайлауы болатынын мәлімдеді. Осы жағынан алғанда мұнысы бір жағынан дұрыс", - дейді ол.

Оның үстіне биліктің мұнша асығуына, саясаттанушының пікірінше, басқа саяси күштердің алдын ала қам жасауы да түрткі болған секілді.

"Іште бір дайындық бар. Ұлтшылдар, басқа саяси партиялар өз кандидатураларын ұсынуға үлгеріп кете ме деген секем де болған секілді бұл арада. Жаңадан саяси партиялар да құрылуы мүмкін. Оның бәрі билік жүйесін сақтап қалуға белгілі бір деңгейде кедергі ғой", - дейді ол.

1174
Кілт сөздер:
президент сайлауы, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып:
Президент сайлауы - 2019 (176)
Тақырып бойынша
Тоқаев Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы болатынын мәлімдеді
Мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуге үкіметте қаражат жетеді
Тоқаев: Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты
"Сіздерге байланысты": Тоқаев сайлаудың әділ өтуіне кепілдік беретінін айтты
Тоқаевтың Қазақстан халқына үндеуі - видеотрансляция
Кім Қазақстан президенті бола алады?
Загрузка...