Ақорда

Қырғызстан, Беларусь және Молдова президенттері Нұр-Сұлтанға келді

64
(Жаңартылды 20:41 28.05.2019)
29 мамырда Қазақстан астанасында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық отырысы өтеді

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен, Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен және Молдова президенті Игорь Додонмен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Жээнбековпен кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар аясындағы бірлескен іс-қимыл мәселелері талқыланды.

"Біздің елдеріміздің ынтымақтастығы артып келеді. Үкіметаралық, парламентаралық деңгейде жұмыс істеп келеміз. Әлемдік және аймақтық ұйымдарда да біргеміз. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан тығыз қарым-қатынасты мен одан әрі дамытуға бар күш жігерімді саламын", – деді Қазақстан президенті.

Қырғыз президенті жылы кездесуге ризашылығын білдіріп, мемлекетаралық байланыстардың достық сипатын атап өтті.

"Алыстағы ағайыннан жақындағы көршіні артық көретін біз Қазақстанмен арадағы ынтымақтасты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бүгінде үкіметаралық жол картасы бойынша жұмыстар атқарылуда. Өзіңізді Қырғыз Республикасына сапармен келуге шақырамыз", – деді Сооронбай Жээнбеков.

ЕАЭО саммиті: елордада мемлекет басшылары не талқылайды? 

Тоқаев Беларусь президентімен де кездесті. Мемлекет басшысы Александр Лукашенкоға ілтипат білдірді және олардың бұл кездесуі Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан деп аталғаннан кейін, бірінші рет өтіп отырғанын айтты.

"Біз сіздің қызметіңізді мұқият бақылап, еліңізді дамытудағы зор жетістіктеріңізді айтып отырамыз. Сіз Президент лауазымында ұзақ жылдан бері қызмет етіп келесіз және мемлекетіңіздің беделі мен әлеуетін нығайту үшін бар мүмкіндікті жасап жатырсыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Александр Лукашенко дәстүрлі түрде жылы қарсы алғаны және кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылық білдірді.

Беларусь басшысы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлін ерекше атап өтіп, елімізде болып жатқан ішкі саяси үдерістерге оң баға берді.

"Біздің қарым-қатынастарымызға келер болсақ, ол әрдайым жақсы болады. Сіздермен бірге ынтымақтастығымыз нақты бағыттар бойынша ілгерілей беретініне күмәнім жоқ", – деді А.Лукашенко.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастардағы, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Сондай-ақ Қазақстан басшысы мен Молдова президенті Игорь Додон кездесіп, екіжақты байланыстарды және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды талқылады.

"Біз Молдовамен ынтымақтастықты нығайтуға және сауда-экономикалық серіктестікті одан әрі кеңейтуге ниеттіміз. Өзара қарым-қатынастарымызды дамыту үшін бізде барлық мүмкіндік бар деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Молдова Республикасының Президенті жылы қабылдағаны үшін ризашылық білдіріп, мемлекетаралық диалогтың жемісті сипатын айтты.

"Елдеріміз арасында достық қатынастар орнаған. 30-дан астам екіжақты келісімдерге қол қойылды. 12 құжат қаралуда. Молдова үшін Еуразиялық экономикалық одақпен интеграциялық үдеріс маңызды саналады. Бұл бағытта біздің алдымызда ауқымды жұмыс тұр", – деді Игорь Додон.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына кімдер қатысады

29 мамырда Нұр-Сұлтанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді, ол екі мерейтойлық дата – Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция туралы идеясына 25 жыл және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғанына 5 жыл толуына орайластырылмақ.

ЕАЭО-ның алғашқы "бесжылдығы" қорытындыланды – видео

Іс-шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысады.

Молдова президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы - мемлекет басшысы, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен ТМД атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедев құрметті қонақ ретінде қатысады.

64
Кілт сөздер:
Нұр-Сұлтан, Қырғызстан, Беларусь
Тақырып бойынша
Еуразиялық экономикалық одақ: елдер, аумағы, халқы
Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасы бола ма? Елбасы жауап берді
Назарбаев Қазақстанның көпвекторлы саясат ұстанатынын тағы еске салды
Назарбаев ЕАЭО жұмысындағы үш басымдықты айқындады
Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстан президенттеріне орден тақты
Загрузка...