Нұрсұлтан Назарбаев

Дариға Назарбаева Елбасыға "Құрметті сенатор" төсбелгісін табыстады

2073
(Жаңартылды 11:40 06.06.2019)
Cенат депутаттары Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құрметті сенатор" мәртебесін беру туралы шешім қабылдаған еді

НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik. Сенатта Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құрметті сенатор" төсбелгісі мен куәлігі табыс етілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев сенатқа келді. Депутаттар тұңғыш президентті ду қол шапалақпен қарсы алды. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева өз сөзінде бүгін сенат тарихында ерекше күн екенін атап өтті. 

"Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы, "Құрметті сенатор" мәртебесін беру туралы шешім сіздің жасампаз еліміздің іргетасын қалаудағы, әлем мойындаған стратегиялық дамуының дара жолын айқындаудағы кемеңгерлік қызметіңізге және кәсіби қос палаталы парламентті қалыптастырудағы орасан зор еңбегіңізге сенаторлардың терең құрметі деп қабылдаңыз", - деді Назарбаева. 

Дариға Назарбаева "Құрметті сенатор" мәртебесі туралы ережеге сәйкес арнайы төсбелгі мен куәлікті сенат атынан тапсыру өзіне жүктелгенін айтып, Елбасыға салтанатты түрде табыс етті.

  • Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Құрметті сенатор төсбелгісін табыстады
    Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құрметті сенатор" төсбелгісін табыстады
    © Sputnik / Владислав Воднев
  • Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Құрметті сенатор төсбелгісін табыстады
    Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құрметті сенатор" төсбелгісін табыстады
    © Sputnik / Владислав Воднев
1 / 2
© Sputnik / Владислав Воднев
Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құрметті сенатор" төсбелгісін табыстады

Айта кетсек, 30 мамырда сенат депутаттары Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа "Құрметті сенатор" мәртебесін беру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл бастаманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.

Енді Елбасы сенаттың, комитеттердің отырысына, соның ішінде ашық отырыстарға қалаған уақытында қатысып, өзінің ой-пікірін білдіре алады. Құрметті сенаторға жалақы төленбейді.

"Құрметті сенатор" мәртебесі Қазақстан парламенті сенатының тарихында алғаш рет беріліп отыр.

Назарбаевтың басқа қандай мәртебелері бар?

Президенттік өкілеттігін тоқтатқаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойына тұңғыш президент – Елбасы мәртебесіне ауысты.
Сонымен қатар, Елбасы тарихи миссиясына байланысты Қазақстанның қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқарады.

Түркия президентінің ұсынысымен Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің өмір бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілді.

Бұған қоса, 29 мамырда елордада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық саммитінде Қазақстанның тұңғыш президентіне тағы бір мәртебе берілді. Ресей басшысының ұсынысымен ол Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы атағын алды.

2073
Кілт сөздер:
Дариға Назарбаева, сенат, Назарбаев
Тақырып бойынша
"Өзімізде бәрі бар" Назарбаев шетелге шыққысы келмейтінін айтты
Нұрсұлтан Назарбаев ел арасындағы алыпқашпа әңгімені жоққа шығарды
Нұрсұлтан Назарбаев ауызашар берді – фото
"Құрметті сенатор" атанған Назарбаев жалақы ала ма?
Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісін қызметінен босатты
Нұрсұлтан Назарбаев қандай өмірлік мәртебелерге ие?
"Ұят": Назарбаев ЕАЭО елдеріне ұсыныс айтты
Портфель ұстаған қызметкер, архивтегі сурет

Сарапшы мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту жайлы: көмекшінің көмекшісі деген болмайды

76
Саясаттанушы Самат Нұртаза мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 250 мың теңгеден кем болмауы керек деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты қысқарту жұмысын тездетуді тапсырды. Осылайша мемлекеттік қызметкерлердің 10 проценті жыл соңына дейін, қалған 15%-і келесі жылы қысқартылады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген саясаттанушы Самат Нұртаза бұл шараның мемлекеттік органдардың жұмысына қалай әсер ететінін айтты.

"Ойдан шығарылған позициялар жоғалады"

Сарапшының айтуынша, билік пандемия өршіген тұста мемлекеттік аппаратты қысқарту қажеттілігіне әбден көз жетті.

"Індет басталғаннан кейін бәрі қашықтан, онлайн жұмыс істеуге көшті емес пе. Мемлекеттік аппаратқа осыншама көп адамның қажет еместігіне көз жеткізді. Сол себепті сапалы шенеуніктерді қалдырып, іріктеуден өтпегенін босатса, пайдасы әлдеқайда мол болады деп санаймын. Өйткені министрлікте, өкінішке қарай, кейде бір адамның жұмысын үш адам істейді. Біреуді қызметке алу керек болғандықтан, ойдан түрлі позиция ойлап шығарады. Мәселен, көмекшінің көмекшісі деген секілді. Сондықтан мен бұл қысқартуға оң көзбен қараймын", - деді Нұртаза.

Бір жағынан, мемлекеттік аппарат қысқартылып жатса, екінші жағынан, жаңа ведомстволар пайда болуда. Жуырда ғана төтенше жағдайлар министрлігі мен екі агенттік құрылды. Осы орайда қызметкерлер санын қысқарту шаралары қаншалықты тиімді болады деген сұрақ туындайды.

"Ол мәжбүрлік. Төтенше жағдай министрлігі орны бөлек дүние, ол міндетті түрде керек. Бірақ, менің ойымша, оған тек сапалы, бірнеше істі қатар атқара алатын тәжірибелі кадрларды алу керек. Сонда ғана бұл қысқарту шаралары өз тиімділігін көрсетеді", - деді саясаттанушы.

Тағы оқыңыз: Мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жоспары жарияланды

Самат Нұртазаның пікірінше, еңбекқор, ісіне жауапты адамдар қысқартуға ілікпейді, ал қызметке "блатпен" келгендер жылы орнымен қоштасуы бек мүмкін.

"Мысалы, бөлімдегі бес қызметкердің үшеуі аға-көкенің адамдары болса, екеуі кәдімгідей жұмыс істейді. Ертең сол бөлімнің басшысы жұмысшыларын қысқартқан кезде, екі еңбекқор қызметкерін шығарып тастаса, қалған үшеуімен жұмыс жүрмейді. Сондықтан да нағыз маманды, еңбекқор, адал адамды ешкім шығармайды. Егер шығарса, ол бастық ақымақ деген сөз. Жұмысы тоқтап, күні ертең өзі де шығып қалады", - деді сарапшы.

Жалақы кемінде – 250 мың теңге

Самат Нұртазаның айтуынша, қазір мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы тым мардымсыз. Еңбекақыны сөзсіз өсіру керек. Ал айлығы жоғары қызметтен ешкім айырылып қалғысы келмейді.

"Маған салса, жүз пайыз көбейтер едім. Қазір, өкінішке қарай, 80-100 мың теңгеге істеп жатқандар бар. Бұл күлкілі жалақы. Олардың айлығын екі есеге көбейту керек деп ойлаймын. Оның өзі де аз, 160 мың теңге ауылда ақша шығар, ал астана, Алматы сияқты ірі қалаларда ештеңеге жетпейді. Қазіргі бағаммен, менің ойымша, мемлекеттік қызметшінің жалақысы кемінде 500 доллар немесе 250 мың теңге болуы керек", - деген пікір білдірді саясаттанушы.

Ол мемлекеттік қызметте елдің мүддесін ойлайтын, халқына жанашыр, патриот азаматтар ғана істеуі керек деп есептейді. Мемлекет те қол астындағы қызметкерлеріне үнемі қолдау көрсетуі керек.

Мемлекеттік аппаратты қысқарту

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жариялаған  мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқартуды тапсырды. Осыған байланысты биыл мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің саны 10 процентке, ал 2021 жылы тағы 15 процентке қысқартылады. Ал қысқарту есебінен үнемделген қаражат қалған қызметкерлердің еңбекақысын өсіруге жұмсалады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов штат санын оңтайландырудың арқасында төмен буындағы жұмысшылардың жалақысы орта есеппен 15%-ке көтерілетінін мәлімдеген еді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік аппаратты қысқарту кезінде кімді жұмыстан шығаруға болмайтынын да айтты.

Олар:

  • жүкті әйелдер,
  • үш жасқа дейін баласы бар аналар,
  • жалғызбасты аналар,
  • баланы анасыз тәрбиелеп жатқандар,
  • зейнеткерлікке дейін екі жылдан кем уақыт қалған адамдар.
76
Кілт сөздер:
жалақы, жолдау, мемлекеттік қызметкерлер
Тақырып бойынша
Мемлекеттік аппаратты қысқарту: кімді жұмыстан шығаруға болмайды
Қазақстанда сегіз мемлекеттік қызметкер сотталды
Архивтегі фото

Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне төрағалық етеді

50
(Жаңартылды 18:01 24.09.2020)
Қазақстан өз төрағалығы кезінде АӨСШК Даналар кеңесі мен АӨСШК қорын құруға, талдау орталықтарының форумын тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы ретінде қайта қалыптастыруға күш салады

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Алқалы жиын бейнеконференция форматында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Кеңес кезінде АӨСШК төрағалығы Тәжікстаннан Қазақстанға табысталды. Осы орайда министр Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында алғаш рет жариялаған АӨСШК-ті құру туралы идеясын еске алды. Бұл бастама Азиядағы сенімділік пен қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға ықпал етті.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Қазақстанның алдында тұрған басты міндетті атады 

Министрдің айтуынша, Қазақстан өз төрағалығы кезінде АӨСШК Даналар кеңесі мен АӨСШК қорын құруға, сондай-ақ, АӨСШК-тің талдау орталықтарының форумын тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы ретінде қайта қалыптастыруға күш салады. Осы бастамаларды 2019 жылы маусымда Душанбеде өткен саммитте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген. Бұдан бөлек,  басқа да аймақтық ұйымдармен сыртқы байланыстарды кеңейтуге басымдық беріледі.

Министрлердің кездесуінде АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры да сайланды. Бұл қызметке Қазақстанның Аустриядағы елшісі Қайрат Сарыбайдың кандидатурасы бірауыздан мақұлданды.

Айта кетейік, АӨСШК-тің негізгі мақсаты Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиімді және қолайлы құрылымды құруға бағытталған. Қазіргі кезде ұйымға 27 мемлекет кіреді. Бұдан бөлек, 8 мемлекет пен 5 халықаралық ұйым кеңестің жұмысына бақылаушы ретінде қатысады. АӨСШК хатшылығы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

50
Тақырып бойынша
Тоқаев БҰҰ форумында сөз сөйлейді
Қазақстан шекарасын кесіп өту тәртібі өзгерді
Тоқаев Мусинді цифрлық даму министрі қызметіне тағайындады
Диктофон

Релизден бас тарту керек кәсіби PR маманының лайфхактары

0
SputnikPro сарапшысы онлайнды дамыту, ерекшеленуден қорықпау, адамдарға сену – БАҚ-ты алға жылжытудың негізгі ерекшелігі екенін айтады  

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. "Россия сегодня" медиа тобы баспасөз қызметінің жетекшісі Анна Старкова көрші елдердің журналистеріне неліктен релиз жазудан бас тарту керектігін айтып берді.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары іс-шараның ақпараттық серіктесі бола отырып, өзінің логотипін түрлі алаңдарда орналастыратын. Пандемия кезінде жағдай өзгерді. Өзін-өзі таныту үшін медиа топтың баспасөз қызметі ерекше кейстерді ойластыра бастаған.

Сарапшының бірінші ұсынысы: стандартты релиздерді жазу тәжірибесінен бас тарту.

"Адамдармен оларға түсінікті тілде сөйлесу керек. Кері байланыс орната бастасаңыз, ол нарықтың ойыншысы болсаңыз, сізді тыңдайды, сізге келіп, оқи бастайды", - деп санайды Старкова.

Сарапшының келесі кеңесі – бұқаралық ақпарат құралдары онлайнды ғана дамытпау керек.

"Мұны пандемия кезінде істей бастадық. Біз барлығы дерлік интернетті қолданатын әлемде өмір сүріп жатырмыз", - деп атап өтті маман.

Қазір, оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі анонимділік танымал болудан қалып барады.

"Бізді ("РИА Новости" ХАА Телеграм каналы) оқи бастады, өйткені РИА Новости, мысалы, Лукашенконың инаугурациясында не болғанын айтты. Сол кезде ол жаңалыққа айналады, бұл тексерілген ақпарат. Шын мәнінде болған нәрсе, сыбыс емес", - деп атап өтті Старкова.  

Сарапшының тағы бір ұсынысы – ерекшеленуден қорықпау. Баспасөз қызметі пандемия жағдайында "трендтерді қарап, оларды батыл түрде пайдаланған".

"Сізбен бірге жұмыс істейтін адамдарға сенім арту керек, өйткені ең алдымен біреумен араласуың керек. Оларды алға жылжытуың керек, нәтижесінде сіздің брендіңіз алға жылжиды", - деп сендірді Старкова.

Кәсіби PR маманының бесінші кеңесі – дос болу.

"Бұл, шынын айтқанда, ең маңызды кеңес. Басқа ақпарат құралдарымен, баспасөз қызметтерімен, тіпті бәсекелестермен де достасу керек. Кофеге шақырыңыз, бранчи жасаңыз, лайфхактармен бөлісіңіз. Бұл бәріне қатысты", - деп есептейді ол.  

SputnikPro білім беру жобасының жиырма бірінші онлайн-сессиясына Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Абхазия және Осетия БАҚ өкілдері қатысты.

SputnikPro – Sputnik халықаралық ақпарат агенттігі мен радиосының журналист, студент, баспасөз қызметі мен медиа саласында жұмыс істеп жүрген маман иелеріне арналған жоба. Оның мақсаты – тәжірибе алмасу әрі медиа саласында кәсіби байланысты нығайту.

0