Саясат

Қазақстан Ресей және Өзбекстанмен шекараны демаркациялап жатыр   

© Sputnik / Тимур БатыршинӘскери қызметкерлер, архивтегі сурет
Әскери қызметкерлер, архивтегі сурет  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Өзбекстанмен арадағы келісім дайын, ал Ресей федерациясымен мемлекеттік шекараны демаркациялау аяқталуға жақын   

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Ресей және Өзбекстанмен шекараны демаркациялау шаралары жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Қазақстан барлық көрші мемлекетпен мемлекеттік шекарасын делимитациялап алған.

"Қытай Халық Республикасымен, Қырғызстанмен, Түрікменстанмен демаркациялау шаралары аяқталды. Бұдан бөлек, Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан шекарасымен түйісетін жер бойынша арнайы келісім бар. Қазіргі кезде Өзбекстан республикасымен, сондай-ақ, Ресей федерациясымен мемлекеттік шекараны демаркациялау аяқталуға жақын. Аталған шаралар осы жылы, я болмаса, келесі аяқталады деген болжам бар", - деді Ділманов журналистерге берген сұхбатында.

Шекара қызметінің бастығы көрші екі мемлекетпен шекараны демаркациялаудың мән-жайын да түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, Өзбекстанмен арадағы келісім дайын. Ал Ресеймен соңғы учаскені демаркациялау жұмыстары ғана қалды.

"Негізі Өзбекстанмен барлық мәселе шешілді. Қазіргі кезде екі жақ құжат мәтінін тексеріп жатыр. Осы жұмыстан кейін қол қойылады. Ал Ресеймен соңғы учаске – Шығыс Қазақстан облысы ғана қалды. Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарының бойымен шекара бекітілген. Арнайы белгілер де орнатылды", - деп атап көрсетті Ділманов.

Ол Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыстардың неліктен кешеуілдеп жатқанын да түсіндіре кетті.

"Енді ол жақта қалың орман көп қой. Ондайда алдымен ағаштарды кеседі, одан кейін шекара белгілерін орнатады. Осыған байланысты жұмыс сәл-пәл созылып кетті", - деп атап көрсетті Ділманов.

Айта кетейік, делимитация – шекараны сызу, ал демаркация – арнайы белгілер орнату.

Жаңалықтар
0