Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Кой-Таш ауылында

Екі күндік операция: Атамбаев қалай ұсталды?

3017
(Жаңартылды 00:46 11.08.2019)
Экс-президенттің жақтастары мен арнайы жасақтың қақтығысынан 98 адам зардап шекті

НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 8 тамыз күні кешке ұсталды. Енді ол 26 тамызға дейін тергеу абақтысында қамауда болады. Sputnik Қазақстан екі күнге созылған арнайы операцияға шолу жасады.

Атамбаевты ұстау операциясы: бірінші күн

7 тамыз күні кешке Атамбаевтың Кой-Таш ауылындағы үйіне шабуыл жасалды. Экс-президенттің резиденциясы орналасқан ауыл Бішкектен 20 шақырым қашықтықта. Атамбаевты ұстау операциясын елдің мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы жүргізген. Олар саясаткердің үйінің ауласына баса-көктеп кіріп, резеңке оқпен ата бастаған. Алайда жергілікті халық пен жақтастарының тегеурінді қарсылығына тап болды.

Шабуыл жасалған кезде экс-президент үйде болыпты. Оған әлеуметтік желіде жарияланған видео дәлел.

Күш құрылымдарының әрекетіне жауап ретінде Атамбаевтың жақтастары үйге кіріп, арнайы жасақ сарбаздарын кепілге алды. Артынша атыс басталды.

Үй аумағына жиналған ауыл тұрғындары мен Атамбаевтың жақтастары сарбаздарға тас лақтырып, жағдай шиеленісе түсті.

Sputnik Қырғызстан журналистері шабуылдан кейінгі алғашқы минуттарда Алмазбек Атамбаевтың үйінде болып, видео түсірген болатын.

Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы жасақ сарбаздарының тек резеңке оқ қолданғанын мәлімдеді. Ал Атамбаевтың жақтастары атыс қаруынан оқ жаудырған көрінеді. Кейінірек Кой-Таш ауылының аумағынан 300 дана атыс қаруы табылды.

Мыңға жуық милиция қызметкері экс-президенттің үйіне жақындай алмады, оларға саясаткердің жақтастары тосқауыл болған.

Осылайша бірінші күні Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы сәтсіз аяқталды. Таңға қарай жүздеген милиционер Кой-Таш ауылынан кетті.

Тағы оқыңыз: Қуғынға ұшыраған президенттер: Атамбаевқа дейінгі басшылар қайда жүр?

Елдегі дүрбелеңнен кейін, оқиға орнынан трансляция жүргізіп жатқан "Апрел" мен НТС цифрлық телеарналары хабар таратуын тоқтатты. Кешке таман ауыл аумағында ұялы байланыс та нашарлаған.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 5 тамызда бір апталық демалысқа шыққан болатын. Алайда елдегі жағдайдан кейін демалысын тоқтатып, Бішкекке оралды.

Екінші күн

Бұрынғы мемлекет басшысын ұстау операциясы екінші күні де жалғасты. 8 тамыз сағат он бірлер шамасында Атамбаевтың үйінің маңында 300-ге жуық адам болған.

Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков таңертең Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Отырысқа БАҚ өкілдері шақырылған жоқ.

Елдегі ахуалға қарамастан шекарадағы өткізу пунктері штатты режимде жұмыс істеді.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Қырғызстан президентімен телефон арқылы сөйлесті

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Атамбаевтың заң аясында тергеу шараларын жүргізуге қарулы қарсылық көрсетіп, Қырғызстанның Конституциясы мен заңдарын өрескел бұзғанын атап өтті. Сондай-ақ, Атамбаевтың енді куәгер емес, күдікті екенін ашық айтты.

Атамбаевтың жақтастары кепілге алған арнайы жасақ сарбаздары бейнеүндеу жолдады. Экс-президенттің үйінде алты бірдей сарбаз тұтқында болған.

Көп ұзамай саясаткердің өзі де мәлімдеме жасады.

"Күш құрылымдарына үндеу жасаймын: өз халқыңа оқ атпа, мұның бәрі сендерге жақсылық әкелмейді", - деді Қырғызстанның экс-басшысы.

Атамбаев өз үндеуінде көптеген жазықсыз адамның зардап шеккеніне өкініш білдірді.

Сағат 14:00-де Жогорку Кенештің кезектен тыс сессиясы өтті. Сессияға президент Жээнбеков те қатысты. Ол мінберге шығып, сөз сөйледі.

Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Орозбек Опумбаев сәтсіз операциядан кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді. Тіпті президентке өтініш жазып қойғанын да айтты. Алайда Сооронбай Жээнбеков комитет басшысының отставкасын қабылдаған жоқ.

Тағы оқыңыз: Қырғызстандағы дүрбелең: Атамбаевқа қандай айып тағылып отыр?

Түстен кейін Кой-Таш ауылына 200-ге жуық милиционер тартылды.  Атамбаев жақтастарының саны олардан екі есеге артық болды.

Осыдан кейін екі жақтың арасында тағы да қақтығыс басталды. Тәртіп сақшыларына тас пен Молотов коктейлі лақтырылды. Ал милиция жарық-дыбыстық граната қолданған. Бұдан соң, Атамбаевтың жақтастарының күші кем түсе бастады.

Арнайы жасақ Кой-Таш ауылына апаратын жолды жауып тастады.

Кешкі алтылар шамасында күш құрылымдары су шашатын көлікпен Атамбаевтың үйінің қақпасын бұзып кірді. Артынша атыс басталды.

Жеті жарымдар шамасында Алмазбек Атамбаевтың ұсталғаны белгілі болды.

Атамбаев ұсталғаннан кейін саясаткердің жақтастары Бішкектегі Ала-Тоо алаңына жиналды. Митингке 300-ге тарта адам шыққан.

Алайда милиция қызметкерлері наразылық шеруіне шыққандарды күшпен таратты. Экс-президенттің жақтастары да қарап тұрмады, тәртіп сақшыларына тас лақтырып, қарсылық көрсетті.

Шабуыл кезінде қанша адам зардап шекті

Соңғы деректерге сүйенсек, екі күнге созылған қақтығыстан 98 адам зардап шеккен, арнайы жасақтың бір сарбазына оқ тиіп, көз жұмды.

Қазір Атамбаев қайда?

Алмазбек Атамбаев ұсталғаннан кейін Қырғызстанның ішкі істер министрлігіне жеткізілді.

Экс-президент 26 тамызға дейін мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Саясаткерге Қылмыстық кодекстің 319-бабы "Жемқорлық" бойынша айып тағылып отыр.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @bespredelKG телеграм (@bezpredelkg)

Әлеуметтік желіде Алмазбек Атамбаевтың қылмыстық істі тергеу барысында түсірілген фотосы тарады.

Бәрі неден басталды?

Қырғызстан ІІМ Алмазбек Атамбаевты қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевтың ісі бойынша куәгер ретінде үш рет жауап алуға шақырған болатын. Бірақ ол бірде біреуіне барған жоқ. Осыдан кейін күш құрылымдары экс-президентті күшпен әкелуге бел буды.

Атамбаев Батукаевты заңсыз босатуға қатысты деген күдікке ілінді. Батукаев 2006 жылы 16 жыл және 8 айға бас бостандығынан айырылған еді. 2013 жылы "ауыр дертке" байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босап, Қырғызстаннан кетті.

Тағы оқыңыз: Медведев Атамбаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Қазір Батукаев, ІІМ мәліметінше, қару сақтағаны үшін Шешенстанда жазасын өтеп жатыр. Ішкі істер министрлігі Батукаевтың жалған диагноз қою арқылы Атамбаевтың тікелей нұсқауымен босатылғанын мәлімдеді.

Атамбаев экс-президент мәртебесінен қалай айырылды

Осы жылдың 13 маусымында қырғыз парламенті арнайы комиссия құрды. Комиссия экс-президенттің алты бірдей қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген қорытынды шығарды. 20 маусымда Жогорку Кенеш бұл қорытындыны мақұлдап, бас прокуратураға жолдады. Елдің қадағалау органы алты фактінің бесеуі бойынша Атамбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғауға негіз бар екенін мәлімдеді. Олардың арасында қылмыс әлемінің серкесі Батукаевтың ісі де бар.

27 маусымда Жогорку Кенеш Алмазбек Атамбаевты экс-президент мәртебесі мен жеке басына тиіспеушілік құқығынан айырды.

3017
Кілт сөздер:
Ішкі істер министрлігі, ұстау, Сооронбай Жээнбеков, арнайы операция, Қырғызстан, Алмазбек Атамбаев
Тақырып:
Атамбаевты ұстау операциясы (17)
Загрузка...