Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан президенті ЕАЭО үшін жаңа міндеттерді атады

54
Тоқаев ЕАЭО елдері интеграциялық процестерді жетілдіру үшін қандай қадамдар жасауы керек екенін айтты  

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың табысты жұмыс істеуі мен дамуына мүмкіндік беретін алты міндетті атады.

Бұл ЕАЭО-ға мүше елдердің тұрақты экономикалық өсуін қолдау, ЕАЭО шеңберіндегі кедергілер мен шектеулерді жою, ЕАЭО сотының жұмысын жетілдіру, транзиттік әлеуетті дамыту, цифрландыру, халықаралық ұйымдармен және үшінші елдермен ынтымақтастық.

ЕАЭО сотының рөлін күшейту

Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың соты өз миссиясын толығымен орындап, тәуелсіз орган ретінде өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыруы тиіс екенін атап өтті.

Оның орнына қазір қабылданатын шешімдер консультативтік сипатқа ие. Тараптар әрдайым Еуразиялық соттың қорытындысымен келісе бермейді.

"Қазіргі тәжірибені талдап, Жоғарғы Кеңестің отырыстарының бірінде ЕАЭО сотының рөлін күшейту жөніндегі ұсыныстарды енгізу керек деп санаймын", - деді Тоқаев Ереванда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде.

ЕАЭО көлік-логистикалық әлеуеттің дамуын тежеуде

ЕАЭО жаһандық нарықтардың тоғысында тұр, оның әлеуеті зор, деп мәлімдеді Қазақстан президенті.

"Бүгінгі таңда одақ шығыс пен батысты байланыстыратын көлік торабы қызметін атқаруда. Оны дұрыс пайдалану керек", - деп атап өтті Тоқаев.

Қолда бар мүмкіндіктерге қарамастан, одақ аумағында қарсы санкциялар қолданылатын тауарларға қатысты қиындықтар әлі де бар.

"Мұның бәрі біздің елдеріміздің бір-бірімен және үшінші елдермен ынтымақтастығына теріс әсер етуде. Әзірленіп жатқан транзит жүйесі Одақ аумағы арқылы кедергісіз транзит үшін жағдай жасауға және кедендік рәсімдерді жеделдетуге мүмкіндік береді. ЕЭК және біздің үкіметтеріміз ЕАЭО бірыңғай көлік жүйесін әзірлеуді жеделдетуі керек", - деді Қазақстан президенті.

Цифрландыру – объективті қажеттілік

Қазақстан президенті озық технологияларды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ерекше назар аударуды ұсынады.

"Табысты экономиканың негізі – өндірістің озық әдістерін игеруге мен бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ықпал ететін ғылымды қажет ететін технологиялар. Сондықтан біздің елдеріміздің экономикаларын цифрландыру басымдыққа ие болуы керек", - деді Тоқаев.

Ол Қазақстан big data және жасанды интеллектіге баса назар аудара отырып, "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын іске асыруға кіріскенін еске салды.

"Бұл объективті қажеттілік. 2017 жылы ЕАЭО-да цифрлық күн тәртібі қабылданды, осы салаларда бірқатар бірлескен заманауи жоба жүзеге асырылуда. Жұмысты жалғастыру қажет", - деді Тоқаев.

Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту

Ереванда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО-ның 2020 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары бекітілді.

"ЕАЭО бүгінде жаһандық ауқымдағы беделді қауымдастыққа айналды", - деді Тоқаев.

Отырыс барысында сондай-ақ Сингапурмен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды.

"Бұл Вьетнаммен бірге біздің одақпен келісім жасасқан екінші ел", - деді ол.

Тоқаевтың пікірінше, Иранмен сауда-экономикалық және логистикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды мәселе болып табылады.

"Біз ирандық серіктестерімізбен бірге 2019 жылдың 27 қазанында күшіне енетін Иранмен еркін сауда туралы уақытша келісімнің әлеуетін толық іске асыра аламыз", - деп еске түсірді Тоқаев.

Сөз соңында ол жаңа серіктестермен сауда-экономикалық қатынастарды дамыту бойынша жұмысты жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.  

54
Тақырып бойынша
Фотодерек: Тоқаев пен ЕАЭО елдерінің басшылары Ереванда селфи жасады
Тоқаевтың Арменияға не үшін барғаны белгілі болды   
Тоқаев Мамин мен Назарбаеваны Ақордаға шақырды
"Өзіңізге ыңғайлы уақытта күтеміз" Тоқаев Сингапур премьерімен кездесті
Тоқаев Қазақстанның экономикасына алаңдаушылық білдірді  
Загрузка...