Саясат

Назарбаевтың неліктен Ресей мен Украинаны татуластырғысы келетіні айтылды

Жазылу
Сарапшы Қазақстан посткеңестік кеңістікте және жалпы халықаралық аренада айтарлықтай маңызды бітімгершілік рөл атқаратынын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты Талдау орталығының директоры, саяси ғылымдар докторы Андрей Казанцевтің пайымдауынша, Нұрсұлтан Назарбаев табысты халықаралық бітімші ретінде танымал болғандықтан, Ресей мен Украина президенттерінің Қазақстандағы келіссөздері оң нәтиже беруі мүмкін.

Сарапшының пікірінше, посткеңестік кеңістікте және жалпы халықаралық аренада Қазақстан айтарлықтай маңызды делдалдық және бітімгершілік рөл атқарады.

"Қазақстан түріктер ресейлік ұшақты атып түсіріп, екі ел қақтығысқан кезде Ресей мен Түркияның татуласуына өз үлесін қосты. Астана процесі Сириядағы бейбітшілікке ықпал етуде. Жалпы алғанда, ол Азия өңіріндегі интеграцияны жолға қою үшін көп нәрсе істеуде. Ол бір кездері ЕҚЫҰ-да төраға болды, тіпті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін басқарды", - деп еске алды Андрей Казанцев Sputnik Қазақстан-ға берген сұхбатында. 

Сарапшы Қазақстанда Владимир Путин мен Владимир Зеленскийге келіссөздер өткізуді ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевтың мақсатын түсіну өте оңай екенін атап өтті.

Біріншіден, ол екі бауырлас ел арасында оң қарым-қатынас орнатқысы келеді. Екіншіден, еуразиялық интеграцияның бастамашысы ретінде Назарбаев ТМД елдері мен посткеңестік кеңістіктегі республикалар арасындағы оң қатынастардың дамуы ынтымақтастықтың, оның ішінде сауда-саттықтың өсуіне ықпал ететіндігін түсінеді.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті қалай шешіп жатқанын айтып берген болатын. Елбасының пікірінше, Ресей мен Украина президенттерінің жеке кездесуін ұйымдастыру қажет, ал ол кездесуді Қазақстанда өткізуге болады.

Толығырақ: "Болар іс болды". Назарбаев Путинмен не жайлы сөйлескені белгілі болды

Жаңалықтар
0