Қазақстан мен Қытай тулары

Министр Қытаймен жүргізіліп жатқан келіссөздер туралы ойын айтты

1168
Қазақстан мен Қытай 2015 жылдан бері трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жүргізіп келеді. Мағзұм Мырзағалиев келіссөздердің оңай емес екенін мойындады

НҰР-СҰЛТАН, 21 қараша – Sputnik. Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендерге қатысты келіссөздер 2015 жылдан бері жалғасып келеді. Төрт жыл ішінде Қытаймен құжаттың тек 25 проценті келісілген. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенаттың жалпы отырысында "Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды. Хаттама Орхус конвенциясының бір бөлігі болып табылады.

Сұрақ-жауап барысында сенатор Нұртөре Жүсіп трансшекаралық өзендер мәселесін көтерді.

"Орхус конвенциясына Ресей, Өзбекстан және Қытай қол қоймаған. Қазақстанның трансшекаралық өзендерінің барлығының бастауы осы мемлекеттерден басталады. Олар қол қоймаған жағдайда, Қазақстанның әрекеті қандай болады?", - деп сұрады депутат министрден.

Мырзағалиевтің айтуынша, трансшекаралық өзендер бойынша көрші елдермен екіжақты қарым-қатынаста жұмыс жүргізіліп келеді.

"Трансшекаралық өзендер бойынша Қытаймен 2015 жылдан бері келіссөз жүргізіп келеміз. Яғни, өзен ағынын бөлу және бірлескен режим таңдау мәселесі. Бір айта кететін жайт, Қытаймен төрт жылдың ішінде құжаттың тек 25 проценті ғана келісілді. Келіссөздер оңай емес. Дегенмен, Қытай трансшекаралық өзендер мәселесін тек бізбен ғана талқылап жатыр. Бұл Елбасы мен Қытай басшылығы қол жеткізген келісімшарт аясында жүзеге асуда", - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, жуырда Ресей тарапымен де Жайық мәселесі бойынша келіссөздер басталғанын атап өтті. Келесі жылы бірлескен зерттеулер жүргізіледі.

"Осы көрші үш елмен заңнамалық негіз бар", - деді министр.

Сенат депутаттары заң жобасын бірауыздан қабылдады. Құжат халықты қоршаған ортаның жай-күйі туралы дер кезінде хабардар етуге мүмкіндік береді.

Тағы оқыңыз: Қытай азаматтарының Қазақстандағы заңсыз әрекеті әшкере болды

"AirKz" мобильдік қосымшасы іске қосылып, облыс әкімдіктері жұртшылықты ақпараттандыру үшін LED-экрандар орнату бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осы LED-экрандарда ауаның сапасы туралы мәлімет беріледі.

Қазір елімізде бірінші санаттағы ластауыш болып саналатын 2200 ірі кәсіпорын бар. Енді осы конвенцияға сәйкес, қазақстандықтар арнайы әзірленген веб-сайт арқылы 24 сағат бойы кез келген кәсіпорынның мәліметтерін қарай алады.

2018 жылы Қазақстанда ластауыш заттардың жалпы көлемі 2,5 миллион тоннаны құраған.

1168
Кілт сөздер:
келіссөздер, Қытай, министр
Тақырып бойынша
"Сондай күлкілі": Қытай елшісі Жаңаөзендегі митинг жайлы не ойлайтынын ашық айтты
Алматы облысындағы төбелестен кейін 70 Қытай азаматы елден шығарылды
Шетелдік жұмысшылар астанада төбелес шығарды
Қытай азаматтарының Қазақстандағы заңсыз әрекеті әшкере болды
Қазақ-қырғыз шекарасынан өту жеңілдей түседі
Загрузка...