Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев жаңа жолдау не туралы болатынын айтты

11961
(Жаңартылды 19:52 23.07.2020)
Мамин президентке шектеу шаралары кезінде кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, жұмыспен қамту және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер жөнінде айтты

НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрмен кездесуде жаңа жолдау не туралы болатынын айтты. 

Президенттің айтуынша, пандемия кезінде және одан кейінгі уақытта үкімет алдында экономиканың жоспарлы дамуы мен азаматтардың әлеуметтік қажеттілігін қамтамасыз ету міндеті тұр.

"Қазіргі уақытта жаңа экономикалық бағытты әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол алдағы жолдаудың негізгі бөлігін құрайтын болады", - деді Тоқаев.

Үкімет басшысы Тоқаевқа барлық өңірлердегі тұрақтандыру қоры қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылғанын айтты. Ауруханаларды өкпені жасанды желдету және оттегі концентраторларымен қамтамасыз ету жұмысы жүріп жатқанын жеткізді.

"Еліміздегі коронавирус жұқтырғандардың саны 2,1 пайызға төмендеді. Ауруханалардағы індетке шалдыққан азаматтарға арналған жалпы төсек-орын 30,4 мыңнан 49,7 мыңға дейін көбейді. Соның есебінен реанимациядағы орындарға қажеттілік 12 процентке, станционарда 25 процентке азайды", - деді премьер-министр.

Токаев принял Мамина
© Официальный сайт Президента РК / AMAN
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады

Сондай-ақ, ол COVID-19 індетінен жазылып шыққандар 63%-ке артып, жедел жәрдем шақыртушылар саны 31%-ке төмендегенін айтты.

Асқар Мамин президентке шектеу шаралары кезінде кәсіпкерлік субъектілерін қолдау, жұмыспен қамту және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер жөнінде есеп берді.

11961
Кілт сөздер:
Қазақстан халқына арналған Жолдау, Асқар Мамин, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (1393)
Тақырып бойынша
Абаев Тоқаев қандай мәселені мұқият зерттеп жатқанын айтып берді
"Тоқтамай тұр": Тоқаев маңызды мәселе туралы айтты
Тоқаев: ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс
"Ешқандай қисынға сай келмейді": Тоқаев үкіметке бірнеше тапсырма берді
Тоқаев тағы бір кеңесшісін қызметінен босатты
Нұрсұлтан Назарбаев

Назарбаев Маминмен кездесіп, қазіргі жағдайдағы басты міндетті атады

3981
(Жаңартылды 21:07 13.08.2020)
Елбасы Қазақстанда бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар қазіргі дағдарыстың ұлттық экономикаға  теріс әсерін азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз — Sputnik. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев премьер-Министр Асқар Маминмен кездесті. Кездесу барысында биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық даму нәтижелері мен пандемиядан кейінгі кезеңге арналған жұмыс жоспары талқыланды, деп хабарлады Elbasy.kz.

"Біз тәуелсіздік жылдарындағы ең күрделі кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Осы уақыт ішінде талай дағдарысты еңсердік. Қазіргі қиындық әлемнің бүкіл елін қамтып отыр. Барлық жерде жұмыссыздықтың көбеюі байқалуда, бизнес қиындыққа тап болып, мемлекеттер арасындағы сауда-саттық деңгейі төмендеді. Алайда бұған дейін  қабылданған шаралар дағдарыстың экономикамызға әсерін азайтуға көмектесті. Біздің экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі басқа елдермен салыстырғанда үш есе аз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Премьер-министрдің ақпаратына сәйкес,  жыл басынан бері экономиканың машина жасау, өңдеу және тау-кен өндірісі, құрылыс, басқа да негізгі салаларындағы  көрсеткіштер оң қарқын алған.

Елбасы Қазақстанда бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар қазіргі дағдарыстың ұлттық экономикаға  теріс әсерін азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Ол күрделі кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау бағытында  отандық бизнестің белсенділігі жоғары екенін атап өтті.

"Ірі бизнес жұмыс орындарын сақтап қалуға көмектесті, халықтың әлсіз топтарын қолдауға қаражат бөлді, сондай-ақ "Біз біргеміз" бастамасын ілгерілетуге үлесін қосты. Мен барлық бизнес өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Birgemiz қоры арқылы біз 2,3 миллион қазақстандыққа қолдау көрсете алдық, – деді Елбасы.

Назарбаев қандай тапсырма берді

Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық өсім мәселесін қарастырып, отандық бизнесті жандандыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту қажеттігін атап өтті. Үкімет экономиканың түрлі саласындағы өсімді қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауы керек екендігі айтылды.

"Қазіргі уақытта сарапшылар экономикалық дағдарыс пен пандемияның екінші толқыны келетінін болжауда. Мамандар бұл мәселені мұқият зерттеп, осы жағдайға арнаулы бағдарлама әзірлеуі керек. Жаңа тәсілдер мен тиісті шаралар қажет", – деді Қазақстанның тұңғыш Ппрезиденті.

Сонымен қатар Елбасы коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мәселесіне тоқталды.

"Қауіпті дертті жұқтырып алмау адамның өзіне және тәртібіне байланысты екенін түсіндірген мемлекеттер ұтылған жоқ. Кейбір елдерде карантин шаралары қабылданбады, өйткені адамдар сақтық шараларын сақтап, мамандардың талабын орындады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның тұңғыш президенті геосаяси қақтығыстар мен қарама-қайшылықтар өршіп тұрған жағдайда Қазақстан қоғамының бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

"Біздің басты міндетіміз – дағдарысқа қарамай, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ішкі тұрақтылықты сақтауымыз керек. Қоғам тұтастығы мен саяси тұрақтылық – біздің алға жылжуымыздың негізі екенін жұртшылық естен шығармағаны жөн", – деді Елбасы.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономикалық дағдарыстардан өтуде Қазақстанның мол тәжірибесі, сондай-ақ экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

3981
Қазақстан темір жолы ҰК АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев

Президент Сауат Мыңбаевты неге шақырды?

2031
"Қазақстан темір жолының" басшысы пандемия салдарынан жолаушылар тасымалының көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайғанын атап өтті  

АЛМАТЫ, 12 тамыз – Sputnik. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі біршама өсті. Бұл жайында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарлады, деп жазды Ақорда сайты.

Басқарма төрағасының айтуынша, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында жүк айналымы өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға артқан.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Есімовті Ақордада қабылдады 

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі біршама өскен. Соған сәйкес мемлекетаралық бекеттегі өткізу қабілетін арттыру шаралары қабылданады.

Сауат Мыңбаев пандемияның жолаушылар тасымалына әсер еткенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда жолаушылар тасымалының көлемі екі есеге азайған. Соған қарамастан компания жолаушыларға қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізіп, жолаушылар вагондарының паркін жаңартып жатыр.

Кездесу соңында президент басқарма төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді.

2031
Кілт сөздер:
теміржол, Сауат Мыңбаев
Тақырып бойынша
Тоқаев теңге бағамына қатысты бірқатар тапсырма берді
Құлыбаев Тоқаевқа бизнестің карантиннен зардап шеккен салалары туралы айтты
Ақорда президент қол қойған заң жарлығын жариялады
Тоқаев есеп комитетінің жүргізіп отырған жұмысына қатысты пікір білдірді
Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл: композитордың өмірі жайлы қызықты деректер

0
Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15  тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасы төренің қызы  – Сақыпжамал. Әкесі дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деген екен. Бір күндері түсінде ұлының айдын көлден аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыпты.

Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.

"Ежелгі заманда Жәмшид деген патша болған деседі. Патшаның ерекше айнасы болған екен. Сол арқылы бүкіл әлемді көре алған. Кейін келе қазақтар осы есімді өз ұлдарына берген. Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі де Жәмшид болған. Фамилиясы да Қалдаяқов емес, басқа болған. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған. Ол кісінің аяғында қал болса керек. Содан Қалдыаяқов болып кеткен", - дейді есімтанушы Бердалы Оспан.

Шәмшінің анасы Естайдың "Құсни Қорлан" әнін ерекше ұнатып орындаған.

"Менің дауысым жоқ дейтін. Осы әнге ғана дауысым жетеді деп отырыс-жиындарда "Қорлан" әнін салушы еді",  - дейді Шәмші Қалдаяқовтың келіні Аманкүл Төрегелдиева естелігінде.

Шәмші Қалдаяқовтың өнер жолы

Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етті. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды.

"Әскери қызметте жүргенде 50 градус аязда ащы суды ішуді үйреніп кеттім. 1973 жылы ақпанда арақты қойдым" дейді Шәмшінің өзі. Оған біреулер сенеді, біреу сенбейді, бірақ шындық – сол. Одан кейін татып алған емес", - дейді Шәмшінің досы Еркінбай Әлімқұлов.

Ал Шәмшінің інісі Қадір Қалдаяқовтың айтуынша, әскерден келген соң Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған.

Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданды. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады.Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді.

"Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым", - дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.

1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді.

Екі мыңнан аса хат келді

Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.

"Арыс жағасында" әні бір жылдары радиодан беруге тыйым салынған. Бұрынғы әндеріне иірімдері ұқсайды деген желеумен көркемдік кеңестен өтпей қалады. Дегенмен сол кезде "Қазақ радиосының" музыкалық редакциясында жұмыс істейтін Нұрғали Нүсіпжановқа, Ескендір Хасанғалиевқа бұл ән ұнап қалады. Тәуекелге бел айлап, екеуі әнді жазуға кіріседі.

"Дыбыс режиссері шақырып алып, мына әнді өзіміз үшін жазып қояйық деген ой болды. Әнді жазып жатқанда, дауысын естіп қалып, есікті ашып, бірлі-жарым кісілер әннің тамаша екенін айтумен болды. Біз үндемей отырдық, себебі тәртіп қатаң болатын. Көркемдік кеңестен өтпеген ән эфирге жақындамауы керек", - дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

Жазылып, дайын тұрған лирикалық ән байқаусызда радиодан беріліп кетеді.

"Ескендірге шаруамыз бітті, тәртіп бұздық, енді жұмыстан шығамыз деп айттым. Аптаның аяғында екі мыңнан аса елден хат келді. Әннің тамаша екенін айтып, жылы лебіздерін жазыпты, - деп еске алады Нүсіпжанов.

Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.

Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы "Менің Қазақстаным" әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

"Ол тұс – Ақмоланы "Целиноград" атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. "Менің Қазақстаным" солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді", - дейді Шәмші Қалдаяқов естелігінде.

Отбасы туралы не білеміз

Шәмші Қалдаяқов жары Жәмиләмен 31 жасында отау құрады. Бұған сол кезде студенттік қауымды селт еткізген Шыңғыс Айтматовтың "Жәмилә" повесі себеп болыпты.

"Шәкең бойжеткеннің есімін сұрайды. Ол Жәмилә десе, өзінің Шәмші Қалдаяқов деген композитор екенін айтады. "Құдай куә, Жәмилә деген қыз кездессе, үйленемін деген уәдем бар еді. Қарсы болмасаңыз, бас қосайық. Отбасын құрайық деген", - деп еске алды композитордың досы Еркінбай Әлімқұлов.

Осылайша Шәмші мен Жәмиләнің шаңырағында екі ұл дүниеге келді: Әбілқасым және Мұхтар.

"Әкем қазақтың табиғатына жақын әндерді жазғандықтан халық жүрегінен орын алды. Ол – өте мейірімді, ақкөңіл болатын. Айналасындағы адамдарға үнемі қол ұшын беруге асықты. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, кеңпейіл жан еді. Қыста ешқайда шықпайтын, үйде отыратын. Ал көктем шыға салысымен, туған-туыс, достарын аралап кететін", - деп еске алады ұлы Мұхтар Қалдаяқов.

Шәмші Қалдаяқов жан досы Төлеген Айбергенов дүниеден өткен соң ақынның жары Үрнисаға үйленеді. Ақынның артында қалған шиіттей бес баланы қамқорлығына алады. Алайда Шәмшінің бұл әрекеті көпшілікке ұнамай, достары да теріс айналған.

"Шәмші Қалдаяқов әкемнің жақсы жолдасы болған. Бізді жетілдіремін, жеткіземін деп анама үйленді. Екеуі көп тұрмаған. Шамамен екі жыл тұрған", - дейді Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова.

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға "Қазақстанның Халық әртісі" атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90  жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.

0
Кілт сөздер:
композитор, Шәмші Қалдаяқов
Тақырып бойынша
Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Абай Құнанбайұлы ұрпағының шежіресі
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер