Президент Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Бекназаровтың өкілеттігін тоқтатты

5492
Бектас Бекназаров 2014 жылдан бері сенат депутаты, төрт жыл бойы сенат төрағасының орынбасары қызметін атқарды

НҰР-СҰЛТАН, 28 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сенатор Бектас Бекназаровтың өкілеттігін тоқтатты, деп хабарлайды Ақорда.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаты Бектас Әбдіханұлы Бекназаровтың өкілеттігі тоқтатылды", - делінген хабарламада.

Бұған дейін президент мәжіліс депутаты болған Нұрлан Әбдіровті сенатор етіп тағайындады.

Бектас Бекназаровтың өмірбаяны

Бектас Бекназаров 1956 жылы 12 қыркүйекте туған.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Заң ғылымының кандидаты. Кандидаттық диссертациясын 2004 жылы Ресейде Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде қорғады.

Әртүрлі жылдары Жамбыл облыстық сотында қызмет етті. Жезқазған облыстық сотының төрағасы болды, әділет министрлігінің департаментін басқарды.

  • 2000 – 2002 жылдары - Жоғарғы сот судьясы;
  • 2002 – 2006 жылдары - Атырау облыстық сотының төрағасы;
  • 2006 – 2009 жылдары - Алматы қаласындағы мамандандырылған қаржылық сотының төрағасы;
  • 2009-2011 жылдары - Ақтөбе облыстық сотының төрағасы;
  • 2011- 2013 жылдары - Жоғарғы сот төрағасы;
  • 2013 – 2014 жылдары - Қазақстан Жоғары сот кеңесінің төрағасы;
  • 2014 жылы 11 тамыздан – парламент сенатының депутаты. Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен тағайындалған;
  • 2016 жылдың 16 қыркүйегінен бері сенат төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

III дәрежелі "Барыс", "Парасат" ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған.

"Құрметті судья", "Қазақстан Республикасының құрметті заңгері" атағы берілген. "Үш би" белгісінің иегері.

Үйленген, үш баласы бар.

5492
Кілт сөздер:
депутат, Сенат, Қасым-Жомарт Тоқаев
Қарағанды қаласы

Президент Қарағанды облысының әкіміне тапсырма берді

1
Жеңіс Қасымбек президентке жыл басынан бергі аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп берді

АЛМАТЫ, 22 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Жеңіс Қасымбек президентке жыл басынан бергі аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп берді.

"Облыс әкімі қайта өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, ауылшаруашылығы өндірісіндегі оң өзгеріс, астық жинау науқаны туралы баяндады. Аймақтың жылыту маусымына дайындығы және жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру барысы, тұрғын үй және инфрақұрылымдық құрылыс туралы ақпарат берді ", - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар кездесу барысында президентке облыстағы коронавирус індетінің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шаралары, пандемияның болуы ықтимал екінші толқынына дайындық жағдайы, медициналық инфрақұрылымдар мен дәрігерлерді даярлау жұмыстары туралы баяндалды.

Оқи отырыңыз: Тоқаевтың жарлығы қоғамдық талқылауға шығарылды 

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірге инвестиция тарту және басқа да аймақты дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.

1
Кілт сөздер:
Жеңіс Қасымбек, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып бойынша
Тоқаев Шығыс Қазақстанға не үшін баратынын айтты
Тоқаев Көлгіновтің есебін тыңдап, бірқатар тапсырма берді
Тоқаевтың тапсырмасы: облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі отставкаға кетті
Ауыл әкімдерін халық сайлайды – Тоқаев
Сапарбаев президентке Қордайдағы жағдайды баяндап берді
Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясында әлемге төнген жаңа қауіпті атады

1032
(Жаңартылды 09:40 22.09.2020)
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ны шын мәнінде бірден-бір әмбебап әрі баламасы жоқ халықаралық өкілетті ұйым деп есептейтінін білдірді

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған жоғары деңгейдегі іс-шарада бейне үндеу жасады. Президент өз сөзінде Қазақстанның БҰҰ миссиясы мен Жарғысын берік ұстанатынын атап өтіп, еліміз тұрақты, әділетті және өркендеген әлем құру жолындағы ортақ міндетті жүзеге асыруға белсенді атсалысатынын айтты, деп хабарлайды Ақорда.

БҰҰ-ның тарихи мерейтойлық сессиясы аясында мемлекет басшылары сөз сөйлейтін жоғары деңгейдегі кездесулер апталығы басталды. COVID-19 пандемиясы кезіндегі сөздер виртуалды форматта бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларымен ұйымдастырылды.

Қазақстан президенті ағылшын тілінде екі бейне хабарлама жасады. Біріншісі БҰҰ-ның 75 жылдығына арналған.

"Адамзат жылнамасындағы ең жойқын Дүниежүзілік соғыстан кейін 1945 жылдың маусым айында мүлдем жаңа Ұйымның құрылуы – баршамыз үшін айтулы әрі тарихи оқиға. Даг Хаммаршельдтің Біріккен Ұлттар Ұйымы "бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құтқару үшін құрылған" деген қанатты сөзі баршаға аян", - деп бастады сөзін Тоқаев.

Ол бастапқыда БҰҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі ретінде құрылғанымен, іс жүзінде әлем елдерін ортақ мақсат пен мүддеге біріктіргенін атап өтті. Соның арқасында белсенді әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық дәуірі орнықты.

"Әрине, бұл жол жеңіл болған жоқ. Өкінішке қарай, өткен 75 жыл ішінде әлемді қайғы-қасіреттен арылтуға бағытталған ортақ мақсаттарымыз бен құндылықтарымызды ілгерілету жолында көптеген мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық", - деді президент.

Дегенмен, БҰҰ-ның терең тарихы белсенді ұжымдық күш-жігердің арқасында кең ауқымды мәселелерді талқыға салу кезеңінен өтті. Атап айтқанда, отарсызданудан өсіп-өркендеуге, балаларды қорғаудан климаттың өзгеруіне, денсаулық сақтау ісінен адам құқығына, бейбітшілікті қолдаудан бітімгершілікке дейінгі тақырыптар қамтылды.  

Қазақстанның БҰҰ жұмысына қатысуы

Соңғы отыз жылда Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында, соның ішінде, Қауіпсіздік Кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессияаралық және ұлтаралық диалог, теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің мүддесін қорғау сияқты басымдықтарды дәріптеуге атсалысты.

"Ал енді бүгінгі заманның сипатына зер салсақ, көптеген жаңа сын-қатерлер, сондай-ақ қайта етек алған кейбір тәуекелдер бізді өткен кезеңге оралтуы мүмкін екенін байқаймыз. Қазіргі таңда мультилатерализм зор қатерге тап болды. Мұндай ахуал қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан бері туындамаған еді", - деді президент.

Пандемия мен жаппай қарулану белең алып келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезде COVID-19 індетін ауыздықтау аса қиын болып отырғанын айтты. Сонымен қатар, әлемде жаппай қарулану үдерісі қайтадан белең алып келе жатқанына тоқталды.

"Стратегиялық даму мақсаттарын жүзеге асыру ісі тұралап қалды. БҰҰ Жарғысында бекітілген мұрат-мақсаттар бұдан былай кәдеге аспайды деген пікір тарауда. Мен өз елімнің президенті және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде бұл көзқараспен мүлде келіспеймін", - деді Тоқаев.

Ол соған қарамастан, біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаулатуымыз керектігін және ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін беруіміз қажеттігін атады. Анархияға жол бермей, халықаралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғастыру қажеттігін жеткізді.

"Бұл – өте күрделі міндеттер. Алдағы онжылдық 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібінде тұрған міндеттерін жүзеге асыру және қазіргі заманғы дағдарыстарды еңсерудің тиімді жолын табу үшін шешуші кезең болады. Бұл ауқымды мақсат ортақ күш-жігерді және жауапкершілікті талап етеді", - деді Қазақастан президенті.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Бас хатшы Антониу Гутерриштің табанды көшбасшылық қызметіне ризашылық білдірді.

"Біз оның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тиімділікті, ашықтық пен айқындықты арттыру жөніндегі қазіргі жұмысына қолдау көрсетеміз", - деді ол.

Сөз соңын президент Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен Жарғысын берік ұстанатынын және еліміз тұрақты, әділетті және өркендеген әлем құру жолындағы ортақ міндетті жүзеге асыруға атсалысатынын жеткізді.

БҰҰ-ның 75-ші сессиясы

Мерейтойлық сессия Нью-Йоркте "Біз қалаған болашақ, бізге Біріккен Ұлттар Ұйымы: көпжақтылыққа ұжымдық міндеттемелерімізді растау" ұранымен өтіп жатыр.

23 қыркүйекте Қазақстан президенті БҰҰ Бас ассамблеясының жалпы дебатында сөз сөйлейді.

1032
Кілт сөздер:
БҰҰ, Қасым-Жомарт Тоқаев
Шикі ет

Желіні шулатқан видео: полиция шикі ет жеп отырған баланың ата-анасын іздеп жатыр

0
Бүлдіршіннің заңды өкілдері табылғаннан кейін, олармен түсіндіру жұмысы жүргізіледі, қажет болған жағдайда балаға медициналық көмек көрсетіледі

НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Қазнетте тараған видеода шикі ет жеп отырған баланың әке-шешесін іздестіріп жатыр.

Бұл туралы білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина хабарлады.

"Біз ақпаратты ішкі істер министрлігіне жолдадық. Баланың заңды өкілдері табылғаннан кейін, олармен түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Қажет болған жағдайда балаға медициналық көмек көрсетіледі. Ата-аналар балаларының денсаулығына, физикалық, психикалық, рухани және моральдық дамуына қамқорлық жасау керек екенін ұмытпауы керек", - деді ол.

Овечкина ата-аналарға балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Желіні шулатқан ролик 21 қыркүйекте жарияланды. Видеода бала шикі ет жеп отыр, кадр сыртынан әйелдің күлген даусы естіледі.

"Кәдімгідей тістеп отыр, жұлып алды әне. Бола берсін бе", - деп сұрайды бір әйел.  

"Не болады, жей берсін", - деп жауап береді екіншісі.  

Желі қолданушылары видеоны қызу талқылады. Бірі "мұнда тұрған ештеңе жоқ" десе, енді бірі баланың ішіне инфекция түседі деп алаңдаған.

0
Кілт сөздер:
ет, видео, бала