Өңірлер

Жаназа намазы қалай оқылады

© Sputnik / Максим Богодвид / Медиабанкке өтуНамаз
Намаз - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жаназа намазы – жуылып тазаланған мәйіт үшін мұсылмандардың дәрет алып, құбыла жаққа қарап, түрегеп тұрып оқыған намаз бен мәйіт үшін жасайтын дұға. Жаназа намазы – кифая парыз

Яғни, бір аймақта бірнеше мұсылман жаназы намазын оқыса жетіп жатыр. Егер оқымаса, барлығы бірге жауапкер және күнәлі. Жаназа намазының шарты – ниет. Бұл ниетте мәйіттің ер немесе әйел, ер бала немесе қыз бала екені білдіріледі. Имам Алла ризалығы үшін жаназа намазын оқуға және сол мәйітке дұға етуге ниет етіп, "Аллаһу әкбар" деп тәкбір алып, намазды бастайды. Жамағат та ниет етіп, имамға ұйиды. Мәйіт еркек болса, "Мына ер үшін", әйел болса, "Мына әйел үшін" деп ниет етеді. Балалар үшін де осы түрде ниет етеді. Жамағаттан бір адам мұны біле алмаса, имаммен бірге намаз оқуға ниет қылады. 

Жаназа намазының парызы – тәкбірлер мен қиям. Бұл намазда рукуғ, сәжде, Құран оқу, тәшәһһүд жоқ. 

Шарттары алты: 

  •  Мәйіттің мұсылман болуы. 
  •  Өзінің және қойылған жердің таза болуы. 
  •  Жамағаттың алдында болуы. 
  •  Дене мүшелерінің басым көпшілігінің немесе басы, денесінің жартысының бар болуы. 
  •  Жерге қойылуы. 
  •  Намаз оқитын адамның себепсіз бір нәрсеге мінбеуі немесе отырмауы. Жаназа намазында жамағат шарт емес. Бір ер мұсылман немесе бір әйел мұсылманның оқуымен парыз орындалады. 

Жаназа намазының сүннеті 

Имам жаназаның көкірек тұсында тұруы. Бірінші тәкбірден кейін "субханака Аллаһумма" дұғасын "уа жәллә сәнәәука" бөлімімен бірге оқу керек. Екінші тәкбірден кейін Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айту.Үшінші тәкбірден кейін мәйітке, өзіне және күллі мұсылман қауымына дұға ету. 

Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына дұғасын оқу абзал. 

أللهَمَّ اغْفِرْ لِحَيِّنا وَ مَيِّتِنا وَ شَاهِدِنا وَغَائِبِنا وَ ذَكَرِنا وَ اُنْثَانا وَ صَغيرِنا وَكَبيرِنا. اللهُمَّ مَنْ اَحْيَيْتَهُ مِنَّا فَاَحْيِهِعَلىَ الاسْلامِ وَ مَنْ تَوَفَّيْتَهُ مِنّاَ فَتَوَفَّهُعَلَى الإيمانِ

Оқылуы: "Аллаһуммәғфир ли хаййнәә уә мәййтинәә уә шаһидинәә уә ғаибинәә уә зәкәринәә уә унсәнәә уә сағиринәә уә кәбиринәә. Аллаһуммә мән ахиәйтәһу миннәә фә ахиһи "алал-исләм уә мән тәуәффәйтәһу миннәә фа тәуәффәһу "алал-иман" 

Мағынасы: "Аллаһым! Тірілерімізге, өлілерімізге, осы жердегілерге және мұнда болмағандарға, ерлерімізге, әйелдерімізге, кішіміз бен үлкенімізге кешірім ет! Аллаһым! Бізден кімге өмір берсең, соған ислами өмір нәсіп ет! Ал арамыздағы ажалы жеткен құлдарыңның жанын иманмен ала гөр!".

Осы дұғадан кейін жаназаға қарай төмендегі дұғалардың бірі оқылады: 

Егер жаназа ер кісі болса мына дұға оқылады: 

وَ خُصَّ هَذا الْمَيْتَ بِالرَّوْحِ وَ الرَّاحَةِ وَالْمَغْفِرَةِ وَ الرِّضْوانِ, أللهًمَّ اِنْ كانَمُحْسِناً فَزِدْ فى اِحْسَانِهِ وَ اِنْ كانَمُسِيئاً فَتَجاوَزْ عَنْهُ وَ لَقِّهِ الاَمْنَ وَالْبُشْرَى وَ الْكَرَامَةَ وَ الزُّلْفَى بِرَحْمَتِكَ يااَرْحَمَ الرَّاحِمينَ 

Оқылуы: "Уә хуссә Һәзәл-мәйитә бир-раухи уәр-рахати уәл-мәғфирәти уәр-ридуан. Аллаһуммә ин кәнә мухсинән фәзид фи ихсәниһи уә ин кәнә мусииән фә тәжәуәз "анһу уә лаққиһил-әмнә уәл-бушрәә уәл-кәрәмәтә уәз-зулфәә бирахмәтикә иә архамар-рахимиин"

Мағынасы: "Раббым! Әсіресе мына өліні, рақымға, рақаттыққа, кешірімділікке және бақыттылыққа жеткіз. Аллаһым! Бұл өлі кісі ізгілік істеген адам болса, Сен оның жақсылығын арттыр. Егер бұл өлі жамандық жасаған болса, жазасын бермей рақым ет. Күнәларын кешір. Бұл өліні қорқыныштан сақта. Рақым-шарапатыңмен сүйіншіле. Оны ақыретте бақыттылыққа бөлеп, жоғары мәртебеге шығар. Ей, рақымдылардың рақымдысы Алла Тағалам!" 

Егер жаназа әйел болса мына дұға оқылады: 

وَ خُصَّ هَذه الْمَيْتَةَ بِالرَّوْحِ وَ الرَّاحَةِ وَالْمَغْفِرَةِ وَ الرِّضْوانِ اللهًمَّ اِنْ كانَتْمُحْسِنةً فَزِدْ فى اِحْسَانِها وَ اِنْ كانَتْمُسِيئةً فَتَجَاوَزْ عَنْها وَ لَقِّها الاَمْنَ وَالْبُشْرَى وَ الْكَرامةَ وَ الزُّلْفَى بِرَحْمَتِكَ يااَرْحَمَ الرَّاحِمينَ 

"Уә хуссә һәзиһил-мәйтәтә бир-раухи уәр-раахати уәл-мәғфирәти уәр-ри-дуан. Аллаһуммә ин кәнәт мухсинәтән фәзид фи ихсәниһә уә ин кәнәт мусиәтән фә тәжәуәз 'анһәә уә лаққиһәл-әмнә уәл-бушрә уәл-кәрәмәтә уәз-зулфә бирахмәтикә уә архамар-рахимиин".

Бұл дұғаның мағынасы да, ер кісі үшін оқылатын дұғаның мағынасымен бірдей.

Жаназа ер бала болса мына дұға оқылады: 

أللهًمَّ اجْعَلْهُ لَناَ فَرَطاً وَاجْعَلْهُ لنا اَجْراًوَ ذُخْراً وَاجْعَلْهُ لنا شافِعاً وَ مُشَفَّعاً 

Оқылуы: "Аллаһуммәж"алһу ләнәә фәрәтан уәж"алһу ләнәә әжрән уә зухрән уәж"алһу ләнәә шаафи"ан уә мушаффа"ан". 

Мағынасы: "Аллаһым! Бұл баланы жәннатта бізді қарсы алушы және ақырет сыйы ет! Аллаһым! Бұл баланы бізге шапағатшы ет және шапағатын қабыл ет!". 

Жаназа қыз бала болса, мына дұға оқылады:

أللهًمَّ اجْعَلْها لَناَ فَرَطاً وَاجْعَلْها لنا اَجْراًوَ ذُخْراً وَاجْعَلْها لنا شافِعةً وَ مُشَفَّعَةً 

"Аллаһуммәж"алһә ләнәэ фәрәтан уәж"алһә ләнәә әжрән уә зухрән уәж"алһә ләнәә шафи"атән уә мушаффа"атән". 

Мұның да мағынасы ер балаға оқыған дұғаның мағынасымен бірдей. Дұғаны білмесе"Аллаһуммағфирли уә ләһу уә лил-мумининә уәл- муминат"."Аллаһым! Мені және барлық мұсылмандарды кешір" – дегенді ғана айтады. 

Осы дұғалардан кейін имам төртінші тәкбірді алып, оң мен солға сәлем береді. Жамағат та құпия сәлем береді. 

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты дөңгелек үстел - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Жаназа мен құдай тамақтағы ысырапшылдыққа қарсы шара қолданылмақ
Жаназа намазына кешігіп жеткен адам имамға ниет етіп, имаммен бірге тәкбір алады. Имам сәлем бергеннен кейін дұға оқымай, тек тәкбірлердің қазасын қатар-қатар өтейді. 

Бірнеше жаназа болса, жеке-жеке оқыған абзал. Ең алғаш келтірілгенінің намазы оқылады. Бәрі бірге келсе, ең жақсы немесе тақуа болғаны – бірінші оқылады. Бәріне бір намаз оқыса да болады. Намаз оқуға мәкрүһ үш уақытта: яғни, күн шығып келе жатқан күн тас төбеде тұрғанда, күн батуға айналған кезде жаназа намазы оқылмайды. Бірақ бұл уақытта оқылса қазасы керек емес. Мазарда және мешіт ішінде жаназа намазы оқылмайды. Бірақ имам мен жамағаттың кейбірі мешіт ішінде, кейбірі сыртта тұрып оқыса болады. 

Намазды бұзатын нәрселер жаназа намазын да бұзады. Тірі туылып, сосын өлген сәбиге ат қойылып, жуылып, кебінделіп намаз оқылады. 

Өлі туған балаға да ат қойылып, жуылып, бір матаға орап, жаназа намазын оқымай көмеді. Өлген екі қабат әйелдің құрсағындағы бала қимылдаса, іші жарылып, бала алынады. 

Әдейі немесе қастандықпен ата-анасын өлтірген баланың немесе өлтірілген қарақшының намазы оқылмайды. Ханафилар бойынша, жаназа намазын алыстан сырттай оқу жақсы емес.

Дереккөз: islam.kz

Жаңалықтар
0