Жол апаты болған жер

Алматыда екі аяғынан айырылған қыз жол апаты туралы айтып берді

100
Дәрігерлер қыздың екі аяғын тізесіне дейін кесуге мәжбүр болған, жақында ол жан сақтау бөлімінен шықты

АСТАНА, 23 маусым — Sputnik. Адвокат Жанна Мұхамади Алматыда әл-Фараби көшесінде болған жол апаты салдарынан екі аяғынан айырылған Екатерина Парафиеваға барып қайтты. Зардап шеккен қыз жол апаты туралы айтып берген. 

"Сол күні болған оқиға жадында сақталып қалыпты. Бүге-шігесіне дейін, тіпті нақ жол апаты кезі де есінде. Катя бәрін де есінде жақсы сақтағандықтан, оқиғаның анық-қанығын түсіндім. Катямен сөйлескен соң, екінші жәбірленуші Нәйләмен де әңгімелестім, екеуінің айтқандары сай келеді", — деп жазды адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Қыздардың айтуынша, олар әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта сол жақ шеткі қатарда келе жатады. Науаи көшесінен өте бергенде, Тұңғыш президент паркі алдында, Екатеринаның көлігі құдыққа түсіп кеткен, соққыдан артқы оң жақ дөңгелегі жарылып, дөңгелек дискісі майысып қалыпты. Соның салдарынан көлік ары-бері ырғала бастайды. 

"Катя – тәжірибелі жүргізуші, абдырап саспай, дер кезінде көлікті тоқтата білген. Әрі қарай, Катя мен Нәйләнің айтуынша, бірден апаттық белгіні қосып, дөңгелекке не болғанын көру үшін көліктен түсіпті. Жағдайды көрген қыздар апаттық белгіні алып шығу үшін жүксалғышқа барады. Сол сәтте Toyota Camry көлігі келіп қаққан", — дейді Мұхамади. 

Адвокат атап өткендей, кейбір БАҚ көздерінде жарияланған ақпарат, яғни автокөліктің дөңгелегі құдыққа түсерден бұрын жарылған деген сөз жалған. 

Заңгер зардап шегушінің хәл-жағдайы туралы да айтып берді. 

"Катя қазір палатада. Жақындарының ғана кіріп шығуына рұқсат берілген. Катя мен оның отбасы осы уақыт бойы дұға оқып, тілекші болған, қан тапсырып, қаражат жинаған бүкіл жанашыр қазақстандықтарға үлкен алғысын білдіреді", — дейді Мұхамади.  

Оның айтуынша, 24 маусымға тергеушінің алғашқы тергеу жұмысы тағайындалған. 

Екатерина Парафиева бұл істің әділетті түрде шешімін табуын сұрап, мұндай қайғылы оқиғаның ешкімнің басынан өтпеуін тілейді, дейді адвокат. 

100
Загрузка...