Төбелес

Павлодарлықтар соққыға жығылып, қаза тапқан жігіттің өліміне полицияны айыптайды

489
(Жаңартылды 12:55 02.09.2017)
Төбелестен кейін полицияға жеткізілген зардап шегушінің хәлі күрт нашарлап кеткен

АСТАНА, 1 қыркүйек — Sputnik. Павлодарда жас жігіт төбелестен кейін көз жұмды. Әлеуметтік желі қолданушылары соққыға жығылған жігітті ауруханаға емес, бөлімшеге апарған полицейлерді айыптауда. Облыстың ішкі істер департаменті баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова оқиғаның мән-жайын баяндап берді.

Төбелес тамыздың 25-інен 26-сына қараған түні болған. Тәртіп сақшылары оқиға орнына жетіп, үй ауласынан соққыға жығылған жиырма жеті жастағы ер адамды табады. Әрі қарай, интернет пайдаланушыларының жазуынша, полицейлер жігітті ауруханаға емес, полиция бөлімшесіне апарған, салдарынан зардап шегушіге жәрдем уақытылы көрсетілмей, көз жұмған.

ІІД баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова бұл талқыға араласып, жеке бас пікірімен, шындыққа жанаспайтын мәлімет қосып, халықты дүрліктірмеуді сұрады.

"Ресми түрде мәлімдейміз, полиция қызметкерлері келгенше, оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер жігіттің мас екенін айтып, зардап шегуші тарапынан ешқандай шағым болмағандықтан, оны айықтыру үшін полиция қарамағына береді. Полицияға жеткізілген соң, жігіттің хәлі күрт нашарлағандықтан, жедел жәрдем қайта шақырылған", — деп хабарлады Мағзұмова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталды. Күдікті – Ақсу қаласының 1995 жылғы тұрғыны ұсталған.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз орталығы түсіндіргендей, мас ер адамды токсикология бөліміне жеткізіп, томограмма түсірген, сол кезде басында гематома бары анықталған. Сол себепті науқасты жедел түрде бірінші қалалық ауруханаға апарады.

Оған опрация жасалып, дәрігерлер хәлінің ауыр екенін түсіндірген. 30 тамызда науқас есін жимастан көз жұмады.

Зардап шегушінің өлімі бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізілуде.

489