Женщина и ребенок

Арқалықта мүгедек баланың анасы заңсыз түрде жұмыстан шығарылды

85
Әйел адам сотта жұмыс берушінің шешімімен келіспеді

АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Арқалықта жалғыз басты ана сотта өзінің заңсыз түрде жұмыстан шығарылғаны жайында келіспеушілік білдіріп, жергілікті жылу компаниясынан 400 мың теңге өндіріп алды. 

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Арқалықтың қалалық соты қала тұрғынының жұмыс берушіге қатысты шағымданған өтінішін қанағаттандырды. Арқалық жылу энергетикалық компаниясы (АЖЭК) өз қызметкерін жұмыстан заңсыз шығарған. 

Бұл ретте айта кетер жайт, әйел АЖЭК мекемесінде 16 жыл жұмыс жасаған. Бір бөлмелі пәтерде екі баласымен жалғыз өзі тұрады. Олардың бірі – мүгедек. Осы ретте компания басшылығы өз қызметкерінің кәсіби біліктілігін нақтылауға арналған емтихан тапсыру үшін қажетті жағдай жасамай, мақсатты түрде кедергілер тудырған. 

"Арқалық қалалық соты шағымданушыны жұмыстан босатуды заңсыз деп таныды. Біріншіден, оған емтихан тапсыру жөнінде ескерту жасалмаған. Екіншіден, жұмыс беруші өз қызметкерін ескертпестен жұмыс кестесіне өзгеріс енгізген. Үшіншіден, жұмыстан ескертусіз шығарып тастаған", — дейді Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі. 

Соттың шешімімен азаматша жұмысқа қайта орналасып, оның үлесіне кәсіпорын тарапынан 4 айлық еңбекақысы көлемінде 397 мың теңге өтемақы төленді.


85
Загрузка...