Любовь Русалеева

Немересін пешке жағып жіберген әжеге үкім шығарылды

375
(Жаңартылды 09:18 27.12.2017)
Сотталған әжейдің қызы анасын ешқашан кешірмейтінін мәлімдеген

АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Солтүстік Қазақстанда жаңа туған немересін пешке жағып жіберген әженің ісіне қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.

Сотталушы – 62 жастағы Любовь Русалеева, зейнеткер, 8 жылдық білімі бар, күйеуі қайтыс болған. Бұрын сотталмаған.

Жәбірленуші — әжесі жағып жіберген нәрестенің анасы әрі сотталушының туған қызы, 29 жастағы Олеся Грудинская.

Сот анықтағандай, Русалеева 6 қараша күні кешкісін үйінде ішімдік ішкен. Сағат алты кезінде қызы Олесяны немересімен дүкенге жібереді де, өзі жаңа туған сәби – кішкентай Валентинаның қасында жалғыз қалады. 

Істің материалына сүйенсек, қарт әйел жанып жатқан пешті ашып, нәрестені салып жіберіп, түк болмағандай кете барыпты. Сәби тірідей өртеніп кеткен.   

"Сот Русалеева Любовь Павловнаны ҚР ҚК 99-бабы 2-тармағы 3-пунтктінде қарастырылған қылмыс жасағаны үшін айыпты деп таныды және жаза ретінде 17 жылға бас бостандығынан айырады", — деп үкімді оқыды судья Эльвира Оразымбетова.

Бұдан бөлек, Русалеева түрмеде жазасын өтеп жүріп, мәжбүрлі түрде маскүнемдіктен емделеді.

Сотталушының қызы, жәбірленуші Олеся Грудинская сот отырысынан кейін сөйлеген сөзінде үкімді қатал деп санамайтынын, бірақ шағым түсіре ме, жоқ па әлі шешпегенін айтты.

"Мен оны кешіре алмаспын… Түрмеге де бармаймын. Кездесуді сұрап жүрсе де, оны көргім келмейді. Осы істеген қылмысынан кейін қалайша түк болмағандай көзіне қараймын? Менің қызым еді ғой, өзінің немересі… Енді ол менің анам емес. 17 жыл тым аз деп ойлаймын", — деп Грудинская үкім туралы пікірін білдірді.

Олеся Грудинская
© Sputnik / Елена Бережная
Олеся Грудинская
375