Сот отырысы, архивтегі фото

Алматы облысында жұртты қан қақсатқан имам сотталып жатыр

905
(Жаңартылды 15:56 28.01.2018)
Алланың атын жамылып алаяқтыққа барды деген азамат соңғы он жылда төрт мешіттің бас имамы болған

АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Алматы облысындағы Өтеген батыр кентінің бұрынғы бас имамы Серік Кәріпжановты ауыл тұрғыны Маматова Гүлзира 4 мың доллар ақшамды алаяқтық жолмен тартып алды деп айыптауда. Басы дауға қалған молдадан мүфтият та теріс айналған, деп хабарлайды КТК

Бір жыл бұрын қызметінен қуып жіберіпті. Ең сорақысы Алланың атын жамылып алаяқтыққа барды деген азамат соңғы он жылда төрт мешіттің бас имамы қызметін атқарып, жамағатқа уағыз айтып келген.

Даулы оқиға осыдан он жыл бұрын басталған. Басына іс түскен Маматовтар әулеті көмек қолын созатын адам іздеп шарқ ұрады. Сол кезде туыстары Іле ауданында аты дүркіреп тұрған бас имам Серік Кәріпжановпен таныстырған. Олар дін қызметкерлерін аттай қалап, ет асып үйге шақыртады. Кез келген мәселені шешемін деп білек түрген молданы көрген Гүлзира ханым оның сұраған төрт мың долларын бірден тауып берген.

 "Ол кезде жаным қиналып, қызымның шығуын ғана ойладым. Төрт мың доллар сұрағаннан кейін өзім қолына санап бердім. Ол Түркісіб ауданындағы прокурор досыма беремін, сол шаруаңызды шешеді деді. Қолхат алған жоқпын, имам ғой деп сендім", — дейді жәбірленуші Гүлзира Маматова.

Танысым көп деп көпірген молда сөзінде тұрмапты. Ақырында телефон ұрлаймын деп тұтылған Гүлзира Маматованың қызы екі жылға сотталды. Ал имамның алаяқтығын дәлелдейтін дәнеңе жоқ. Алла жолындағы адамға ақша бергенде қолхат та алынбаған. Іс жабулы күйінде қалар ма еді, егер Маматовтар зейнеттегі тергеушімен құдаласпағанда.

 "Бұл кісімен бірге Қапшағайға мешітке бардым. Наиб имамға, Құрманәлі деген кісіге жолықтым. Ол Серікті іздеп жүргендер көп екенін айтты. Ол талай адамды сазға отырғызып кеткен екен. Одан да бас имам қылам деп 500 доллар алып кетіпті", — дейді жәбірленушінің құдасы Қазыбек Ертаев.

Серік Кәріпжанов Қапшағайдан соң Ақши ауылы мен Панфиловта да бас имам болып, жамағатқа уағыз оқыған. Жүрген жерін шулатып, халықты қан қақсатқан молданың былығы бетке шыққанда мүфтият да одан теріс айналды.

 

"Имам заңсыз түрде жұмыстан босатылды. Бұрынғы бас мүфти Ержан Қажы Малғажыұлы заңсыз түрде өз бұйрығымен босатқан.  Біз кінәмізді мойындамаймыз. Ешқандай жауап бермейміз", —дейді адвокат Ілияс Досымбетов.

Күдіктінің адвокаты молданы тоғыз баласымен жұмыссыз далада қалдырған діни басқарманы сотқа береміз деп отыр. Ал басқарма қызметкерлері "имамның қалт басуға құқығы жоқ, ол халықтың айнасы" дейді.

 "Діни қызметкер таза болуы керек. Ол халықтың айнасы. Кімнің кінәлі екенін сот өзі дәлелдейді деп ойлаймын", —дейді  ҚМДБ заңгері Сағитжан Дәулетияр.  

Бір қызығы бір бұл іс бір жылға жуық тергелген. Дәйек жоқ деген желеумен прокуратура оны 3 рет кері қайтарыпты. Соттың алғашқы отырысында сыр бермеген имам сүттен ақ судан тазамын деп өзіне шаң жуытар емес.

 Ет бұзылса тұз себеді, ал тұз бұзылса не себеді?! Он жылдан астам Алла үйінде жамағатқа уағыз оқыған имамның қылмыстық іске шатылуы кім-кімді болса да бей-жәй қалдырмасы анық. Қазір молданың қорғаушысы, өзі, тіпті дін басқармасының қызметкерлері қылмыс дәлелденген жоқ деп отыр. Бірақ Серік Кәріпжановтың үстінен шағымданушылар әлі де артуы мүмкін. Себебі қызметтік бабын асыра пайдаланған имамға құдайдай сенгендер бар ақшасын санап беріп отырған. Ал бұл іске қатысты келесі сот отырысы ақпанның бесі болады.


905
Кілт сөздер:
алаяқтық, бас имам
Загрузка...