Жол шетінде тұрған қыз, иллюстративті фото

Павлодарда Volkswagen Passat көлігіне отырған бойжеткен ізім-ғайым жоғалды

649
(Жаңартылды 12:35 19.05.2018)
Жәмилә Қайырбаеваны соңғы рет 16 мамыр күні қаладағы темір жол сапаржайында көрген

АСТАНА, 18 мамыр — Sputnik. Павлодарда Volkswagen Passat көлігіне отырғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен 19 жастағы қыз іздестіріліп жатыр, деп хабарлады pavlodarnews.kz. Бұл туралы ақпарат "Поисковики Павлодара Vita" ҚБ-нің инстаграмм парақшасында жарияланған болатын. 

Қоғамдық бірлестіктің еріктісі Светлананың айтуынша, Жәмилә Қайырбаеваны соңғы рет 16 мамыр күні  қаладағы темір жол сапаржайында көрген. 

Бала
© Sputnik / Ксения Воронина

"Бізге Жәмиләның әпкесі көмек сұрап хабарласты, — деді Светлана. – Ол  жоғалған сіңлісі Астана қаласындағы медколледждің студенті екенін айтты. 15 мамыр күні  тіс емханасына барып, кейін Павлодарға дейін пойызға билет сатып алған. Сапаржайдағы бейне бақылау камералары бойынша Жәмилә 16 мамыр күні түнгі сағат бірде Павлодарға келгені расталды. Оған таксистер жақындаса да, ол ешқайсысына отырмаған. Сапаржайдың алдында 20 минут тұрып, телефон арқылы біреумен хат алмасқан. Осыдан кейін қызыл қошқыл түсті Volkswagen Passat көлігіне отырған. Бейне жазбалары арқылы автокөліктің тек қана "Шаңырақ" орталығына дейін жеткені түсірілген, ары қарай көлік жоқ болып кеткен. Жәмиләнің ағасы көлік иесі оның таныстарының бірі болуы мүмкін деген  пікірде". 

Қазіргі уақытқа дейін Жәмилә туысқандарымен байланысқа шықпаған. Телефоны сөндірулі. 

Айта кетерлігі, Жәмилә Железин ауданы Жаңа жұлдыз ауылында туған. Ата-анасы әлі де осы ауылда тұрады. 

Светлананың  сөзінше, бүгін еріктілер қала бойынша іздеп жүрген қыздың суретін таратпақ. 

Бойжеткеннің үстінде былғарыдан жасалған қара күртке, қара джинс және қара спорттық аяқ киім болған. Қолында кішігірім арқаға ілінетін қоңыр дорбасы бар. Бойы 167 см, көзі қара, шашы иығынан төмен.

 Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, 19 жастағы Жәмилә Қайырбаеваның жоғалып кеткені туралы арыз жазып, полиция көмегіне ешкім жүгінген жоқ. Сондықтан да тәртіп сақшылары қызды іздестіру шараларын бастамаған. Еріктінің айтуынша, Жәмиләның ағасы арызды Астана қаласының құқық қорғау органдарына жазған.


649