Жансақтау

Ақмола облысында үйінді астында қалған экскаватор жүргізушісі көз жұмды

203
(Жаңартылды 17:36 31.07.2018)
12 сағат бойы үйінді астында жатқан ер адам екі аяғынан айырылған еді

КӨКШЕТАУ, 30 шілде – Sputnik. Ақмола облыстық ауруханасында 25 жастағы Мадияр Төлеубек көз жұмды. Тау-кен кәсіпорнының машинисі опырылған жартас үйіндісінің астында 12 сағат бойы жатқан еді, деп хабарлады Sputnik.

Еске сала кетсек, 21 шілде күні Зеренді ауданында "Altyntau Kokshetau" АҚ карьерінде жартас опырылып экскаваторды басып қалады. Көлікте 25 жастағы машинист Мадияр Төлеубек болған еді. Оны ірі тастардың астында қалған кабинадан алып шығу үшін 12 сағат кеткен.

Жас жігіт Ақмола облыстық ауруханасына жеткізіліп, қос бүйрегі де істемей қалады. Дәрігерлер оның екі аяғын кесіп, науқас жасанды тыныстандыру аппаратымен дем алып жатқан. Жексенбі күні Астанадан дәрігерлер мінген тікұшақ аттанып, олар медициналық жәрдемнің дұрыс көрсетілгенін растады.

"Кеше күні бойы ауруханада болдық, дәрігерлер әл үстінде деді. Кешке сағат 11-де қайтыс болғанын айтты", — деді марқұмның туысы Ақыл Нұрмағамбетова.

Әйелдің айтуынша, бұдан бұрын жігіттің беті бері қарап, есін жиып, оянған болатын.

Облыстық аурухана хабарлағандай, дәрігерлер машинисті аман алып қалу үшін, барлығын жасаған.

"Өлімінің себебі – ұзақ уақыт қысылып жатуы салдарынан туындаған негізгі аурулар", — деп хабарлады бас дәрігердің орынбасары Дмитрий Чайков.

203
Кілт сөздер:
төтенше жағдай, өлім, науқас, жансақтау бөлімі, аурухана, Көкшетау, Ақмола облысы
Загрузка...