Ерімбетовтер отбасы

Отыз жасында 8 бала туған түркістандық келіншек қандай арманы бар екенін айтты

5963
(Жаңартылды 19:15 15.08.2018)
Түркістандық сегіз баланың анасы тұңғышын 19 жасында дүниеге әкелген

ТҮРКІСТАН, 13 тамыз — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан қаласында небәрі 30 жасында 8 баланы дүниеге әкелген келіншектің тоғызыншы перзентіне аяғы ауыр. Үлкен арманым Елбасыны  бір көру деген келіншек көп бала табудан қорқатын келіншектерге өз ақылын да жеткізді. Бұл туралы алтын құрсақты ана Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді. 

"Сәби туғанда талас басталады…"

Түркістандық Жанат Ерімбетова 18 жасында тұрмысқа шыққан. Жолдасымен таныстығының өзі кездейсоқтық. Құрбыларымен кафеде отырмақ болып жол бойында такси тоқтатыпты. Көлік тізгіндеген жас жігіт бұларды алыстан байқаса керек, дереу тоқтап, жеткізіп салуын сұрайды. Осы сәттен соң Жанат пен Айдар үш айға жетер-жетпес қыз бен жігіт болып кездесіп жүріп, шаңырақ көтереді. 

Босаға аттаған жас келін алғашында жаңа отбасыммен сыйысып кету қиын болды дейді. "Жаспын ғой, үйлерді сағынып жүрдім" деген Жанат 19 жасында тұңғышы Арафатты дүниеге әкеледі. Ерекше есімді күйеуінің әпкесі қойыпты. 

30 жасында батыр ана атанған Жанат Ерімбетова
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
30 жасында батыр ана атанған Жанат Ерімбетова

"Арафат – Меккедегі таудың атауы. Қайын әпкем ұлым да сол секілді абыройы биік болсын деген ырыммен сондай есім берді. Ал үшіншім енемнің туған күнімен бір күні дүниеге есігін ашты. Енем Мұхаммед деген есім берді", — деді келіншек. 

Бала туғанда берілетін біржолғы және ай сайынғы жәрдемақы көбейді

Жанат тұңғышын дүниеге әкелген соң атасының алтын құрсақты әпкесі өзі секілді батыр ана бол деп ақ батасын беріпті. 15 баланы дүниеге әкелген ақ жаулықты ананың тілегі қабыл болды деп отыр Жанат Ерімбетова.

Батыр ана перзенттері дүниеге келгенде туыстарының арасында талас басталатынын жеткізді. Бәрі де сәбиге есім беруден ниетті болады. 

"Балаларыма есім берерде туыстарым кәдімгідей таласады. Кенжемнің есімін өзім қоямын деп жүрген едім. Ақпанның 19-да дүниеге келді. Ақпанның 25-і атамның (автор: күйеуінің әкесі) туған күні. Айым, күнім жақындағанда ол кісі "Келін, сәл шыдай тұршы. Мұхаммедті енеңнің туған күнінде босандың, енді менің де туған күніме сыйлық жасап берсең" деп қалжыңдайтын. Менің қолымда емес қой, Алланың қалауымен алты күн бұрын босандым. Есімін  Гаухар деп атам қойды. Алла бұйыртса, келесі перзентімнің есімін өзім қоямын деп отырмын",-деді "Алтын алқа"иегері.

Көпбалалы отбасының тұңғышы Арафат 13 жаста, түңғыш қыз Нұрай 12-де. Ұлдардың екіншісі Мұхаммед 10 жаста. Арай 8-де, Ибрахим 7-де, Кәусар 6-да. Жетінші перзент Інжу 4 жаста болса, отбасының кенжесі Гаухар 2 жаста. Үлкен бес перзент мектепте оқиды, екеуі балабақшаға барады. Ал кенжесі үйде. Айтпақшы, көпбалалы ананың үш ұлы да дзюдо спортымен айналысады. 

"Немерелер келсе, шаршауымыз басылады…"

Көпбалалы отбасы мемлекеттен берілген үш бөлмелі пәтерде тұрады. Бұған дейін қара шаңырақта тұрған. Демалыс бола сала балалар атасы мен апасының үйінде жүреді. Батыр ананың енесі немерелерім кетіп қалса, үй тынышталып, көңіл күйіміз түсіп кетеді дейді.

"17 немере, 1 шөбереміз бар, Аллаға шүкір. Бір ғана ұлымыздан 8 немере сүйіп отырмыз. Үйде сол немерелердің аспазымын. Келінім мен ұлымның бөлек шыққанына әлі бір жыл да толмады. Мемлекеттен үй берілген соң талап бойынша олар сонда тұруы қажет екен. Демалыс сайын улап-шулап келіп кетеді. Немерелер келгенде барлық шаршауымыз басылып қалады. Менің құрбыларым "Сен бір балабақшаның меңгерушісің ғой" деп қалжыңдайды кейде. Алла күш-қуат беріп тұрған соң солардың ас-ауқатын дайындап жүргенге не жетсін?.. Сәл көрмей қалсақ, сағынамыз. Немерелер бізге таласады. "Мен атаның", "мен апаның баласымын" деп бізді меншіктеп алған (күліп). Келініме Алла беріп тұрса, туа бер деп отырмын",-деді алтын құрсақты келіннің енесі Құмархан апа. 

Батыр ана сегіз перзентінің ортасында
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Батыр ана сегіз перзентінің ортасында

"Немерелердің барлығы тәтті, ешқайсысын бөле жармаймыз" деген Құмархан апа балалардың мінезі бір-біріне қатты ұқсайтынын айтты. Оның себебі жоқ емес. Айтуынша, келіні мен ұлының мінезі бір-бірінен аумайды. Бала тәрбиесінде екеуі де қаталдық танытады. 

"Жанат екеуміздің мінезіміз ұқсас. Бала тәрибесінде қаталдаумыз. Ал апалары жұмсақ. Анам бізді де тәрбиелеуде жұмсақтық танытқан. Қазір заман басқа. Баланы жастан дейді емес пе? Қатал болсаң, еркінсімейді. Еркелететін кезде еркелетіп те аламыз. Мен балалы болмай тұрып бала тәрбиесі оңай деп ойлаушы едім, шындап келгенде олай емес екен. Балаға тәрбие бермес бұрын алдымен өзім үлгі болуым қажет деген принципті ұстанамын. Егер мен теріс әрекет жасап, шылым тартып, спирттік ішімдік ішсем, бала да соны жасайды. Үйде Жанат екеуміздің  бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыз енді шаңырақ көтерген жас жұбайларша сыпайы (күліп). Ата мен ананың бір-біріне деген құрметін көріп өскен бала да тәрбиелі, мейірімді болып өседі",-деді Жанаттың жолдасы Айдар Ерімбетов. 

Қазақстанда зейнетақы көлеміне шек қойылған ба? Ең жоғары мөлшері қандай?

Көпбалалы әке кейде әйелі үй шаруасында үлгермей жатса, "мен еркекпін, ол әйелдің жұмысы" деп қол қусырып жатпайтынын айтты. Тіпті кейде келіншегі сырқаттанып қалса, балалардың тамағын беріп, мектепте жіберіп отырады. 

"Есепті теңестіргіміз келеді" 

"Бала санын қаншаға дейін көбейтпек жоспарларыңыз бар?" деген сұрағымызға батыр әке былайша жауап берді. 

"Бес қыз, үш ұлымыз бар әзірге. Ұлдарым есеп бойынша жеңіліп тұр (күліп). Кейде аналарына "Анашым, екі ұлды бірден дүниеге әкеліп, есепті 5:5 етіп теңестірейікші" деп өтініш айтып қояды. Шыны керек, сегіз перзент дегеніңіз кәдімгі бір қауым ел ғой. Үйде қандай да бір шаруа атқарылса, ұжым болып жасаймыз. Мәселен, мен ауланы суғарып, көліктің онша-мұнша бұзылған жерлерін жөндесем, ұлдарым үнемі қасымда. Ал үй шаруасында қыздар аналарына көмектеседі" деген Айдар Ерімбетовтің сөзін келіншегі жалғады. 

"Балаларды үйдің ауласына көп шығармауға тырысамыз. Себебі балалар қазір кез келген нәрсені тез қабылдағыш жаста. Көргенін істейді. Ал көшеде неше түрлі адамдар жүреді. Боқ ауыз сөзін аузынан тастамайтындар бар. Теріс тәрбие алмаса екен деп уайымдаймын. Аллаға шүкір, перзенттеріміз айтқанымызды екі етпейді. Оларға ұрысып жатпаймыз. Көздің қиығымен бір қарасақ, бәрін сөзсіз түсінеді. Балдардың жастары тете болған соң кейде ренжісіп қалады. Ұйымшыл болыңдар деп үнемі құлақтарына құйып отырамыз. Шүкір, үйде қандай да бір жиын болса, осы қыздар мен ұлдар барлығын жүгіріп жүріп жасайды. Дастарқанды жинау керек еді, ыдыс жуу қажет еді деп бас қатырып жатпаймын",-деді Батыр ана. 

Ерімбетовтер 5 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отыр
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Ерімбетовтер 5 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отыр

Отбасында балаларды жұмсайтын кезде, есімдерінен шатасып қалып жатады екен. "Біреуін жұмсаймын деп барлық баланың есімдерін атап шығамын" деген келіншек онысына балалары үйренісіп те кеткенін жеткізді. 

"Баға алмаймын деп қорқудың қажеті жоқ"

"Мен мынанша бала туамын немесе болды, осы жетеді" деудің қажеті жоқ екен. Барлығы бір Алланың қалауы. Маңдайыңа не жазды, соны көресің. "Баланы баға алмаймын" деп те еш қорқудың керегі жоқ. Әр баланың өз несібесі бар. Мәселен, мен өзім медбике болып жұмыс істеймін. Күйеуімнің тұрақты жұмысы да жоқ. Әйтеуір екі қолға бір күрек тауып, майда-шүйде іспен айналысып, отбасын бағып отыр. Ал мемлекеттен сегіз балаға берілетін ай сайынғы жәрдемақы небәрі 15 мың теңге. Былай қарасаңыз, ол бір балаға да жетпейді. Баланы мемлекет емес, өзің үшін туасың. Бала туғанның пайдасы болмаса, зияны жоқ" деген Жанат Ерімбетова жиын-тойларға барған күннің ертеңіне біраз қиналамын дейді. 

"Кейде жиын-тойларға барғанымда, "өзі жап-жас, сегіз баласы бар екен" деп ырымдап түкіртіп жатады. Кейде бірі таңғалысады. Тіл-көз деген бар ғой, ертеңіне мазам қашады. Тіпті кейде төсек тартып жатып қаламын. Көп жағдайда көңіліме алмауға тырысамын. Жиын болған соң бармасаң тағы болмайды… ",-деді түркістандық ана. 

Түркістан қаласы бойынша 30 жасында 8 баланы дүниеге әкелген жалғыз ана Жанат Ерімбетованың аяғы тоғызыншы перзентіне ауыр. Оның жүкті екенін естіген таныстары "Сен де қайтпайды екенсің" деп қалжыңдай түседі екен. 

"Назарбаевтың қабылдауында болу – үлкен арманым" 

Батыр ана биыл Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облыс әкімінің қолынан құттықтау хат алып, мерейі тасығанын айтты. Оның өзі кездейсоқтық болмады деп отыр. Өйткені көпбалалы ана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қабылдауында болғысы келетінін айтып хат жолдапты. Бірақ неге екені, хат Түркістан қаласына қайтып келген. Яғни, Астана жергілікті билікке мәселені шешуді тапсырыпты. Содан кейін келіншекті облыс әкімі арнайы шақырып, құрметін көрсетіпті. 

Ерімбетовтер 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отыр
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Ерімбетовтер 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отыр

"Жыл сайын Елбасы қыз-келіншектерді қабылдап, құрмет көрсетіп жатады ғой. Қарасаңыз, араларында әншілер көп. Оларды күн сайын теледидардан-ақ көріп жүрміз. Неге мен секілді көпбалалы қарапайым аналар шақырылмайды деген ой мазалайды. Ол біз үшін үлкен мәртебе болар еді. Елбасымен бір үстелде әңгіме-дүкен құру — менің үлкен арманым" деп сөзін түйді Алтын алқа иегері.


5963
Кілт сөздер:
батыр ана, демография, көп балалы отбасы, Назарбаев, Түркістан облысы
Тақырып бойынша
ОҚО әкімі 3 миллионыншы тұрғынға пәтер сыйлауға уәде берді
Енді төрт балалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақы берілмейді
Кімдер 45 жасында зейнеткерлікке шыға алады?
Кәсіпкер әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды тегін оқытады
Загрузка...