орамал таққан қыз, архив

Түркістан облысындағы хиджаб дауы: оқушылар орамалын шешті

524
(Жаңартылды 18:34 07.09.2018)
Қазіргі уақытта орамалын шешкендердің үлесі 75 пайыздың шамасына жетіп қалған

ТҮРКІСТАН, 6 қыркүйек — Sputnik. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына қарасты Фердауси ауылындағы мектептегі хиджаб мәселесіне қатысты дау-дамай тұрақталды, деп жазады "Жас алаш" газеті. 

"Ауыл тұрғындары, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында қазір ортақ тіл табыстық. Оқушы қыздар білім заңына мойынұсынып, мектепке орамалдарын шешіп келетін болды. Қазіргі уақытта орамалын шешкендердің үлесі 75 пайыздың шамасына жетіп қалды. Ата-аналардың берген уәдесі бойынша ертең сабаққа қыздар толығымен орамалсыз келуі тиіс", — деді Мақтаарал ауданы білім бөлімінің басшысы Серік Төребеков. 

Ал аудан әкімдігі жалпы бөлімінің басшысы Досым Атабаевтың айтуынша, оқушылардың 90 пайызы сабаққа қатысып жатыр. Орамалын шешкен оқушы қыздардың көңіл-күйлері жақсы. 

"Бүгінгі күні осы мәселені шешу үшін құрылған штабқа, аудандық білім бөліміне орамалға қатысты ешқандай арыз-шағым түскен жоқ", — деді бөлім басшысы.

Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Фердауси ауылындағы мектепке хиджаб киіп келген оқушы қыздарды кіргізбей жатқаны, бұған қыздар мен ата-аналардың нарызылық білдіргені туралы видео тараған еді. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Фердауси ауылында негізінен тәжік отбасылары (300-ден астам)  тұрады. Қазақ жеріне олар отызыншы жылдардың басында Тәжікстаннан қоныс аударған.

Басылымның жазуынша, ауылдағы оқушы қыздар бұрыннан мектепке орамал тағып келіп жүрген. Бұған жергілікті халықтың дінді өте қатты ұстанатындығы себеп.  Оларды білім заңына мойынұсындыру соңғы екі жылдың көлемінде қолға алынған.

Жалпы орамал дауы оңтүстік өңірі үшін таңсық тақырып емес. Облыста мектепке хиджаб киіп баратын оқушылардың дені Мақтаарал мен Келес аудандарында. Олардың басым бөлігі тәжік, өзбек ұлттары қоныстанған елді мекендерде. 

524
Кілт сөздер:
оқушылар, мектеп, даулы мәселе, орамал, хиджаб, Ерлан Сағадиев, Түркістан облысы
Загрузка...