Қыз Әулие кесенесі

Кәрі қыздардың бағын ашатын "Қыз әулие" туралы не білеміз фото

3844
(Жаңартылды 19:43 18.09.2018)
Кесенеге тіпті бала сұрап келетіндер де бар

ТҮРКІСТАН, 12 қыркүйек — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Шымкенттегі оң жақта отырып қалған қыздардын бағын ашатын Қыз әулие кесенесі жұртшылық арасында кеңінен танымалдыққа ие болып келеді. Ниет етіп келгендердің қатарында ұзақ жылдар бойы құрсақ көтере алмай, перзент сүйіп жатқандары да бар. Sputnik тілшісі әулиелі жердің шырақшысымен тілдесіп, Алладан тілек тілеушілердің ниеті қандай жағдайда қабыл болатынын біліп қайтты.

Әулиелі жердің тарихы…

Аңыздарға сүйенсек, бұрындары Ділдәрбек есімді азамат дін жолын ұстанып, бата беріп, елдің түйткілдерін шешіп жүрген екен. Қалың жұртшылық Ділдәрбекті "Шешуші баба" деп атап кеткен. Оның Нұрзада есімді қызынан Қарлығаш, Қарашаш және Сұлушаш (арабша есімдері: Үбби, Сүбби, Бүбби — автор) есімді қыздары болған. Олар өте өнерлі әрі ақылды болып бой жетеді. Қиын-қыстау заманда жоңғарлар қазақ қыздарын әйелдікке алып жатқанда осы үш қыз "өзге ұлтқа тұрмысқа шығып, ұлтымызды қорламаймыз" деп соғысқа араласады. Аңыздарда жаугершілік заманда соғысқа араласқан үшеуі де осы жерде қаза тапқан деген мәлімет бар. Осыдан кейін бұл жер Қыз әулие деп атанып кетіпті. 

Қыз әулиені Германия мен АҚШ-тан да арнайы іздеп келеді

"Аптаның барлық күнінде келушілер үзілмейді" деп әңгімесін бастаған шырақшы 75 жастағы Ұлтуар апа ниет етушілердің арасында тек Қазақстан емес, алыс-жақын шетелдерден іздеп келетінін айтты.

"Сенбі, жексенбі күндері келушілер санында шек жоқ. Топ-топ болып келіп, ұзын-сонар кезекке тұрады. Өзімнің жасым да келіп қалды. Сондықтан оларға Қыз әулиенің тарихы мен қасиеті туралы топ болып жиналып, дастархан басында отырғанда бір-ақ айтамын. Кейін біртіндеп кесенедегі өзім отыратын бөлмеге кіріп, өз жағдайларын түсіндіріп жатады. Бір күні ұзын бойлы екі келіншек пен бір ер кісі келді. Жағдайын білмек болып не үшін келгендерін сұрасам, жауап бермейді. Қасындағы аудармашысы кейін түсіндірді, олар америкалықтар екен. Қазақстанға арнайы саяхаттап келген екі келіншек Қыз әулие туралы естіп, өз көздерімен көруді ниет етіпті. Барлығымен танысты. Риза болып қайтты. Тағы бір күні бір жігіт пен қыз кесене ауласын қол ұстасып аралап жүр. "Сендер саябақта жүрген жоқсыңдар" деп ұрысайын деп қастарына барғаным сол олар да қазақ тілін білмейтін болып шықты. Сөйтсем Германиядан келген немістер екен. Орысша әжептеуір біледі. Өзімнің төрт-ақ сыныптық білімім бар. Орысшам шорқақтау, әйтеуір барыммен түсіндіріп бердім", — деді шырақшы.

Қыз Әулие кесенесінің шырақшысы Ұлтуар апа
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Қыз Әулие кесенесінің шырақшысы Ұлтуар апа

Әулиенің қасиеті неде?

Шырақшы Қыз әулиенің басты қасиеті жолы болмай жүрген жандардың жолы ашылып, өмірінде оң өзгерістер орын алатынын алға тартты. Бірі жар сұрап, тұрмысқа шығуын ниеттенсе, енді бірі бала көтеруін Алладан тілейді екен. Ал енді бірі баспана, келесі бірі қызметте жолы болуын ниеттенеді.

"Елімізге танымал әрі сыйлы бір кісі бар. Бірінші жары қайтыс болып, өзінен бірнеше жас кіші келіншекті жар еткен. Қанша жылдар бойы әйелі құрсақ көтере алмапты. Осында келіп, кесене ауласындағы алма ағашынан екі түйір алманы жеп, бір жылдан соң маңдайы торсықтай ұл дүниеге алып келді.

Тағы бір жағдай, шаңырақ көтергендеріне бес жыл болған ерлі- зайыптылар маған келіп, мән-жайын түсіндірді. Көп ұзамай егіз ұлды болды. Айта берсем мұндай жайттар өте көп. Бастысы, адамның ішкі тілегі ғой", — деп сөзін жалғады Ұлтуар апа.

Қыз әулиеде танысып, шаңырақ көтеретіндер де бар
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Қыз әулиеде танысып, шаңырақ көтеретіндер де бар

Қыз әулиеде танысып, шаңырақ көтеретіндер де бар

"Бізде қазір күнкөріс қамы деп оқып алайын, кейін жұмыс істейін деп уақытының қалай зулап өтіп жатқанын білмей қалатындар бар. 25-27 жасқа келген соң тұрмысқа шығуды қалап, махаббат іздейді. Мен ондайларға үнемі бір бас екеу болмай, мал төртеу болмайтынын айтып отырамын", — деген шырақшы Қыз әулиеге тек әйелдер емес, тіпті ер азаматтар да өзіне лайықты жарды кездестіруін сұрап келетінін айтты.

"Бірде мынандай жағдай болды, әжептеуір қызметте істейтін бір жігіт анасымен келіпті. Жұмыс-жұмыс деп үйлену туралы тіптен ойланбаса керек, анасы келінді өзім таңдаймын деп отыр. Менің әжелік ақылым, жарды жігіттің өзі таңдағаны абзал. Себебі онымен анасы емес, өзі тұрады. Осында келіп жүріп, ақыры өзі қалаған қызды кездейсоқ кездестіріпті. Дүбірлі той өткізді", — деген шырақшы есінде қалған бір оқиға туралы айтып берді. 

Осыдан біраз жыл бұрын көршілес жатқан Бәйдібек ауданы, Шаян деген ауылдан бір жігіт келген екен. Ағасының отбасымен бірге тұратын жігіт жеңгесімен сөзге келіп, үйінен кетіп қалған. Түркістандағы Ясауи кесенесінде бірнеше күн түнеген оны әлдекім байқап, жағдайын сұраған көрінеді. Барар жері қалмағанын айтқан оған әлгі ер кісі Қыз әулие деген жерге баруға кеңес береді. Осында келіп, шырақшы апаға жағдайын түсіндірген ол содан бері осында әжейдің көмекшісі болып қызмет етеді. Суын тасып, кесене ауласын тазалап тұрады.

Бір күні Қыз әулиеге үш қыз ниет етіп келіпті. Соның алдында ғана әлгі жігіт түс көріп, бейтаныс әйелдің қолына сақина тағып жатқан екен. Оны естіген әжей үш қызбен әңгімелесіп, жігітке ұнаған қыздың қолына сақина салады. Алғашында ол қыз жігіттің сыртқы келбетін менсінбеген екен. Кейін келісімін беріпті. Бүгінде олар Шаян ауылында тұрып жатыр. Төрт баласы бар. Қыз әулиеге жиі бас сұғып тұрады екен. Тағы бір жағдай, 42 жастағы келіншек Алладан жалғыз қалдым, артымда ұрпағым да қалмады деп жыларман болып Қыз әулие басына дұға етіп келген екен. Бірнеше күн келіп жүрген оны тағы бір келуші байқап, інісімен таныстырады. Екеуі бір-бірін ұнатып, шаңырақ көтереді. Бүгінде олар бір қыз тәрбиелеп отыр. 

Тілеген ниетің қабыл болу үшін не істеу керек?

Әулие басына келушілердің тілегі көп жағдайда бір келіп кеткен соң қабыл бола бермейді деген шырақшы оның өзіндік жолдары барын айтты. Мәселен, тұрмысқа шығуын тілеп келетіндер үш күн келуі керек. Палау, манты, тұшпара сынды тағамдарды өз қолдарымен жасауы тиіс.

Кесенеге ниет етіп келген қыздар осы жерде тағамдар әзірлейді
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Кесенеге ниет етіп келген қыздар осы жерде тағамдар әзірлейді

Ол үшін арнайы асхана да бар. Шырақшының айтуынша, бұл орында жаугершілік заманда қаза тапқандардың бейіті бар, сол себептен өлі разы болмай, тірі байымайды деп отыр. Алдымен әруақтарға құран оқылады. Айтпақшы, кесененің төр бөлмесінде жайылған дастархан ешқашан жиылмайды. Келушілер шелпек, нанын алып келеді.

 Кесенеге ниет етіп келген қыздар осы жерде тағамдар әзірлейді
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Кесенеге ниет етіп келген қыздар осы жерде тағамдар әзірлейді

Ниет етіп келген қыздар әзірлеген тағамдар да осында қойылады. Кез келген азамат дастарханнан дәм ауыз тиюі қажет.

Кейін тағам әзірлеген қыздар шырақшының бөлмесіндегі той көйлектерін киеді. Талғамыңызға қарай кез келгенін киюге болады.Оны бұған дейін осында келіп, ақ босаға аттағандар "біздің жолымызды өзгелерге де берсін" деп ырымдап әкелген көрінеді.

  • Кесенеге ниет етіп келген қыздар шырақшының бөлмесіндегі той көйлектерін киеді
    Кесенеге ниет етіп келген қыздар шырақшының бөлмесіндегі той көйлектерін киеді
    © Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
  • Кесенеге ниет етіп келген қыздар шырақшының бөлмесіндегі той көйлектерін киеді
    Кесенеге ниет етіп келген қыздар шырақшының бөлмесіндегі той көйлектерін киеді
    © Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
1 / 2
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Кесенеге ниет етіп келген қыздар шырақшының бөлмесіндегі той көйлектерін киеді

Көйлекті кигендер бөлме ішін үш рет аралап шығады. Осы сәтте шырақшы сыңсу айтады. Ұлтуар апа той көйлегі мен сәукеле киген қыздар құдды бір ұзатылып бара жатқандай толқитынын атап өтті. Мұнан соң қыздар құран кітабына қолын қойып, Алладан тілегінің қабыл болуын сұрайды.

Ұлтуар апа той көйлегі мен сәукеле киген қыздардың құдды бір ұзатылып бара жатқандай толқитынын айтады
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Ұлтуар апа той көйлегі мен сәукеле киген қыздардың құдды бір ұзатылып бара жатқандай толқитынын айтады

Шырақшы қыздардың тұрмысқа шыға алмай жүруінің себебі ата-анасы да байланысты дегенді алға тартты. Айтуынша, тұрмысқа шығуға ұсыныс айтып, келушілер көп болғанымен, ата-анасы қарсылық танытып жатады. Ұлтуар апа оны ата-ананың перзентіне деген қызғанышымен байланыстырды. Яғни, қыздарын өзгеге қимайды, босатқысы келмейді. Сол себепті тұрмысқа шығуын тілеп келетіндер мүмкіндігінше аналарымен бірге келгені дұрыс дейді. Барлық жолын (ас әзірлеп, той көйлегін кию) жасаған соң аналары "Босаттым, босаттым" деп үш рет айтуы керек екен. 

"Бізге келіп, келін атанғандардың санынан жаңыламын. Ризашылығым деп, орамал сыйлап жатады маған. Тойға шақыру да жиі келеді. Бірақ бұрынғыдай күш-қуатым қазір жоқ менде. Той аралап жүрсем, мұнда кім қалады? Сондықтан тойларға көп бара бермеймін", — деген шырақшы бала сұрап келушілер бірінші кезекте егер жағдайлары келсе, құрбандық шалып, ас бергені дұрыс дейді.

"Перзентке зар болып келген ерлі-зайыптылармен алдымен өзім сөйлесемін. Олармен тілдесіп отырып, "бала сүйесің" немесе "үміттеріңді үзе беріңдер" деп кесіп айтамын. Өзіме аян беріледі және ол ешқашан қателеспеген. Бала сүюді армандағандарға да алдымен әруақтарды риза ету керектігін, құран оқытып, иіс шығару қажеттігін айтамын. Әрине, шамасы келсе, олар жасап жатады. Бастысы, ішкі ниетте. Тілегін қабыл ету бір Алланың қолында", — деп сөзін түйді шырақшы.

3844
Кілт сөздер:
кәрі қыз, қыз әулие кесенесі, шырақшы, бойдақ жігіттер, отбасы, Шымкент
Тақырып бойынша
Жігіттің сұлтандары: Қазақстандағы ең танымыл 10 бойдақ
Ел ішінде қоныс аударатын бойдақ қыз-жігіттерге мемлекет қолдау көрсетеді
Оңтүстіктен солтүстікке 125 отбасы аттанды
Шымкентте 558 отбасы қоныс тойын тойлады
Семейде көпбалалы отбасы баспанасыз қалды
Қостанайда үш балалы отбасы мәйітхана ғимаратында тұрып жатыр
Бойдақ жігіттерге қасақана ВИЧ жұқтырған жезөкше ұсталды
Загрузка...