1300 жылдан бері өсіп тұрған тұт ағашы дұға етіп, тілек тілейтін орынға айналды

Мың жылдан астам тарихы бар: Түркістандағы тұт ағашының қасиеті неде?(ФОТО)

800
(Жаңартылды 20:12 28.09.2018)
Тұт ағашы VІІІ ғасырдан бері өсіп тұр

ТҮРКІСТАН, 26 қыркүйек — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысында 1300 жылдан астам уақыттан бері өсіп тұрған тұт ағашы дұға етіп, тілек тілейтін орынға айналды.

Тұт ағашының тарихы

Мың жылдан астам тарихы бар тұт ағашы Кентауға қарасты Қарнақ ауылында орналасқан. Имам Бақли мазары аумағында өсіп тұрған тұт ағашының тарихы туралы түрлі аңыздар айтылады. Тұрғындардың айтуынша, VІІІ ғасырда ислам дінін таратып, елді мұсылманшылыққа үйреткен діндар Имам Бақли жылқысын байламақ болып, қазық етіп ағашты қадап кеткен екен. Уақыт өтіп, өсіп шығады. Ал келесі бір аңыз әңгімеде Пайғамбарымыздың әскербасылары осы маңнан өтіп жатып, ағаштың шыбығын қадап кеткен деседі.

Тарихы терең ағаштың ортасы кеуіп кеткенімен, өнім беруін тоқтатпаған. Қайта жыл сайын жапырағын жайып, тұт өседі
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Тарихы терең ағаштың ортасы кеуіп кеткенімен, өнім беруін тоқтатпаған. Қайта жыл сайын жапырағын жайып, тұт өседі

Тамыры тереңге жайылған тал жергілікті халықтың мақтанышына айналып отыр. Оны күтіп-баптауға бірнеше ұрпақ атсалысыпты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, о баста мұндай ағаштың екеуі болған. Бірін осыдан он жыл бұрын ауыл балалары ойнап жүріп, байқамай өртеп жіберіпті. Қалған бірін енді тұрғындар көненің көзі етіп сақтап келеді. Тіпті асарлатып, тұт ағашы орналасқан аумаққа тас төсеп, орындықтар орнатыпты.

Қазіргі таңда тарихы терең ағаштың ортасы кеуіп кеткенімен, өнім беруін тоқтатпаған. Қайта жыл сайын жапырағын жайып, тұт өседі. Өнім салған уақытта кәдімгідей кезек орын алады. Бәрі де бір түйірінен болса да дәм татуға асығады.

Қарнақ тұрғыны Әшірмәт Атажанов
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Қарнақ тұрғыны Әшірмәт Атажанов

Канададан іздеп келгендер бар

Қарнақ тұрғыны Әшірмәт Атажанов бұған дейін тарихи ағаш туралы көбі біле бермейтін дейді. Тек соңғы жылдары түрлі басылым беттерінде насихаттала бастаған соң арнайы іздеп келушілер саны да артыпты. Олар ағашқа ақ мата байлап, құран оқиды. Мазар жанындағы бұлақтан су ішеді. Тіпті сонау Канада елінен келгендер де болған.

Тамыры тереңге жайылған ағаш жергілікті халықтың мақтанышына айналып отыр, оны күтіп-баптауға бірнеше ұрпақ атсалысқан
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Тамыры тереңге жайылған ағаш жергілікті халықтың мақтанышына айналып отыр, оны күтіп-баптауға бірнеше ұрпақ атсалысқан

"Осыдан бес жылдай уақыт бұрын бұл ағаш көрінбейтін. Себебі айналасын шөп басып, қараусыз қалған еді. Ауыл адамдары болып, реттеу жұмыстарын жасадық. Тас төседік, кезекпен қараймыз. Тұт ағашы нақты зерттелмеген. Ата- бабадан ауызша келе жатқан аңызда оның мың жылдан астам тарихы бары айтылады. Көненің көзі болған соң оны күтіп-баптау — біздің міндетіміз.

Шыны керек, кейде қатты жел тұрғанда ағаш құлап қала ма деп қорқамыз. Шамамыздың келгенінше майысып тұрған бұтағын тіреп қойдық. Қазір Имам Бақли мазаратына зиярат етіп келгендер осы ағаш басында да құран оқып, тілек тілейді. Келушілер саны жыл сайын артып келеді. Канададан да келгендерді көрдік. Біз зиярат етушілерден қайдан келдіңдер деп сұрай бермейміз. Мұнда шырақшы жоқ. Әйтеуір келіп кетіп жатады адамдар", — деді 67 жастағы Әшірмәт Атажанов.

Зиярат етушілердің көбі ұзақ ғұмыр тілейді
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Зиярат етушілердің көбі ұзақ ғұмыр тілейді

Зиярат етушілердің көбі ұзақ ғұмыр тілейді

Ауыл ақсақалы тұт ағашы ерекше қасиетке ие дейді. Оның жапырағы мен бұтағын жұлуға болмайды. Әйтпесе ол адамның мазасы қашып, түсіне жаман оқиғалар енеді. Келушілердің көбі ағаш басында құран оқып болып, ғұмырының ұзақ болуын, жолының ашылуын тілейді екен. Зиярат етушілермен тілдескен тұрғындар бір келген адамның бірнеше рет келгенін де көрген екен. Олардың қатарында танымал шенеуніктерге дейін бар.

"Қасиеті болмаса, адамдар зиярат етпеуші еді ғой. Олармен сөйлескенімде кәдімгідей жеңілденіп қалатынын айтып жатады. Өз көзіммен көргенім жоқ, бірақ марқұм әкем бала көтере алмай жүрген әйелдер ағаш басында түнеп, перзент сүйіп жататын дегенді айтып отырушы еді.

Бұл ағаш кез келгеннің жолын ашып, тілегін қабыл етеді деп ешкім кепілдік бермейді. Бәрі де зиярат етушінің ниетінің тазалығында. Бұл Алланың нұры жауған жер дер едім. Әйтпесе осыншама жыл өсіп тұрмаушы еді", —  деп сөзін жалғады ақсақал.

Тұт ағашы ЮНЕСКО қарауына енуі мүмкін
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Тұт ағашы ЮНЕСКО қарауына енуі мүмкін

Тұт ағашы ЮНЕСКО қарауына енуі мүмкін

Тұт ағашы туралы көп айтыла бастаған соң ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкілі келіп, зерттеу жұмыстарын жасайтынын айтып кетіпті. Содан соң бұл орын ЮНЕСКО қарамағындағы тарихи нысандар тізіміне енуі мүмкін. Бұл жаңалықты естіген тұрғындар енді сол күнді тағатсыздана күтіп отыр. Себебі қарауға алынса, тұт ағашын сақтап қалуға болады деген сенімде.

Тұт ағашының ені шамамен тоғыз метр, алты адамның құшағы әрең жетеді
© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы
Тұт ағашының ені шамамен тоғыз метр, алты адамның құшағы әрең жетеді

Айта кетерлігі, тұт ағашының биіктігі туралы нақты мәлімет жоқ. Ал ені шамамен тоғыз метр. Алты адамның құшағы әрең жетеді.

800
Кілт сөздер:
зиярат етушілер, тұт ағашы, Кентау, Түркістан облысы
Тақырып бойынша
Түркістандағы киелі құдықтың шырақшысы өзі куә болған тылсым күш туралы айтты
Мұхамедиұлы кесенеде намаз оқитындар туристерді шошытатынын айтты
"Тапқыр шебер" атанған түркістандық қария ерекше ісімен жұртты таңғалдырып жүр - фото
Отыз жасында 8 бала туған түркістандық келіншек қандай арманы бар екенін айтты
7 жасында сүндеттелген түркістандық кәріс жігіт мұсылман қызға үйленгісі келеді
Загрузка...