ШҚО тұрғыны Земфира Кәкенованың отаға дейінгі және кейінгі суреті

"Дәрігерлер кінәлі": ШҚО тұрғыны мүгедек болып қалған әйелі мен 3 баласын өзі бағып отыр

2322
(Жаңартылды 12:09 24.01.2019)
Мұратбек Кәкенов әйелінің мүгедек болып қалуына дәрігерлердің кінәлі екенін айтады

АСТАНА, 22 қаңтар — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. 2016 жылы наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Қарағайлы ауылының тұрғыны Земфира Кәкенованың өмірі түбегейлі өзгерді. Ол осы күні қағанағынан суы кетіп Семей қаласындағы №3 перзентханаға келген болатын. Отағасының айтуынша, дәрігерлер екі тәулік бойы "өзі босанады" деп ешқандай шара қолданбаған. Ақырында әйел есінен тана бастағаннан кейін ғана кесар тілігін жасап, іштегі сәбиді аман алып қалады.

Аңсар бүгінде үш жаста, өзі дін аман. Алайда анасының халі мүшкіл. Қазақстандық дәрігерлер оны емдей алмайтынын айтып, шетелдік мамандарға жіберіп жатыр. Ал шетелдік мамандардың алдына бару үшін отбасының қаражаты жеткіліксіз. Осы орайда, Земфира Кәкенованың күйеуі Мұратбек Кәкенов қазақстандықтардан емге қажетті ақшаны жинауға көмек сұрап, әйелінің мұндай жағдайға қалай тап болғанын баяндап берді. Айтуынша, жадырап жүрген сүйіктісінің бір күнде мүгедекке айналуына дәрігерлер кінәлі.

"Емге 40 миллион теңге қажет"

"Дәрігерлер әйелімнің "өзім босанамын" деп қолхат бергенін айтады. Бірақ бұл қағаз еш жерде жоқ. Кесар тілігі арқылы сәбиді алған соң, әйелімнен қан кете бастайды. Осы кезде жатырды алып тастау отасын жасау үшін жансыздандыратын дәрі салады. Алайда осының алдында асқазанын тазаламағандықтан құсып, кейін өзінің құсығына тұншығып қалады. Мұнымен қоймай, әйелім комаға түскен кезде оны жасанды жолмен оттегі беретін сынған аппаратпен демалдырған. Істейтін аппаратты №1 перзентханадан тек төрт сағаттан кейін ғана әкелген", — дейді Мұратбек Кәкенов.

Тағы оқыңыз:

Бүгінде дәрігерлер Земфира Кәкенованың тәні ғана емес, жаны да сау еместігін айтады. Өзі еркін қозғала алмайды. Тіпті, үш жылдан бері жалғыз өзі дәретханаға барып көрмеген. Сондай-ақ, оны отағасының өзі киіндіріп-шешіндіріп, қажет кезде тамағын береді. Мұратбек Кәкенов бүгінде бар уақытын әйеліне ғана арнайтынын айтады. Бұдан бөлек үш баласына өзі қарайлап, сабаққа апарып-алып келеді. Кенжесіне қарайлауға анда-санда енесі көмектеседі. Осылайша үйден шығып кеткенінде көршісіне ақша төлеп, әйеліне жәрдемдесе тұруға өтініш білдіреді.

"Құдайға шүкір, балаларым түсініп, қолдау білдіреді. Олар да етегіме жармасып жылап жатса, не боларын білмеймін. Осы үшін Аллаға алғысым шексіз. Әйтпесе, жынданып кететін шығармын. Сосын Гүлнәр есімді қарындасыма рахмет. Алла тағала бізге жасаған жақсылығын оған қайтаруына тілектеспін. Мені біреулер арқылы тауып, көмек қолын созып жатыр. Әйтпесе, мен интернет қолданудың да не екенін білмеймін. Жалпы бір рет шетелге барып ем алып келуге 40 миллион теңге қаражат керек болып тұр. Әзірдің өзінде соның 115 мыңы жиналып үлгерді", — деп қуанышымен бөлісті отағасы.

Мұратбек Кәкенов 2018 жылдың көктемінде ақша жинап, әйелін Новосібір қаласында емдетіп келген. Ол әйелінің бұдан да көп уақыт емделуі керектігін айтады. Он күннің ішінде емнің қандай нәтиже бергенін өз көзімен көргендіктен, шетелдегі емнің пайдалы болатынына сенімді. Дәіргерлер де "Неғұрлым көбірек келсе, соғұрлым өзіне жақсы болады" деп ескерткен. Сондай-ақ, 40 миллион теңге жиналған жағдайда әйелін Томск қаласындағы мамандарға алып барып, тамағын көрсетпек. Себебі, қазір әйелінің тамағында түтікше тұр. Оны ай сайын Астана қаласындағы дәрігерлерге әкеліп, тазартып тұрады. Бірақ, кейде ақша болмай, 3-4 айда бір рет келуге мәжбүр.

"Қарындастарым әйелімнен шошып түсік жасатты"

"Земфираны Марина Александровна есімді дәрігер емдеді. Сол дәрігер кетіп бара жатқанымызда "Келгенде аппараттың көмегімен ешқандай алма жинай алмап еді, енді жинаған алмасының саны 30-ға жетті. Бұл емнің қаншалықты пайдасы бар екенін өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, иә?" деп сұрады. Расымен де, әйелім көктемнен бері оң қолымен қасық ұстап, өз күшімен 3-4 қасық тамақ іше алады. Үйде болған кезде де өзім түрлі жаттығу жасатамын. Ойыншық қармақтың көмегімен балық аулайды. Әрине, мұның барлығын оңалту орталығымен салыстыруға келмейді. Десе де, 5-6 қадамды арбаның көмегімен жүріп жатқанына қуаныштымын", — дейді ол.

Тағы оқыңыз:

Бүгінде бұл отбасы көмек қолын созатын логопед маман іздеп жүр. Отағасы соңғы уақытта әйелінің сөйлеуден қалып бара жатқанын айтады. Сондай-ақ, ол әйелінің мүгедек болып қалуына дәрігерлерді кінәлайтынын жеткізді. Бірақ істі сотқа берудегі мақсаты — дәрігерлерді түрмеге отырғызу емес, басқа мамандарға сабақ болсын деген ниеті. Олардан өтемақы талап етуді де жөн көріп отыр.

Бүгінде алыс-жақын туысқандары Земфира Кәкенованың жағдайын көріп, босанудан бас тартқан. Арасында қатты есеңгіреп, түсік жасатуға дейін барғандар да болған.

"Дәрігерлердің жұмысына адал болғанын қалаймын. Себебі, менің екі қарындасым әйелімді көріп, шошып қалды. Дәл осындай жағдайға түсіп қалмайын деп түсік жасатты. Бүгінде дәрігерлер кесірінен әйелімнің бүйрегі ауырып, дәретханаға әр 5 минут сайын барып жүр", — дейді ол.

Дәрігерлерді екінші рет сотқа бермек

Мұратбек Кәкеновтің айтуынша, қолда дәлелдердің бар екеніне қарамастан, тергеу жабылып қалған. Ал мұның себебін оған тергеу уақытының тым ұзаққа созылып кетуімен түсіндірген. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесі бұл жағдайға бір анестезиолог маманның кінәлі екенін көрсеткен. Алайда отағасы бұған сенуден бас тартып отыр. Өзі жүргізген зерттеу бойынша, керісінше кінәлі деп танылған маманның тәжірибесі басқаларына қарағанда әлдеқайда мол.

"Бастапқыда кесар тілігін жасаған дәрігер бір нәрсені дұрыс кеспей, қан кетті деп ойлаймын. Бірақ ол істе мүлдем жоқ. Құдды отаға кірмеген адам сияқты. Тіпті, істе аппараттың дұрыс істемегені туралы да сөз қозғалмаған. Көбісі анестезиолог маман инкубацияны 4 минутқа созып жібергендіктен, ми гипоксиясы болғанын айтады. Ота кезінде іште болған дәрігердің барлығының түсін түстеп, атын атай алмаймын. Бірақ олардың ішінде 4 дәрігерді нақты білемін. Қалғандары бірнеше көмекші болуы керек", — дейді Мұратбек Кәкенов.

Тағы оқыңыз:

Қарағайлы ауылының тұрғыны мұнымен тоқтап қалмай, денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жазады. Министрліктегілер өтініштің толықтай қанағаттандырылғанын айтып, екінші рет сотқа жүгінуге кеңес берген. Мұратбек Кәкенов екінші мәрте сотқа бару үшін қолында дәлелдер бар екенін айтады.

Қалай көмектесуге болады?

Дәл қазір Мұратбек Кәкеновтің бар ойы — әйелінің еміне ақша жинап, оны шетелге барып емдету. Көмектесем деушілер болса, келесі нөмірге қаражат аударуына болады: Kaspi Gold 5169 4931 0837 7741, ЖСН 730511301216. Сондай-ақ, қосымша ақпаратты желісіндегі парақшадан көруге болады.

2322
Кілт сөздер:
кесар тілігі, ота, жүктілік, дәрігер, сот, ШҚО, Семей
Тақырып бойынша
Дәрігер науқастың бүйрегін қатерлі ісікпен шатастырып алып тастады
110 келіге арықтады: белгілі дәрігер салмақтан арылудың бірегей тәсілі туралы айтты
Жүкті әйелді қабылдаудан бас тартқан дәрігер ауруханаға түсті
Ақмола облысының ауруханасында намаз оқыған дәрігер сотта жауап берді
Қателескен дәрігер науқасты алдап екі рет ота жасаған
Астанада дәрігер науқасты соққыға жықты: оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Дәрігер ота жасағаннан кейін науқасты зорлап тастады
Загрузка...