Аяз және боран

Қазақстанның 10 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды

178
Қазгидромет қатты аяз бен боранға байланысты еліміздің басым бөлігінде дабылды ескерту жариялады

АСТАНА, 4 ақпан — Sputnik. Қазақстанның синоптиктері ауа райына байланысты он облыста дабылды ескерту жариялады.

Оңтүстікте

5-6 ақпанда Жамбыл облысының кей жерінде оңтүстік-батыстан соққан жел солтүстік-шығысқа ауысады, екіпіні 15-20 м/с, 5 ақпанда күндіз, 6 ақпанда түнде 23-28 м/с-қа дейін ұйытқиды. 6 ақпанда түнде кей жерде қар қалың жауып, бұрқасындатады. Кей жерде тұман, көктайғақ болады. 6-7 ақпан аралығында облыстың солтүстік-шығысында түнде ауа температурасы минус 20-25 градусқа дейін төмендейді.

5 ақпанда күндіз Түркістан облысының таулы өңірінде қар қалың жауады. 5-6 ақпанда кей жерде тұман, көктайғақ, бұрқасын болып, солтүстік пен солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді, тау бөктерінде 23-28 м/с-қа дейін ұйытқиды. 6 ақпанда түнде ауа температурасы 12-17 градус аяз болып, кей жерде минус 22-27 градусқа дейін төмендейді.

6 ақпанда Алматы облысының кей жерінде қалың қар жауып, тұман, көктайғақ және бұрқасын болуы ықтимал. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні кей жерде 15-20 м/с болып, 23-28 м/с-қа дейін ұйытқиды. 6-7 ақпан аралығында түнде ауа температурасы 10-15 градус аяз болады, кей жерде 20-25 градус аяздан минус 15-20 градусқа дейін көтеріліп, кей жерде сынап бағанасы 25-30 градусқа дейін нөлден төмендейді.

6 ақпанда түнде Қызылорда облысында 18-23 градус аяз, кей жерде сынап бағанасы минус 28-33 градусты көрсетеді.

Солтүстік пен орталықта

6 ақпанда түнде Қостанай облысында 33-38 градус аяз, кей жерде қатты аяз болып, минус 43 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

6-7 ақпан аралығында түнде Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарында қатты аяз – 37-42 градус, кей жерде тіпті 45 градус аяз болуы ықтимал.

5 ақпанда Ақмола облысында қар жауады, кей жерде бұрқасын болады. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, түнде және таңертең ұйытқуы 23-28 м/с-қа дейін жетеді.

Шығыста

6 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының кей жерінде қар қалың түсіп, бұрқасындатады. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей жерде ұйытқуы – 30 м/с және одан асады. 6-7 ақпан аралығында түнде ауа температурасы минус 23-28 градус, кей жерде 33-38 градус аяздан 37-42, кей жерде 45 градус аязға дейін төмендейді.

Елордада

Астана қаласында 5 ақпанда қар және бұрқасын болады, солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с. 6-7 ақпанда түнде қатты аяз – минус 37-39 градус.

178
Кілт сөздер:
Астана, өңірлер, дабылды ескерту, қатты аяз
Загрузка...