Жансақтау бөлімі

Талдықорғанда отбасы уланып қалды: жалғыз тірі қалған бала есін жиды

1029
Бір үйде газбен уланған үш адам қаза тауып, сегіз жастағы Руслан ғана аман қалған

ТАЛДЫҚОРҒАН, 16 ақпан — Sputnik. Талдықорған ауруханасында иіс тиіп уланып қалған сегіз жастағы бала есін жиды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

15 ақпанда Талдықорған қаласының Гауһар ана көшесіндегі жеке үйлердің бірінде газбен уланып қалған төрт адам табылды. Жалғыз тірі қалған Руслан Чинаев комада жатқан күйі жергілікті аурухананың жансақтау бөліміне түскен.

"Газбен уланып қалған 72 жастағы әйел, 53 жастағы ер адам мен төрт жастағы қыз қайтыс болды. Сегіз жастағы бала ғана тірі қалып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген", - деп мәлімет берді Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, дәрігерлердің күшімен сегіз жастағы Руслан Чинаев комадан оянды.

"Баланың жағдайы әлі ауыр, бірақ беті бері қарағанына қуанып жатырмыз. Түнгі бірде ауруханаға түскенінде, таңға дейін жан тапсыра ма деп қорыққан едік. Маңызды органдарының бәрі уланған оны бірден жасанды тыныс алу аппаратына қостық. Абырой болғанда, қазір баланың халі жақсы, есін жиды, сөйлеседі, дұрыс қимылдайды. Ертең жансақтау бөлімінен палатаға шығарамыз деп отырмыз", - деп мәлімет берді облыстық балалар ауруханасының меңгерушісі Марат Досқалиев.

Естеріңізге сала кетсек, жеке үйде үлкен отбасы тұрып жатқан, қаралы күні үшеуі жоқ болған. 29 жастағы әйел мен 59 жастағы әже түнде көлік жуу орталығына жұмысқа кетеді. Әйелмен бірге тұратын ер адам да үйінде түнемепті. Отбасы жалдап тұрған үйдің иесі де сол маңда көрші тұратын болып шықты, оған қауіпсіздік талаптары бұзылғаны ескертілсе де, ол құлақ аспаған сыңайлы.

1029
Кілт сөздер:
бала, улану, Талдықорған
Загрузка...