Көліктің жүк салғышында жатқан доллар, травматикалық тапанша, оқ-дәрі

Шалтабаевтың қатысы бар ма: бір бума ақша табылған көлік кімге тиесілі екені анықталды

412
(Жаңартылды 18:05 16.04.2019)
Көліктің жүк салғышынан травматикалық қару, оқ-дәрі және айналымға арналмаған бір бума доллар табылған еді

АЛМАТЫ, 16 сәуір — Sputnik. Қазақстанның мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Талдықорғанның бұрынғы әкіміне қатысты қызметтік тексерістің нәтижесін жария етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Құзырлы органның мәліметінше, Алматыда 19 наурызда тоқтатылған 055 QQQ 05 мемлекеттік нөмірдегі Toyota Camry көлігі Дастан Шалтабаевтың ұлы Тұрлыхан Тұрарбектікі екен. Бірақ көлікті бұрынғы әкімнің баласы емес, оның сыныптасы Арлан Шәріпов тізгіндеген. Одан бөлек, көлік ішінде С. Бейсен және Н.Мақұл есімді жолаушылар отырыпты.

"Н.Мақұл деген азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 287-бабы, яғни "газды қаруды заңсыз сақтау" бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ал жүргізуші Шәріповке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша үш бірдей іс қозғалды", - делінген хабарламада.

Анықталғандай, сол күні көлік иесі Тұрлыхан Тұрарбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сабақта болған.

"Қызметтік тексерістің нәтижесінде Дастан Шалтабаевтың тарапынан заң бұзушылық орын алған жоқ деген қорытынды шығарылды", - деді департаменттен.

Тағы оқыңыз: Тапанша, оқ-дәрі және бір бума ақша: Алматы орталығында мұздай қаруланған ер адам ұсталды

Айта кетсек, 19 наурызда Алматы қаласының орталығында полицейлер жедел қызметтің арнайы сигналы орнатылған Toyota Camry 70 көлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде жүк салғыштан травматикалық қару, оқ-дәрі және айналымға арналмаған бір бума доллар табылған. Кейін жүргізушінің көлікті заңсыз жүргізгені анықталды.

Осы шулы оқиғадан соң, көп ұзамай, 12 сәуірде Дастан Шалтабаев Талдықорған әкімі қызметінен кетті. Кейіннен оның облыстық әкімдіктегі "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы бойынша жұмыстың жетекшісі боп тағайындалғаны белгілі болды.

412
Кілт сөздер:
жүргізуші, доллар, тапанша, көлік, әкім, Талдықорған
Загрузка...