Пышақ ұстап тұрған ер адам

"Тірідей көміп тастады": Алматыда екі таксисті не үшін қинап өлтірді?

13921
Оқиға 2014 жылы 22 мамырда болған. Қаскөйдің біреуі 19, екіншісі 18 жылға бас бостандығынан айырылды

НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Алматының Медеу аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері кезекшілікті тапсыруға дайындалып жатқан. Бір кезде ғимаратқа зәре-құты қашқан жігіт кіріп келді де, кезекші полицейден тездетіп тергеушіні шақыруды өтіне бастады. Денесі қалшылдап, дауысы дірілдеп тұр. "Мен оларды қалай өлтіргенін көрдім" деген сөзін қайталай берді, қайталай берді. Sputnik Қазақстан қылмыстық материалдарға сүйеніп, Алматыдағы екі таксисті тірідей көміп тастаған әріптестерінің қылмысы туралы баяндайды.

Қылмыстың болғаны рас па?

Тергеушінің кабинетінде Ділшат Тайыпов екі жас жігіттің өліміне куә болғанын айтты. Бірақ әңгімелеп берген оқиғасы тым шытырман болып кетті. Қабыспай жатқан жерлері де көп. Бас кезінде құқық қорғаушылар оның айтқанына сенбеді. Ақылынан адасты, я болмаса, есірткінің буымен жүр деген ой да қылаң етті.

Оның айтуынша, Алматыдағы дәмханалардың бірінде екі жігітті соққыға жыққан. Одан кейін бәрінің көзінше оның көлігіне салып, қаланың сыртына алып шыққан. Сол жерде алдымен пышақпен тілгілеген. Сосын тірідей көміп тастады.

Полицейлер алдымен "102"-ге түскен шұғыл ақпаратты тексеріп шықты. Алайда біреуді ұрлап кеткені туралы мәлімет болмады. Бірақ Ділшат айтқанынан қайтпады. Оқиға орнына бірге барайықшы деп жалынды.

Тағы оқыңыз: Бүтін бір отбасын атып, өртеп жіберді: Алматы облысында болған қылмыс

Ділшат тергеушіні және кезекші полицейлерді Алматыдан 15 шақырым шалғай жердегі Тұздыбастау ауылына алып барды. Сол жерде мұсылмандар зираты бар. Сәл жүргеннен кейін оқиға орнын көрсетті. Құқық қорғаушылар айналаның бәрін қарап шықты. Бірақ қылмыс ізін таппады. Соған қарамастан, Тайыпов қылмысты өз көзімен көргенін айтумен болды.

Екі жігіттің жатқан жерін қалай табылды

Ділшаттың қайтпайтын мінезі өз пайдасын тигізді. Ол қылмыскерлердің өлімші болып жараланған екі жігітті жыраға тастап, көміп тастауға дайындалып жатқанда көлігімен қашып кеткенін қайта-қайта айтты. Осы кезде полицейлердің жүйкесі тоза бастады. Дегенмен, олар зиратты толығымен қарап кетуді шешті. 

Құқық қорғаушылардың біреуі қопарылып жатқан жерді байқап қалады. Қабір де емес, бірақ жердің енді ғана қазылғаны бірден көзге түсті. Үстіңгі бетін сәл алғаннан кейін Ділшаттың айтқаны расталды.

Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы келіп, екі ер адамның мәйтін алып шықты. Сот-медициналық сараптама мен криминалист тексерісі басталмаса да, бәрі екі адамның өлім алдында қатты қиналғанын түсінді. Біреуі мойнындағы бірнеше пышақ жарақатынан қайтыс болса, екіншісі тыныс алу жолдарына кірген топырақтан тұншығып өлді. Себебі оны тірідей көміп тастады.

Тағы оқыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

Куәгер Ділшат Тайыпов екеуін де таныды. Дәл осы жігіттер оның жүксалғышында жатқан. Ал тергеушілер мерт болғандардың кім екенін анықтады. Олар - ағалы-інілі Медет Шопатов пен Мақсат Мүкеев. Екеуі де 30 жаста болған.

Таксистер олай төбелеспейтін...

Оқиға орнын тексеру шаралары бітпей жатып, ағалы-інілі екі жігітті өлтіргендер де анықталды. Бірнеше сағаттан кейін екеуі де полиция бөліміне жеткізілді. Біреуі 50 жастағы Жомарт Мұхамадиев болса, екіншісі оның жиені – 29 жастағы Алмас Ахметов. Сөйтсе, қайтыс болған жігіттер де, оларды тірідей көміп тастағандар да бір салада жұмыс істеген. Барлығы – такси жүргізушісі.

Тергеушілер таксист жігіттердің Алматыдағы халықаралық әуежайдан жолаушыларды тасымалдағанын білгеннен кейін клиент үшін қырылысып қалды деп ойлады. Себебі ондай оқиғалар талай рет болған. Бірақ бұған дейін "точка" үшін қырылысқан таксистер бір-бірінің дөңгелегін тесіп кететін, ары кетсе, төбелесіп тарайтын. Ал осы жолы екі таксист өз әріптестерін аса қатыгездікпен өлтірген. Неге?

Ділшат Тайыпов төбелестің себебін білмеді. Бірақ қылмыстың қалай болғанын бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Оның айтуынша, түнгі уақытта танысы Алмас Ахметов Тұздыбастау ауылынан хабарласып, шұғыл Алматыдағы бір дәмханаға апару керек екенін, сосын қайтадан ауылға баратынын айтты. Сол үшін жақсы ақы төлеймін дегеннен кейін Ділшат бірден келісті.

Ахметов жол бойы күйіп-пісіп, асығып отырды. Ағасын біреулер ұрып жатыр деп айтты. Ділшаттың қатты жүрсек, камераға түсіп қаламыз дегеніне қарамай, балағаттап, жекіп тастады. Ал дәмханаға келгенде Ахметов атып шықты да, төбелесіп жатқан адамдардың арасына кіріп кетті. Ағасына жабылған бір адамды қатты соққымен құлатты, екіншісін ағасымен бірге тепкілеп тастады.

Төбелес неден басталды?

Жомарт Мұхамадиев пен Алмас Ахметов екі қарсыласын құлатып, есінен тандырғаннан кейін сәл ойланып тұрды. Одан кейін екеуін көтеріп алып, Ділшаттың жүксалғышына тықты.

"Мен қарсылық білдірсем де, қараған жоқ. Мені қорқытып, рөлге отырғызды. Сосын Тұздыбастауға жүруге бұйрық берді. Жолда олар бәрін дұрыс істесең, саған тиіспейміз деп бірнеше рет айтты", - дейді Тайыпов.

Ал күдіктілерден сұрау алу барысында төбелестің себебі белгілі болды. Баяғы мәселе, ер адамдар дәмханада бірге отырған, артынан банкеттің ақшасын кім төлейтінін шеше алмады. Сол күні Мұхамадиевтің өзі таксист әріптестеріне жұмысты ертерек бітіріп, жақында танысқан қыздармен бірге дәмханаға баруға ұсыныс жасаған. Жолдастары қуана-қуана келісті.

Таксистердің отырысы кеш бітті. Даяшы шотты алып келді. Қараса, 18 мың теңгеден асып тұр. Сол кезде Мұхамадиев ақшаны бөліп төлейміз деп шықты. Алайда екі жолдасы оған келіспеді. Содан жанжал басталды. Мұхамадиев жалғыз өзі екі жас жігітке төтеп бере алмайтынын түсінді де, жиеніне хабарласып, соққыға жығылғанын айтып үлгереді.

Тергеушілердің мәліметіне сәйкес, Алмас Ахметов қызуқанды мінезімен талай рет көзге түскен. Мәселенің мәнін сұрамай, бірден төбелесіп кететін. Бір рет қарақшылық қылмысқа да барды. Сол үшін сот алдында жауап берген. Ал осы жолы ағасы шақырғаннан кейін ештеңені сұраған да жоқ. Екі қарсыласын құлатқаннан кейін ағасы екеуі оларды жақсылап тұрып қорқытамыз деп, ескі зиратқа алып баруға келіскен.

Екеуін ұзақ уақыт қинаған

Жолда жүксалғышта жатқан екі таксист есін жиып, айқайлай бастайды. Мас болғандары да әсер еткен болуы керек, екеуі қоймай, соққыға жыққандарды қорқытып, ертең-ақ жазасын беретінін айтқан. Оған Мұхамадиев одан бетер ашуланып кетті. Қызуқанды Ахметов та өзін ұстай алмады.

Куәгер Ділшат Тайыповтың айтуынша, ағасы мен жиені екі жігітті өлтірмес бұрын ұзақ уақыт қинаған. Ахметов жол-жөнекей өз үйінен күрек ала шығыпты. Дәл сол күрекпен екі адамды қатты ұрғаны сонша, сабы сынып кеткен.

"Күректің сабы сынғаннан кейін олар менің машинамда жатқан өрт сөндіргішпен ұрды. Артынан дәрі қобдишасынан шприцті алып, соған жаңбырдың суын құйған. Сосын қайтыс болған екі жігіттің қан тамырына салған. Жүксалғышта пышақ та болды. Оны да пайдаланған", - деді Тайыпов сотта.

Ділшат қандықол қылмыскерлерді тоқтатпақшы болғанда өзі де таяқ жеп қалды. "Араласпа, әйтпесе, сені де көміп тастаймыз!" деген сөзден кейін ол қашуға бел байлайды. Ал ішкі істер басқармасына жеткенше қылмыскерлер екі жігітті басқа жерге сүйреп апарады да, көміп тастайды. Тайыпов полицияны алып келсе де, ештеңе таппайды деп ойлаған. Бірақ жоспарлары іске аспады.

Сотта Жомарт Мұхамадиев барлығын өз мойнына алуға тырысты. Алайда судья оған сенген жоқ. Оны 19 жылға бас бостандығынан айырса, жиені 18 жылға түрмеге қамалды.

13921
Кілт сөздер:
такси жүргізушісі, Алматы
Тақырып бойынша
Түркістанда ата-анасының айлығын алған бойжеткенді "таксист" қинап өлтірген
Қыздың әкесі мен ағалары қос ғашықтың үстінен түсті: қайғылы оқиға болды
Қос ғашықты тірідей өртеді: әйел өлер алдында шындықты айтып кетті    
Түркістанда жас келіншекті өлтірген таксист оқиғаның қалай болғанын баяндады
Алматы облысында әйелдерге қырғидай тиетін таксист ұсталды
Әлеуметтік желі, архивтегі фото

Арыста танысының үйінде қонақта болған жігіт ұятқа қалды

38
"Samsung" және "Nokia" телефондарын ұрлаған Арыс қаласының тұрғыны, жәбірленушінің танысы болып шықты

НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Арыс қаласының полицейлері екі ұялы телефон ұрлаған ұрыны ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Арыс қаласының тұрғыны полицияға арызданып, үйінен "Samsung" және "Nokia" маркалы екі ұялы телефоны ұрланғаны жөнінде хабарлаған. Бұл жайт Қазақстан Қылмыстық кодексінің "Ұрлық" бабы бойынша тіркелді.

Арыс АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері бірден оқиға орнына шықты. Полиция қызметкерлері жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлерден жауап алды.

Оқи отырыңыз: Өзен бойында демалып жүрген қария 130 мың теңгесін ұрлатты 

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Арыс аудандық полицейлері телефон ұрлаған күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотты болған Арыс қаласының тұрғыны, жәбірленушінің танысы болып шықты.

Анықталғандай жігіт жәбірленушімен бірге ішімдік ішкеннен кейін, ұялы телефондарын жымқырып, қылмыс орнынан қашып кеткен. Содан кейін ұрланған телефондарды сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Айғақ зат ретінде ұрланған ұялы телефондар тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Ұялы телефондарды ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

38
Кілт сөздер:
телефон, қонақ
Тақырып бойынша
Астанада балалар арбасынан әмиян ұрлаған қыз видеоға түсіп қалды
Сегіз кредит жапқан: қомақты қаржы ұрлаған Қазақстан азаматы Ресейде ұсталды
Қостанай облысында шұжықтың көмегімен 12 миллион теңгенің ұрлығы ашылды
Ұлының еміне жиналған қаржыдан көз жазып қалған әйел қайтыс болды
Құжат, қол қою

Полиция Түркістан облысы тұрғынының заңсыз әрекетін әшкереледі

149
(Жаңартылды 11:13 05.08.2020)
Аудандағы тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, барлық қажетті тексеру жұмысы жүргізілді

АЛМАТЫ, 5 тамыз – Sputnik. Түркістан облысында бес тұрғынның ақшасын есепшотынан шешіп алған пошта қызметкері ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz порталы.

"Келес ауданы полиция бөліміне екі тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, оларға мемлекет тарапынан бөлініп, есепшоттарына түскен атаулы әлеуметтік жәрдемақының бір бөлігін белгісіз біреу шешіп алған. Алаяқ екі әйелдің 300 000 теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденді", - делінген ақпаратта.

Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгізілді.

Аудандағы тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, барлық қажетті тексеру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде полиция осы қылмысқа қатысты күдіктінің жеке-басын анықтады. 

"Күдікті жергілікті тұрғын поштаның бұрынғы қызметкері болып шықты. Тергеу барысында күдікті пошта бөлімшесінде жұмыс істегенде өзі қол қойып, тұрғындардың ақшасын шешіп алғаны анықталды. Сонымен қатар күдіктінің осыған ұқсас тағы үш жайтқа қатысы бар екені белгілі болды", - деп хабарлады полиция.

Тағы оқыңыз: Полиция Шымкентте болған қылмысқа қатысты ақпарат жариялады - видео

Күдікті кінәсін толық мойындап отыр. Ол жәбірленушілердің 1,5 миллион теңгеге жуық ақшасын есепшоттарынан заңсыз алып, өз қажеттілігіне жаратып жіберген. 

Күдікті қазір қолхатпен босатылды. Өзінің қызметін пайдалана отырып, жалған құжаттармен өзгенің сеніп тапсырған ақшасын иемденді деген күдікке ілінген азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

149
Кілт сөздер:
алаяқтық, тұрғын, полиция, Түркістан облысы
Тақырып бойынша
Түркістан облысында жанжалдың немен аяқталғаны белгілі болды
Шымкентте төрт адамды өлтіріп кетті
Полиция Түркістан облысындағы жағдай туралы ақпарат таратты
Шымкентте түсірілген видео жұрттың жағасын ұстатты - полиция түсініктемесі
Түркістан облысында той болып жатқан үйге шақырылмаған "қонақтар" кіріп келді
WhatsApp мессенджері

Жеке бас араздығы үшін желіде жалған ақпарат таратқан әйел анықталды

0
(Жаңартылды 19:34 05.08.2020)
Полицейлердің айтуынша, өзара араздасқан тараптар медиация тәсілі арқылы татуласуға келіскен

АЛМАТЫ, 5 тамыз – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында әйел WhatsApp желісінде танысының фотосын жариялап, оның маньяк екенін айтқан. Polisia.kz порталының хабарлауынша, 27 жастағы тұрғын фотодағы азаматпен араздасып қалған соң, осындай әрекетке барған.

Автор желіде жариялаған фотосының жанына: "Сақ болыңыздар! Мамлют қаласындағы жұмысшы кентінде маньяк пайда болды. Кешкісін құрбандарын іздейді. 30 шілдеде ол жас қыздың соңынан жүгірді, қуанышқа қарай бойжеткен қашып үлгерді. Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған" деп жазып, хабарламаны мессенждерлерде таратқан.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жалған ақпарат таратушыны мониторинг жүргізу арқылы тапты.

"Тәртіп сақшылары аудан орталығының 27 жастағы тұрғынын анықтады. Ол өзінің танысымен арада туындаған кикілжіңге байланысты жалған ақпарат таратқанын мойындады", - делінген ақпаратта.

3 тамызда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі "жала жабу" бойынша әкімшілік сот отырысы өтті. Медиация нәтижесінде жәбірленуші шағымдардан бас тартып, жерлесімен татуласуға келісті.

"Егер бұл жерде медиация тәсілі қолданылмағанда тәртіп бұзушыға 180 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу (500 040 теңге) немесе 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жауапкершілік жүктелетін еді. Заңда жеке тұлғаларға жала жапқаны үшін, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне, беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін дәл осындай жаза қарастырылған", - деді Мамлют аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Әлжанов.

0