Өңірлер

Даниал Ахметов Зайсанға келді: қазір онда не болып жатыр

Жазылу
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Зайсан ауданында коронавирусқа қатысты жалған ақпарат тарағанын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Зайсан ауданына барып, карантиндік стационарлардың ашылу мәселесін халықпен бірге талқылады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар келісімшартпен жүрген Қытай азаматтарын елге қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Стационарды алып тастайды

Айта кетейік, бүгіннен бастап бас санитарлық дәрігердің арнайы қаулысы күшіне енген болатын. Оған сәйкес, коронавирус инфекциясы тіркелген мемлекеттерден келетін азаматтардың барлығы міндетті түрде карантинге жатқызылады. Сол үшін жергілікті жерде арнайы стационарлар ашылды.

Тура сондай карантинтік нысандар Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында да ашылған. Бірақ жергілікті халық арасында "стационарлар коронавируспен ауыратын Қытай азаматтары үшін ашылды" деген жалған ақпарат тараған. Содан кеше Сарытерек пен Айнабұлақтың тұрғындары наразылық білдіріп, стационарда тұрған барлық кереуетт пен төсек орынды далаға шығарып тастады. Халық көшеге шығып, карантинтік стационардың бәрін жауып тастауды талап етті. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Dinara ERBOLKYZY (@didi_semey)

Бүгін ауданға облыс басшысы Даниал Ахметов те барды. Ол жергілікті тұрғындармен бірнеше кездесу өткізіп, стационардардың не үшін ашылғанын түсіндірді. Дегенмен әкім карантинтік нысандарды алып тастауға қатысты халықтың талабын орындауға келісті.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Dinara ERBOLKYZY (@didi_semey)

"Облыс әкімі Сарытерек және басқа ауылдарда халықтың наразылығы болғандықтан, ол жерде ешқандай обсервациялық орын болмайды деп айтты. Халық қарсылық білдірді. Біз халықтың сөзіне құлақ астық. Облыс басшысы ол жерде карантиндік орындар болмайды деген шешім қабылдады. Өскемен қаласында арнайы оқшауланған орталық бар. Қытайдан өз азаматтарымыз келсе, сол жерге карантинге жатқызылады", - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Базарова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Қытай азаматтарын елге қайтару мәселесі қаралады

Бұдан бөлек, жергілікті халық жол құрылысында жүрген Қытай азаматтарын елге қайтаруды талап етті. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылды. Оған он бес ауданның өкілдері енді.

"Қытай азаматтарының еңбек келісімшарты бар. Сондықтан халық олардың уақытша еңбек демалысына жіберсек деген ұсыныс білдірді. Комиссия осы мәселені қарастырады. Жұмыс бүгін кешке басталады. Облыс әкімі бүгін де, ертең де осы мәселемен айналысады. Біз аудан халқын жақсы түсініп отырмыз. Олар коронавирусқа қатты алаңдап отыр. Сол себепті шетелдің жұмысшылары өз елдеріне барсын деген тілектерін білдірді", - деп атап көрсетті Базарова.

Ерекше режим енгізілді

Бүгіннен бастап Қазақстанда коронавирустың алдын алуға байланысты ерекше режим енгізіліп отыр. Оған сәйкес, жаңа инфекцияға шалдығу қаупі бар мемлекеттерден келетіндердің бәрі бақылауға алынады. Ондай азаматтарды үш топқа бөліп тіркейді.

Бірінші топқа Қытай Халық Республикасынан келетін адамдар кіреді. Олардың бәрін 14 күнге карантинге жатқызады. Ал екі апталық карантиннен кейін дәрігерлер оларды тағы он күндей үйде қарап жүреді.

Жолаушылар пойызында коронавирус "табылды": вагон қоршауға алынды

Екінші топқа коронавирусқа шалдығудың 10-нан астам жағдайы тіркелген елдер кіреді. Осы санаттағы мемлекеттерден Қазақстанға келген азаматтар бірден үйдегі карантинге отырғызылады. Дәрігерлер оларды екі аптадай бақылайды, одан кейін он күндей телефон арқылы хабарласып тұрады.

Үшінші топ – ол коронавирустың 10-нан кем жағдайы тіркелген мемлекеттер. Ондай елдерден келген азаматтар тұрғылықты жері бойынша бақылауға алынады. Дәрігерлер 24 күн бойы оларға хабарласып, денсаулығын біліп отырады.

Осы режимді бұзғаны үшін әкімшілік жаза, яғни мемлекеттік органдардың талабын орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Талапты орындамағандарға айыппұл салынады.

Жаңалықтар
0