Өңірлер

Тұрғындар бетперде тағуға міндетті: Шымкент қаласы карантинге жабылады

Жазылу
Карантин кезінде Шымкент аумағында адамдар мен жеке көліктің қала бойынша қозғалуына аса қажеттілік болған жағдайда ғана рұқсат етіледі

АЛМАТЫ, 3 сәуір – Sputnik. Шымкент қаласы 4 сәуірден бастап карантинге жабылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Шымкент қаласының бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаевтың қаулысына сәйкес, 2020 жылдың 4 сәуірі сағат 21.00-ден бастап Шымкент қаласының барлық аумағы Қазақстан Республикасында төтенше жағдай аяқталғанға дейін карантинге жабылады.

Соған сәйкес, қаладағы қоғамдық көлік таңғы жетіден кешкі жетіге дейін жұмыс істейді. Барлық мемлекеттік органның, ведомство, мекеме, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары үнемі бетперде тағуға міндетті.

Сонымен қатар карантин кезінде Шымкент аумағында адамдар мен жеке көліктің қала бойынша қозғалуына аса қажеттілік болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 444-ке жетті

Төтенше жағдай кезінде 55 жастан асқан тұрғындарға аса қажеттілік болмаса көшеге шықпау ұсынылды.

Қалада сауда желілері, азық-түлік базарлары, гипермаркеттер мен ірі азық-түлік дүкендері және бірінші кезекте қажетті тауарларды сататын дүкендер сағат 10.00-18.00 арасында жұмыс істейді.

Ал көп қабатты тұрғын үй мен үй алаптарында орналасқан дүкендер сағат 10.00-21.00-ге дейін жұмыс істейді. Ғимаратта бір мезгілде үш адамнан артық тұтынушы болмауы керек.

Қызметі тоқтамайтын мекемелер

Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, қалада дәріхана мен зертханалық қызмет, фармацевтикалық компаниялар өз қызметін жалғастыра береді.

Қаладағы инфрақұрылым мен коммуналдық қызметтер, қонақүй, нотариус, адвокаттық кеңселер, қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қызмет көрсететін кәсіпорындар, бұқаралық баспасөз құралдары мен баспаханалар өз жұмысын жалғастырады.

Толық тізімді мына сілтемеден көруге болады.

Жаңалықтар
0