Өңірлер

Түркістан облысында шектеу шаралары күшейтілді

© Photo : Пресс-служба акима Туркестанской областиДетская площадка в реконструированном парке Туркестана
Детская площадка в реконструированном парке Туркестана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Түркістан облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен шектеу шаралары күшейтіліп, карантиннің мерзімі ұзартылды

НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Түркістан облысының бас санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов карантинді күшейтуге шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бас санитардың қаулысына сәйкес, шектеу шаралары күшейтіліп, карантиннің мерзімі ұзартылды. Құжат бойынша қатты қажеттілік болмаса, 65 жастан асқан адамдарға тағы далаға шықпауға кеңес беріліп отыр. Ал 14 жасқа толмаған балаларға жалғыз жүруге тыйым салынған. Далада бір отбасының мүшелерінен бөлек үш адамнан артық жиналуға болмайды.

"Тұрғындарға саябақтарда, алаңдарда және жағалауларда серуендеуге тыйым салынады. Саябақтар, алаңдар, жағалаулар, фонтандар және тағы басқа адам көп жиналатын орындардың жұмысы тоқтатылады", - делінген бас санитардың қаулысында.

Бұдан бөлек, дүйсенбі-сенбі аралығында азық-түлік сататын және сатпайтын базарлардың жұмысы сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін шектеледі. Ал жексенбі күні толығымен жабылып, санитарлық күн жарияланады. Дезинфекциялық шаралар күшейеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтар да 10:00-17:00 аралығында жұмыс істейді.

Ал СПА-орталықтар, моншалар, бассейндер, жағажайлар, сондай-ақ, фитнес қызметтерді ұсынатын спорт кешендері сағат 10:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ашық болады.

"Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен олардың филиалдары қызметкерлердің кем дегенде 75 процентін қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыруы тиіс. Осы орайда тұрғылықты жері бойынша жұмыс істеуге қатысты жауапкершілік бірінші басшыға немесе оның белгілеп қойған адамына жүктеледі", - дейді аймақтың бас санитары.

Қала ішінде қоғамдық көлік қозғалысы да шектелді. Автобустар таңертең сағат 06:00-ден 10:00-ге дейін және кешкі сағат 17:00-ден 21:00-ге дейін жүреді.

Жаңалықтар
0