Өңірлер

Қазақстандағы тағы бір өңірде карантин күшейтіледі

© AP Photo / Matt RourkeЛицо человека в маске отражается в зеркале заднего вида
Лицо человека в маске отражается в зеркале заднего вида - Sputnik Қазақстан
Жазылу
23-30 маусым күндері Қостанай облысында күшейтілген каратин енгізіледі. Себебі күн сайын коронавируспен ауратын 50-100 науқас анықталып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Қостанай облысының бас санитар дәрігері Владимир Нечитайло халыққа үндеу жолдап, бір аптаға карантиннің күшейтілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Нысандардың жұмысы шектеледі

"Соңғы күндері облыста коронавирус инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап кетті. Күн сайын 50-ден 100-ге дейін науқас тіркеледі. Инфекцияны жұқтырғандардың саны 518 адамға жеткен. Олардың ішінде симптомды және симптомсыз жүрген адамдар бар. Осыған байланысты 23 маусымнан 30 маусымға дейін күшейтілген карантинді енгізу туралы шешім қабылданды", - делінген санитарлық дәрігердің қаулысында.

Осы құжатқа сәйкес, облыс бойынша әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың жұмысы шектеледі. Олар:

  • мектепке дейінгі білім беру мекемелерде кезекшілік топтары ғана істейді;
  • спорт кешендері (үйірмелер, секциялар және тағы басқа ұйымдар) жабылады, бірақ далада 20 адамға дейін бірге жаттығу жасауға болады;
  • қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы шектеледі, тамақты тек жеткізуге және өзімен бірге алып кетуге рұқсат бар.

Демалыста қатаң карантин болады

27 маусым – сенбі күні сағат 00:00-ден бастап 28 маусымның аяғына дейін Қостанай, Рудный, Жітіқара, Лисаковск, Арқалық пен Тобылда локдаун режимі енгізіледі. Оған сәйкес, үйден себепсіз шығуға болмайды.

Екі күн бойы тұрғындар үйде отыру тиіс. Далаға тек жұмысқа бару және медициналық көмек алу үшін ғана шығуға болады. Сондай-ақ, азық-түлік пен дәрі-дәрмекті сатып алуға рұқсат беріледі. Бірақ дәріханалар мен дүкендер жұмысқа, я болмаса, үйге жақын болуы шарт.

Үйден қоқысты шығаруға болады. Жеке көлікпен саяжайға баруға да рұқсат бар. Бұдан бөлек, егде жастағы адамдар мен науқастарға қарау үшін далада жүруге болады. Үй жануарларын аулаға шығаруға шектеу жоқ.

Алты қалада ойын-сауық кәсібі толығымен тоқтатылады. Қоғамдық көлік те тоқтайды. Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіне қызмет көрсететін көліктер ғана жүреді. Сауда орталықтар жабылады, тек азық-түлік сататындар ғана жұмыс істейді. Ал базарлардың барлығы жабылады. Азық-түлікті көтерме бағамен сататындар ғана ашық болады.

Саябақтар, жағалаулар, жағажайлар, туристік базалар, сондай-ақ, сол жерлерде орналасқан қоғамдық тамақтану мен сауда орындары жұмыс істемейді.

Қостанай облысында науқастарды саны артып келеді 

8-14 маусым күндері облыста 56 науқас тіркелген болатын. Сол кезде науқастардың күн сайынғы өсімі 26,5 процентті құрады. Ал 15-21 маусымда бірден 251 жағдай тіркелді. Өсім – 94 процент.
Науқастардың басым бөлігі Қостанай қаласында тіркеліп отыр. Ол жерде 97 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Рудныйда – 24 науқас.

"Науқастардың көбеюіне байланысты зертханалардың жұмысы күшейді. Емдеу шараларына қатысып жатқан медицина мамандарына да көп салмақ түсіп отыр. Жұмысты артығымен істеуге тура келіп отыр. Бұның барлығы дәрігерледің денсаулығына кері әсерін тигізуде. Бұдан бөлек, емдеу мекемелерінде орын тапшылығы сезіле бастады. Қосымша төсек-орындары қойылып жатыр", - дейді Нечитайло.

Бас санитардың айтуынша, халық тарапынан да, кәсіпкерлер жағынан да шектеу шаралары сақталмайды. Соның салдарынан науқастардың саны күрт өсті.

"Шектеуге қарамастан, дәмханаларда және мейрамханаларда тойлар, банкеттер мен мерекелік кештер өткізіледі. Қостанайда екі балабақша қызметкерлері арасында COVID-19 жұқтыру жағдайлары тіркелді", - деп атап көрсетті санитарлық дәрігер.

Ал арнайы бақылау топтары кәсіпкерлік нысандарды тексеріп, 288 тәртіп бұзушылықты анықтады. 78 нысанға айыппұл салынды. 13 нысанның иесі өз еркімен қызметін тоқтатуға шешім қабылдады. Басқаларға ескерту жасалды.

Жаңалықтар
0