Өңірлер

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер мен балалар ауруханада жатыр

© Sputnik / Тимур БатыршинМедики проводят дезинфекцию в госпитале с коронавирусом в Алматы
Медики проводят дезинфекцию в госпитале с коронавирусом в Алматы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жамбыл облысында 598 азамат дерттен жазылып шықты, 3 адам коронавирустан қайтыс болған. Бүгінде 66 науқастың жағдайы ауыр

АЛМАТЫ, 8 шілде – Sputnik. Жамбыл облысында 68 жүкті әйел мен жүзге жуық бала коронавирус жұқтырды. Бұл жайында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Науқастардың ішінде 305 зейнеткер, 475 жұмыссыз науқас, 68 жүкті әйел мен жүзге жуық бала бар. Яғни, адамдар үйде отырмай, басқа өңірге шығып кетеді. Соның салдарынан қазір ауруханаға түсіп отыр. Өңірде 598 азамат жазылып шықты, 3 адам қайтыс болды. Оның бірі – Павлодар өңірінің тұрғыны, ол азамат осында ем алып, қайтыс болды",- деді Сапарбаев брифингте.

Облыста 66 науқастың жағдайы ауыр, үш жүзден астам науқас орташа жағдайда жатыр. Облыста 10 компьютерлік томография жұмыс істеп тұр.

"Бұл біздің облыс үшін өте аз. Қазір денсаулық сақтау министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Кем дегенде әр аудан орталығында компьютерлік томография орнату бойынша жұмыс жүріп жатыр", - деді Сапарбаев.

Сонымен қатар аймақ басшысы егер індеттің таралуы тоқтамайтын болса, тағы мың жарым төсек-орын қажет болатынын айтты. Қазір облыста 1 855 төсек-орын бар.

"Кейбір балалар үйін, диагностикалық орталықты, туберкулез ауруханаларын босатып, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тамызда толығымен іске қосылады. Облыста жасанды тыныс алу аппаратының 148 данасы бар. Науқас көп, ол аппарат жетпейді. Көрші Ресей, Өзбекстанмен жұмыс істеп жатырмыз. Кем дегенде жақында осындай 50 аппарат аламыз", - деді аймақ басшысы.

Сапарбаев аппарат сатып алу үшін денсаулық сақтау министрлігіне 5 миллиард теңгеге өтінім жасалғанын хабарлады.

"Облыста екі мыңға жуық дәрігер науқастарға қызмет жасап жатыр. Болжамымыз бойынша, тағы 565 дәрігер жетіспейді. Зейнетте жүрген, арнаулы оқу орнында оқитын, практика жүрген студенттерді, науқастар саны аз аудандардағы дәрігерлерді, басқа мамандықтағы дәрігерлерді қайтадан оқытып жатырмыз, - деді Сапарбаев.

Жаңалықтар
0