Өңірлер

"Төсекке лақтырды": Көкшетау тұрғыны науқастың қалай қайтыс болғанын айтты

© Sputnik / Виталий Аньков / Медиабанкке өтуПациент
Пациент - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы медицина қызметкерлерінің жетпей жатқанын, мамандардың ауыр жүктемемен жұмыс істейтінін айтты

АЛМАТЫ, 9 шілде – Sputnik. Әлеуметтік желіде Көкшетаудағы провизорлық стационарда түсірілген видео тарады. Онда науқас өзімен бір палатада жатқан көршісі қайтыс болып кеткенін айтады.

Видеоны әлеуметтік желіге COVID-19 инфекциясынан қайтыс болған марқұмның қызы Нарғыз Жұмабаева жариялады.

"4 маусымда әкемді жедел жәрдем көлігімен тері-венерологиялық диспансерге алып келді (медициналық мекемеде провизорлық стационар ашылған –Sputnik). Әкем ол жерге өз аяғымен барды. 72 жаста болғандықтан, әрине, оған қиын болды. Бұған дейін ешқашан ауырған емес. Кейінгі үш күнде ентігу пайда болды, әкем есін білетін. Оны қабылдау бөлімінде қалдырған кезде менімен сөйлесіпо тырды", - дейді марқұмның қызы.

Ал марқұммен бір палатада жатқан науқас оған ешқандай көмек көрсетілмегенін айтып видео түсірген.

"Міне, адам қайтыс болды. Оған ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Ауруханаға менен жарты немесе бір сағат бұрын түсті. Менің де жағдайым нашарлап барады. Ординатор кабинетіне бардым, "шыдаңыз, біз барамыз" деп айтты. Ал бұл ер адам тіпті жылап жіберді, қатты ауырсынған сияқты. Санитар оның жылағанын көргенін айтты. Олар оны кері алып келіп, төсекке лақтырды, тағы бір рет тұратын болса, кереуетке байлап қоятындарын айтып қорқытты", - дейді науқас.

Sputnik Қазақстан тілшісі Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасынан видеоға қатысты түсініктеме беруді сұрады.

"1948 жылы туған науқас ауыр жағдайда 4 маусымда сағат 08:16-да жедел жәрдем бригадасымен тері-венерология орталығындағы провизорлық бөлімнің қабылдау бөліміне жеткізілді. Үш күн бойы ауырған, медициналық көмекке жүгінбеген. Түскен кезде ентігіп, жөтелетінін, әлсіреп, дене қызуы 37 градусқа дейін көтерілгенін айтты. Өкпенің оттегімен қанығуы қабылдау бөлімінде 60% болды (94% және одан жоғары көрсеткіш қалыпты болып саналады – Sputnik). Тыныс алу қозғалысының жиілігі минутына 34-ті көрсетті. Науқас ауруханаға жатқызылды", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында даулы видеодан кейін бас дәрігер науқасты сотқа берді 

Басқарманың баспасөз қызметі науқасты емдеу бекітілген хаттама бойынша жүргізілгенін атап өтті. Алайда сағат 16:00-де жүрегі тоқтады.

"Жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, сағат 16:30-да науқас қайтыс болды. Туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз", - деп атап өтті басқармадағылар.

Сонымен қатар ауруханаға түсіп жатқан науқастардың көп екенін айтып, түсіністік танытуды сұрады.

"Кейінгі кездері медицина қызметкерлеріне науқастар мен олардың туыстары тарапынан айып тағу, қорқыту және қысым көрсету жиілеп кетті. Сонымен қатар дәрігер, медбикелер мен санитарлардың мойнында халықтың өмірі үшін үлкен жауапкершілік жатыр. Олар бар күш-жігерін жұмсап, психоэмоционалды және физикалық жүктемені басынан өткізіп жатыр",- деп атап өтті ведомство.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, провизорлық ауруханада көп науқас ауыр жағдайда жатыр.

"Медицина қызметкерлері маман тапшылығына байланысты күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Кадрларды жұмылдыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. COVID-19 инфекциясы расталған және инфекция жұқтыруы мүмкін деген бірқатар қызметкер карантинге жабылды", - деп түсіндірді басқарма.

Сондай-ақ, ведомство бас дәрігердің қаулысына сәйкес, барлық медицина ұйымында (жұқпалы аурулар, провизорлық және карантиндік стационарларда) фото және видео түсіруге тыйым салынғанын хабарлады.

"Осындай типтегі видеоны түсіру оператордың тарапынан этикаға жат деп санаймыз", - деп түйіндеді басқарма.

Жаңалықтар
0