Қоғам

Атырау облысының әкімі ресейлік дәрігерлерге алғыс айтты

© Photo : Пресс-служба акима Атырауской областиАким Атырауской области поблагодарил российских врачей
Аким Атырауской области поблагодарил российских врачей - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәскеу мен Астраханнан келген он бір ресейлік дәрігер екі апта ішінде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу тәжірибесімен бөлісті

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов екі аптадан бері пандемиямен күресуге қатысқан ресейлік дәрігерлерге алғысын білдірді, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.

"Қазіргі күрделі эпидемиологиялық жағдай кезінде ресейлік дәрігерлердің Атырауға келуі дер кезінде жеткен көмек болды. Бүгінде науқастар саны азаюда. Өңірде коронавирустық инфекциядан қалпына келу динамикасы да жоғары. Бастапқыда бұл аймақта дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалды. Қазір медициналық сектор жас кадрлармен толықтырылып, мәселе шешімін тауып жатыр", – деді өңір басшысы.

Астрахан қаласындағы жедел жәрдем станциясының дәрігері Анна Чепель екі апта бойы облыстық кардиологиялық орталықтың қауіпті аймағында жұмыс істеді.

"Біздің Атыраудағы әріптестеріміз тәулік бойы жұмыс істеді және анығын айтқанда олар жұмыс орнында тұрды. Бұл өте үлкен жұмыс. Біз коронавирус инфекциясы мен пневмониямен ауыратын науқастарды емдеуге тікелей қатысқан куәгерлер болдық. Қазақстандық тарап қолданған дәрілер біздің хаттамамызға толық сәйкес келеді", – деді Чепель. 

© Photo : Пресс-служба акима Атырауской областиАтырау облысы әкімінің құрметіне бөленген ресейлік дәрігер
Атырау облысының әкімі ресейлік дәрігерлерге алғыс айтты - Sputnik Қазақстан
Атырау облысы әкімінің құрметіне бөленген ресейлік дәрігер

Ал Мәскеу делегациясын басқарған Владимир Власов №2 Атырау облыстық ауруханасына жіберілді. Ресейлік дәрігер Атыраудағы жағдайды өз елінде наурыз-сәуір айларында бастан өткергенін айтты.

"Ең бастысы, ауруханалардағы ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде. Кадр мәселесі де шешілуде. Ауырған дәрігерлер де қатарға қосылуда. Біз өз әріптестерімізден де көп нәрсе үйрендік. Айта кету керек, атыраулық дәрігерлер науқастардың аман алып қалу үшін өз өмірі мен отбасыларын қауіп-қатерге тігіп, бар күш-жігерлерін салып еңбек етті", – деді ол.

Айта кетейік, шілде айының ортасында Атырау облысына медициналық көмек көрсету үшін бір топ дәрігерлер Мәскеу мен Астраханнан келді.

Екі аптаның ішінде 11 ресейлік дәрігер, оның ішінде анестезиолог-реаниматологтар мен пульмонологтар, жұқпалы аурулар жөніндегі мамандар, жалпы практика дәрігерлері мен педиатрлар қауіпті аймақтарда – Атыраудағы инфекциялық және диспансерлік ауруханаларда науқастарды емдеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық дәрігерлер Мәскеуде коронавируспен күрестің негізгі пункттерінде болды

Әкімдіктің хабарлауынша, бүгінде Атырау облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Провизорлық стационарлардағы төсек-орындар саны да азайды.

Атырау облысы коронавирус індетін жұқтырғаны анықталған жағдайлар бойынша үшінші орында тұр. Облыста 10 111 адам коронавирус дертімен ауырса, Алматыда – 11 236, ал Нұр-Сұлтанда – 10 570 науқас тіркелген.

Жаңалықтар
0