Өңірлер

Алматыда нақты жалақысын алты жылдан соң білген әйел сотқа жүгінді

© Sputnik / Абзал КалиевПортмоне, деньги, тенге, купюры
Портмоне, деньги, тенге, купюры - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ол 2019 жылдың тамызында жұмысқа жаңадан қабылданған бухгалтерден алып жүрген жалақысы өзіне белгіленген жалақымен сәйкес келмейтінін білді

АЛМАТЫ, 26 тамыз — Sputnik. Алматыда кәсіпорындардың бірінде еден жуушы болып жұмыс істеген әйел алты жыл бойы жалақысының толық берілмей келгенін білді. Ол Түрксіб аудандық сотына кәсіпорыннан төленбеген жалақыны өндіру туралы арыз жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Алматы қалалық сотына сілтеме жасап.

Әйелдің айтуынша, ол 2013 жылдың қаңтарынан бері "Ф" ЖШС-да еден жуушы болып жұмыс істеген. 2019 жылдың тамызында жаңадан жұмысқа қабылдаған бухгалтерден алып жүрген жалақысы өзіне белгіленген жалақымен сәйкес келмейтінін білді.

Әйел ай сайын қолына 50 000 теңге алып отырған, ал құжатта жалақысы 93 000 теңге деп көрсетілген.

Содан кейін әйел кәсіпорын басшылығына жұмысы және жалақысы туралы мәлімет пен құжат беру туралы өтініш жасаған. Алайда кәсіпорын әйелдің бұл өтінішін жауапсыз қалдырды. Сонымен қатар олар әйелдің жұмыстан шығу туралы арызына қол қоймаған, еңбек кітапшасын да қайтармаған. Әйел сотқа жүгінді.

Кейін тараптар медиативті келісімге келгені туралы жазбаша өтініш берді. Оған сәйкес, әйел өзінің талабынан толығымен бас тартып, алдағы уақытта жауапкерге еш наразылығы болмайтынын айтты.

Ал жауапкер сотқа арызданған әйелдің шотына 400 000 теңге ақша аударады, сондай-ақ, сот ұйғарымы күшіне енген уақыттан бастап 3 жұмыс күні ішінде еңбек кітапшасын қайтаруы қажет.

Сот ұйғарымымен медиативті келісім бекітілді. Ұйғарым заңды күшіне енді.

Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.

Жаңалықтар
0