Дети из концентрационного лагеря Освенцим. Архивное фото

Астанада "Соғыс балалары" атты көрме өтті

30
(Жаңартылды 11:23 15.09.2016)
2016 жылғы 8 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде "Соғыс балалары" атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

АСТАНА, 9 қыр — Sputnik. 2016 жылғы 8 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде "Соғыс балалары" атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Музей баспасөз қызметінің хабарламасына сәйкес, көрмені Ұлттық музей Қазақстандағы Испания Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Көрме Испанияның өткен ғасырдағы қайғылы оқиғаларын, ондағы Азаматтық соғысты көрсетуге және испан балалары мен олардың шиеленісті тағдырына арналған. 1936 жылдың екінші жартысында Испанияның Кастилия және Андалусиядағы қалаларынан Кеңес Одағына 3000-дай испандық бала көшіріліп, оларға арналып 15 балалар үйі ашылған. Көрмеде негізінен осы балалардың басынан өткен оқиғаларды бейнелейтін суреттер және құжаттар қойылды. Жиында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай келушілерді көрменің ашылуымен құттықтады.

"Бүгінгі көрменің тарихи мәні бөлек. Естеріңізде болса, біз бұған дейін де әлемдегі адамзат өміріне қатты әсер еткен тарихқа көңіл бөліп келеміз. Халокост құрбандарын еске алу күніне байланысты үлкен шара да осы музейде өткен болатын. Одан кейін біздің өзіміздің репрессия құрбандарын еске түсіру күніне арналған үлкен көрмелер болды. Ал енді бүгінгі көрме біздің Испания Елшілігімен бірге жасап жатқан алғашқы шарамыз. Бұл екі елдің арасындағы тығыз байланыстың арқасында дүниеге келген іс-шара",– деді Мыңбай.

Көрменің ашылу салтанатына арнайы келген Испания Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Педро Хосе Санс Серрано мырза елшілік атынан Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне алғыс білдірді. "Испанияда 1934-1939 жылдар аралығында болған Азамат соғысы барша испандықтардың тағдырына кері әсерін тигізді. Сол кезде шамамен 2900-дей бала Кеңес Одағына көшірілген болатын. Ол балалар 5 пен 12 жас аралығында болған. Кеңес Одағы оларды жылы қабылдап, баспанамен, киіммен, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Медициналық қызмет көрсетіп, сапалы білім де берді", – деп тарихқа шегініс жасады. Және де Ұлттық музеймен бірге жұмыс жасап жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Аталмыш көрменің түпкі мақсаты – кішкентай кездерінен-ақ соғыстың сұрапыл зардабын көруге мәжбүр болған балаларды құрметпен еске алу. Испандық балалардың қиындыққа толы тағдырына арналған көрме 8 қазанға дейін жалғасады.

30