Алматы маңындағы шатқалда өткен тауда қайтыс болғандарды еске алу күні

Еске алу және таулар: қайтыс болған альпинисттерді Алматы маңындағы шатқалда еске алды

21
Альпинизм және тауға өрмелеу федерациясы Алматы маңындағы шатқалда қайтыс болған альпинисттерді Еске алу күнін өткізді.

АСТАНА, 4 қаз — Sputnik. Тауда қайтыс болғандарды Еске алу күні сенбі күні Алматы маңындағы шатқалда өтті деп шараға қатысушылардың бірі Александр Губерт Sputnik-ке хабарлады.

Оның айтуынша, бұл күн дәстүрлі түрде қазанның алғашқы сенбісінде өткізіледі. Бұл жылы 1 қазанға сәйкес келген екен.

Бұл шараға ән шырқау үшін шақырылған Губерттің пікірінше, бұл күн альпинизм ардагерлері мен жастардың арасындағы сабақтастықты жалғастырады.

"Альпинизм мен тау туризмі Қазақстанда баяғыдан бері дамып келеді, біздің жігіттерді бүкіл әлем біледі – олар көптеген шыңдарды бағындырып, өте қиын жолдарды жүріп өткен. Бұл жерде ардагерлер де, жастар да бар, салт-дәстүрімізді жастарға үйретіп, қаза болған тамаша жандарды еске аламыз", — дейді Губерт агенттікке телефон арқылы берген сұхбатында.

Шараны ұйымдастырушы Альпинизм және тауға өрмелеу федерациясы болды, еске алу Шымбұлақтан жоғары орналасқан Тұйық-Су шатқалында тауда қайтыс болғандарға арналған мемориалдың жанында өткізілді. Әр түрлі жастағы қатысушылар арасында тауда жүгіруден жарыс өткізіліп, жеңімпаздар мақтау қағазымен марапатталды. Биыл шараға 100-ден астам, ал жарысқа қырықтай адам қатысты.   

 

21