Беташар

Бес қыздың анасы: ене болу дипломатияның жоғары деңгейі

39
(Жаңартылды 12:45 24.10.2016)
23 қазанда халықаралық Енелер күні тойланады. Sputnik агенттігі ене мен күйеу бала арасындағы қарым-қатынас жайында бірнеше елордалық тұрғынмен сөйлесті.

АСТАНА, 23 қаз — Sputnik, Юлия Кузнецова. Ене мен күйеу бала арасындағы қарым-қатынас жайында баяғыдан бері әзіл-қалжыңдар айтылып келеді, бірақ кейде осы бір "әзіл-оспақтың" соңы көңілсіз аяқталып жататыны да бар. Бірақ бүгін жағымсыз әңгімелер айтпаймыз, өйткені  халықаралық Енелер күні тойланып жатыр емес пе. Бастапқыда бұл мереке Аналар және Әкелер күніне балама ретінде қалжың түрінде аталып жүретін. Бұл мереке жайында  1934 жылы Техас штаты газетінің редакторы алғаш рет сөз қозғаған.

Ал осы күнге қазақстандықтардың көзқарасы қандай? Sputnik Қазақстан агенттігі екі тараптан да осы туралы анықтап білді.

Тәжірибесі мол ене – Астана тұрғыны Дариға Сүлейменқызы Ғалива туралы осылай десе болады. Ол кісі қазақ тілі пәнінің мұғалімі және бес қыздың анасы. Қыздары да бірінен-бірі өткен сұлу әрі ақылды. Ең үлкені Маликаны 16 жыл бұрын тұрмысқа берген екен. Күйеу баласымен тату-тәтті тұрып жатыр. Дариға Сүлейменқызы күйеу баласын туған ұлындай көреді екен. Азамат та енесін «мама» деп, құрақ ұшып отыратын көрінеді.

"Ене болу, әрине, оңай емес, бұл дипломатия мен тәрбиенің жоғары деңгейі. Әзірше айым оңынан туып тұр, күйеу балаларым бәрі мені сыйлайды. Бұған қыздарымның да, жолдасым екеуміздің де үлесіміз бар деп ойлаймын. Оларды кішкентайларынан үлкенді сыйла, ер-азаматты сыйла деп өсірдік", — дейді Дариға Сүлейменқызы. 

Ал, енді екінші жақты да тыңдап көрелік. Бұл туыстық қарым-қатынас туралы ер-азаматтар не ойлайды екен?

"Иә, менің жолым болды. Өйткені біраз досым енелерімен тіл табыспайды. Енем екеуіміз татумыз, қатты кеткен кезіміз жоқ. Отбасыммен талай қиындықты бастан кешірдік, енемнің арқасында көп жетістікке жеттім дей аламын. Ол біздің аяққа тұрып кетуімзге жәрдемдесті" — дейді Дариға Сүлейменқызының "алтын күйеу баласы" Ермек. 

Алмаз – отағасы, төрт баланың әкесі. Енесі жайлы тек жақсы сөздер айтады, қамқорлығына дән риза.

"Анамыз – асыл қазынамыз. Күлмеңіздер. Екеуіміз бір жақпыз. Қолынан келмейтіні жоқ, түсінігі мол адам. Отбасында неше түрлі жағдай болады ғой, бірақ енем қашанда менің сөзімді сөйлейді. Сонысы дұрыс қой", — дейді Алмаз "екінші анасы" Сәния Жиһаншықызы Халитова жайында. 

Отбасылық қарым-қатынас, міне, осындай. Отбасын құрғанда бәріміздің де өмірлік ұстанымыз болады, балаларымыздың тату-тәтті ортада өскенін қалаймыз. Бұл тұста ененің де орны өте маңызды! 

 

39