Рафаил Аблаков

Ардагер: Бигелдинов пен Қошқарбаев секілді батырларды жастардың білмеуі қынжылтады

5606
(Жаңартылды 18:44 16.04.2019)
"Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов, рейхстагқа Жеңіс туын тіккен батыр жауынгер Рақымжан Қошқарбаев пен Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовпен таныс болу бақыты бұйырды", - деп әңгімеледі ардагер Рафаил Аблаков.

АСТАНА, 9 мамыр — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Соғыс көп адамды балалық шақпен ерте қоштасып, тез есеюге мәжбүр еткені белгілі. Рафаил Аблаков та жастайынан еңбекке араласқандардың бірі. Соғыс басталғанда Рафаил буыны бекіп, омыртқасы қатпаған кішкентай бала болса да, сұрапыл соғыстың бар қиындығын аға-әпкелері, ата-анасы, ауылдағы халықпен бірге көрді. Тыл еңбеккері сол уақытты ауыр күрсініп еске алады. 

"Cоғыс жылдары бұрынғы Алексеевка, қазіргі Ақкөлде тұрдық. Бала болсақ та, соғыстың бар қиындығын үлкендермен бірге бөлістік. Мал бағып, картоп жинап, пішен тасыдым. Азық-түлік, киім-кешектің бәрін майданға жөнелтті. Өзіміз не қалады, соны жейтінбіз, жартылай аш жүреміз. Өте қиын болды. Бірақ халық бар ауыртпалықты қайсарлықпен көтере білді. Халқы соғыстың алдыңғы шебінде ғана емес, тылдағы еңбек майданында да ерен ерліктер көрсетті", — дейді ол. 

"Жеңіс туралы бірінші естідік"

Аблаковтардың үй-іші көп күткен Жеңіс туралы қуанышты хабарды бірінші болып естиді. Өйткені ауылдағы небары екі радионың бірі Рафаилдың үйінде болған. Левитанның жеңіс туралы сөзінен кейін әкесі қызыл матаны желбіретіп, үйінің төбесіне іліп қояды. 

"Әкем таңертең ерте ұйықтап жатқан ағам екеумізді "Соғыс аяқталды, тез тұрыңдар" деп оятты. Қабырғада әпкелерім тіккен кесте ілініп тұратын. Әкем сол қызыл матаны жұлып алып, ағамды шатырға шығарып, ілдіртіп қойды. Мұны көрген жұрт "Не болды?" деп сұрап жатты. Әкем болса оларға соғыстың біткені туралы қуанышты хабарды жеткізді. Сол күні үлкен митинг өтіп, жеңіске қол жеткізген халық бір жағынан қуанып жатса, екінші жағынан зұлмат соғыста мерт болған туыстарын еске алып жылады", — деп әңгімеледі тыл еңбеккері.

"Қазақтың үш батырымен таныс болу бақыты бұйырды" 

Талғат Бигелдинов пен Рафаил Аблаковтың ағасы
© Photo : Рафаил Аблаковтын жеке архивінен
Талғат Бигелдинов пен Рафаил Аблаковтың ағасы

 

Рафаил Аблаков авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры жерлесі Талғат Бигелдиновпен таныс болғанын мақтан тұтады. Соғыстан кейін оның ағасы даңқты ұшқышпен қызмет бабымен жүздесіп, кейін олар жақсы достар болып кеткен. 1946 жылы соғыстан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесіне алғашқы сайлау өтеді. Ол кезде Рафаил Аблаковтың ағасы  облыстық атқару комитетінің төрағасы. Талғат Бигелдинов Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланғаннан кейін болған бір оқиғаны Рафаил қария былай еске алады: 

"Талғат Бигелдинов Жоғарғы кеңеске депутат болып сайлағаннан кейін ағам оны қонаққа шақырды. Облыстың бүкіл басшылығы жиналды. Мен ол кезде ағамның үйінде тұрып жатқан едім. Талғат Бигелдинов әскери формасын киіп келді. Кеудесі толған медаль – екі "Алтын жұлдыз", екі "Қызыл ту" ордені, Александр Невский ордені, Даңқ ордені. Талғат аға кителін шешіп, іліп қояды. Мен ол кезде он жаста ғанамын. Қызығып кетіп, омырауындағы жұлдыздардың бәрін ұстап көрдім. Онымен қоймай кителді киіп, аулада ойнап жүрген балаларға мақтанып көрсету үшін сыртқа шықтым. Осы оқиға есімде ерекше жатталып қалды. Кеңес одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновпен достық қарым-қатынаста болғаныма бақыттымын". 

Оған Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен батыр жауынгер Рақымжан Қошқарбаев пен армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовпен де жақсы таныс болу бақыты бұйырған. Рафаил Аблаков осындай өр тұлғалы, кесек мінезді қазақтың батыр ұлдарының өмір жолы ұрпаққа өнеге екенін айтады. 

Солдан оңға қарай: Рақымжан Қошқарбаев, Рафаил Аблаковтың ағасы, Талғат Бигелдинов
© Photo : Рафаил Аблаковтын жеке архивінен
Солдан оңға қарай: Рақымжан Қошқарбаев, Рафаил Аблаковтың ағасы, Талғат Бигелдинов

 

"Біздің Ұлы Жеңіс!"

Бірақ, өскелең ұрпақтың тарихқа енжарлық танытуы, жеңіс сыйлаған қаһармандарды білмеуі ардагерді қатты қынжылтады екен. Бұл патриоттық тәрбиенің олқылығынан деген пікірде ол. 

"Жастарды тәрбиелеу, патриоттық тәрбие беру мәселесі мені қатты алаңдатады. Мен жастарға Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев түскен суреттерді көрсеттім. Жарайды, менің ағамды білмейді делік, ал бұл батырларды білуі керек қой. Ешқайсысы жауап бере алмады. Бұл біздің қателігіміз болса керек, жастарға патриоттық тәрбиені дұрыс бере алмаған шығармыз. Болашақ жастарымыздың қолында ғой. Олар мұның бәрін білуі тиіс", — дейді Рафаил Аблаков. 

Ардагер көңіліне қаяу түсіретін тағы бір жайтпен бөлісті:

"Қазір интернетте "бұл біздің жеңіс емес" деген сықылды әңгімелер айтылып қалып жүр. Бұл дұрыс емес деп санаймын. Мәселен, бұл біздің жеңіс болмаса, Рақымжан Қошқарбаев, 28 панфиловшының ерлігін қайда жібереміз? Қан майданда қаза тапқан миллиондаған жауынгер ше? Қалай бұл біздің жеңіс емес?! Бұл біздің Ұлы Жеңіс!". 

"Отанды сүйіңдер!"

Рафаил Аблаковтың әкесі тоғыз жасында отбасымен Қазақстанға татар жерінен қоныс аударған. Ардагер өзі қазақ елінде туып-өсті, осы жерді Отаным деп санайды. Көп жылдар құрылыс саласында еңбек еткен. Ел астанасын Ақмолаға көшірген кезде алғашқы жылдары елорданы салуға атсалысты. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Татарстанның Қазақстандағы уәкілетті өкілінің кеңесшісі, орынбасары болып қызмет ете жүріп, екі ел арасындағы экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосты. Ал қазір республикалық ардагерлер кеңесінде ұлттық келісім сұрақтарымен айналысып жүр. Сексеннің сеңгіріне шыққан өмірден түйгені көп қария жас ұрпаққа айтар өсиетім бар дейді:

Еңбек ардагері, тыл еңбеккері Рафаил Аблаков (бірінші қатарда солдан санағанда үшінші болып тұр)
© Sputnik /
Еңбек ардагері, тыл еңбеккері Рафаил Аблаков (бірінші қатарда солдан санағанда үшінші болып тұр)

"Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! Өйткені  туған жер бізді өсіріп, жеткізді, қамқор болды. Туған жерден ыстық жер жоқ. Елдің болашағы жастардың қолында. Адал еңбек етіп, елге қызмет етсеңдер Қазақстанның келешегі кемел болатынына кәміл сенемін". 

5606
Кілт сөздер:
Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов
Тақырып бойынша
Рақымжан Қошқарбаевтың қызы: әкем ерлік жасадым деп санамайтын
Қолдағы смартфон

Алаяқтықтың жаңа түрі: танымал дизайнер ешкімнен ақша сұрамағанын айтты

12
(Жаңартылды 09:09 30.09.2020)
Ақпараттық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, елдегі карантин кезінде айлакерлердің қырық түрлі қулығының құрбаны болып жатқандар көбейген

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Карантин уақытында айла-тәсілін асырғысы келгендер әлеуметтік желілерде танысы арқылы хабарлама жіберіп, ақша сұрайды. Сөйтіп, қомақты қаржыны өз картасына аудартып алуда. Алайда, жоспарланған сценариймен арам пиғылын жүзеге асырғандарды құрықтау әзірге мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Олардың ойлап тапқан айла-тәсілі қандай? Жақында осындай алаяқтардың құрығына Құралай Нұрқаділова ілікті. Оның атынан таң сәріде таныстарына хабарлама жіберген. Сөйтіп, қиын жағдайға тап болғанын айтып, қомақты қаржы сұрапты. Десе де, күдіктенген жақындары анық-қанығын білмек болып дизайнердің өзіне хабарласқан.

"Менің атымнан таныстарымның телеграмм чатына "Мен Құралаймын, тез көмектес" деп жазған. Сағат таңғы 6-да. Олар ештеңе түсінбей ұйықтай берген. Сосын "Не болып қалды?" деп маған телефон соғады. Байланыс жоқ болғандықтан, мен телефонды ала алмаймын. Содан таныстарым басқа адамдардан ватсап нөмірімді алып, скрин жіберген", – дейді дизайнер Құралай Нұрқаділова.

Танымал дизайнер ешқашан, ешбір жаннан ақша сұрамағанын айтады. Сол себепті алдағы уақытта дәл осындай жағдай бола қалса, алданбауды ескертеді.

Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, карантин уақытында айлакерлердің қырық түрлі қулығының құрбаны болып жатқандар көбейіпті.

"Көп адам қазір мессенджер қолданады: инстаграм, телеграм, ватсап. Онда көп ойын, сауалнама болады. Соған қатысып хакерлерге олар өздері туралы хабарлама береді. Олар мәліметті алып, сол арқылы кімнің акцияға қатысқанын біліп отырады және сілтемелер жібереді. Сол сілтемемен өткен кезде смартфондағы байланыстарды хакерлер өз серверіне салып алады", –  дейді "EsEt" компаниясының ақпараттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Ақтайлақ Аймұрашев.

Соңғы кездері әлеуметтік желіде сан соққан зардап шеккендер алаяқтардың құрығына ілініп жатқанын жарыса жазуда. Алайда, полицияға арыз түсірген ешкім жоқ көрінеді.

"Мұндай мәлімдеме, арызбен әлі ешкім шағымданбады. Дегенмен, айта кететін бір жайт – бұл қылмыс болып табылады. Яғни, мұндай алаяқтық деректер Қылмыстық кодекстің 190-бабымен сараланды. Ол үшін кем дегенде үш жылдан аса бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Оқи отырыңыз: "Енді ұят болады": Танымал қазақ әншісі фонограммаға қатысты ойын айтты

Осылайша тәртіп сақшылары ақпараттық тұрғыда сақтық шараларын күшейтіп, жеке мәлімет пен карта нөмірін ешкімге бермеу керектігін айтады. Сондай-ақ, алаяққа қатысты уақтылы арыз жазса, оларды ізін суытпай құрықтау қиындық тудырмайды екен.

12
Кілт сөздер:
жалған ақпарат, алаяқтық
Тақырып бойынша
Астанада туристік фирма алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Көкшетауда танымал кәсіпкердің қазасына орай ас берген мейрамханаға айыппұл салынды
Түркістанның бас судьясы алаяқтық жасағаны үшін сотталды
"Жастарға обал": танымал әншілер фонограммаға қатысты пікір білдірді
Әр балаға – 21 мың теңге: Сапарбаев алаяқтық жасағандар жауапқа тартылатынын айтты  
Зертхана

Өткен тәулікте Қазақстанда 75 адамның індет жұқтырғаны расталды

34
(Жаңартылды 08:19 30.09.2020)
Коронавирус жұқтырған адамдар санының ең көбі Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Өңірде бір тәулік ішінде 22 тұрғын дертке шалдықты

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда өткен тәулікте 75 адамның коронавирус індетін жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ведоствоаралық комиссия.

"Пациенттердің коронавируспен ауырғаны ПТР арқылы расталды", – делінген хабарламада.

Қалалар мен өңірлер бойынша:

  • Нұр-Сұлтан қаласы - 16
  • Алматы қаласы - 5
  • Ақмола облысы - 1
  • Ақтөбе облысы - 2
  • Алматы облысы - 3
  • Атырау облысы - 5
  • Шығыс Қазақстан облысы - 22
  • Батыс Қазақстан облысы - 3
  • Қарағанды облысы - 5
  • Қостанай облысы - 2
  • Павлодар облысы - 6
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 5.

Айта кетейік, жалпы республика бойынша аталған індетпен ауырғандар саны 107 908 адамға жетті.

34
Кілт сөздер:
індет, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы