Бүгін Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ашылады

Бүгін Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ашылады

138
(Жаңартылды 12:40 09.06.2017)
ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне 17 мемлекет және үкімет басшысы қатысады

АСТАНА, 9 маусым- Sputnik. Бүгін Астанада халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Салтанатты шараға 17 мемлекет және үкімет басшысы  қатысады деп күтілуде. 

Бүгін Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр. Саммитке келген жоғары мәртебелі меймандар мен делегация басшылары кешке ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысады. 

Іс-шара Мемлекет басшыларының Қазасқтан павильоны көрменің орталық экспозициясы – "Нұр Әлемге" келуінен басталады. Құрметті меймандар Қазақстан экспозициясымен танысқаннан кейін өзге  қатысушы елдердің павильондарын аралайды. 

Ал ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми ашылу рәсімі Конгресс-орталығында өтеді және амфитеатрдағы концерттік бағдарламамен жалғасатын болады. Іс-шара аяқталғаннан кейін көрермендер Сферадағы проекциялық лазерлі шоуды және таңғажайып фейерверкті тамашалайды. 

Көрменің ашылу салтанаты барлық республикалық телеарналарда тікелей эфирде көрсетілмек. Ал көрме аумағындағы медиа-орталықтан шетелдік және қазақстандық БАҚ өкілдері бүкіл әлемге ақпарат тарататын болады. 

Сөйтіп, көптен күткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 10 маусымда қалың бұқараға есігін айқара ашады. Көрме үш ай бойы 10 қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Көрменің тақырыбы – "Болашақ энергиясы". Ол баламалы энергия көздері, "жасыл" технологиялар және экологияны сақтап қалу мәселелеріне арналған. Көрмеде әлемнің үздік технологиялары мен тәжірибесі, баламалы энергия көздерін пайдалану саласындағы жетістіктер паш етіледі. 

115 мемлекет, оның ішінде АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея секілді елдер бар, сондай-ақ 22 халықаралық ұйым ЭКСПО-2017 көрмеге қатысатынын ресми түрде растады. Жалпы, бес миллионға жуық адам көрмеге келеді деп күтілуде. 

ЭКСПО-2017 аясында ауқымды мәдени бағдарлама қарастырылған. Елордада әлемдік деңгейдегі жұлдыздар өнер көрсетіп, шетелдік классикалық жанрдағы орындаушылардың концерті, театр премьералары, көрмелер, Дю Солей циркінің бірегей бағдарламасы көзделген. 

Қазақстанның павильоны "Нұр Әлем" — Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің орталық нысаны. Бұл диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метрге жететін әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат. Көрмеге келушілер Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, көрікті жерлері, сонымен қатар елдің жетістіктерімен таныса алатындай, ғимараттың 1 қабатында Қазақстанның павильоны орналасады. Сфераның өзінде Болашақ мұражайы жайғасқан. «Нұр Әлем» көрме өткеннен кейін өз бетінше инновациялық хаб әрі манызды зерттеу және мәдени орталыққа айналуы тиіс. Ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика — қуат көздерінің негізгі түрлері көрсетілетін, Болашақ мұражайының 2-8 қабаттарында орналасқан экспозициялық кеңістіктерді қабылдау мүмкіндігі сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқасында нығая түседі. Ғимарат үстіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл ЭКСПО ауданына ашылатын әдемі көріністі тамашалауға болады. 

Әлем бойынша алғашқы "толық сфера" түріндегі ғимаратта құрылым бірегейлігі жатыр. Құрылымның қасбетінде күн энергиясын электр қуатына түрлендіретін фотовольтаикалық элементтердің бірігуі ойластырылған. Сонымен қатар, сфераның жоғарғы жағында 2 жел генераторы бар. 


138
Тақырып:
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі (87)