қазақтар

Президент: әлемдегі қазақтардың сөйлескенде тілі бір болса, оқығанда үш түрлі

103
(Жаңартылды 12:11 23.06.2017)
Елбасы дүниежүзі қазақтарының құрылтайында бұл олқылықты жою бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты

АСТАНА, 23 маусым — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқан  дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтардың бірлігін нығайтып, рухани жағынан жақындастыра түсетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Алты жобаның біріншісі — қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам", — деді Мемлекет басшысы. 

Елбасының атап өтуінше, бүгінде ТМД  ауқымында қазақтар кириллицаны, Қытайдағы қандастарымыз төте жазуды, Батыс елдеріндегі бауырлар латын әліпбиін пайдаланады. Ал бұл жағдай қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алшақтатады. Сондықтан қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша жұмыстар қолға алынды. 

"Сонда сөйлескенде тіліміз бір болса, оқығанда тіліміз үш түрлі, түсіне алмаймыз бір-бірімізді, жазуымызды ұқпайды. Бұл жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алшақтатады. Екінші жағынан, ғылым мен техника латынмен жүретінін білесіздер. Көп ұзамай, бұл олқылықтарды жою үшін біз жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бірлігімізді нығайтып, рухани жағынан жақындастыра түседі", — деді Мемлекет басшысы. 

Айта кетейік, құрылтайға барлығы 800 делегат пен қонақ жиналды, оның 350-і алыс және жақын әлемнің 39 елінен келді. Олар ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялы қауым өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.

1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан құрылтай дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұқбат алаңы болып табылады.

103