Нұрсұлтан Назарбаев

Президент Қазақстан халқының қашан 18 миллионға жететінін айтты

63
Қазір жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүние есігін ашады

АСТАНА, 23 маусым — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Астанада өтіп жатқан дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының қашан 18 миллионға жететінін айтты, деп хабарлайды хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Елбасы қазақ халқының басынан өткен небір қиындықтарға тоқталып өтті. 

"Өткен 20 ғасыр қазақ үшін қияметке толы, өте ауыр жылдар болды. 1921, 1930 жылдары аштықтың салдарынан қазақтың тең жартысынан айырылдық. Біріншісінде 30 проценттен, екіншісінде жартысынан айырылдық. Егер сондай опат болмағанда, қазір еліміздегі қазақтың саны 50-60  миллионнан асып жығылатын еді. Одан кейін репрессия жылдары 103 мың адам сотталды. 65 мың қазақтың бетке ұстар зиялылары тұтқынға түсті. Оның 25 мыңы атылды. Сол қазақты басқаратын білімі бар, қазақ үшін сөз айта алатын адамдардың барлығын тамырына балта шауып, жойды. Соған қарамастан қазақ өркендеп, қайтадан өсіп келеді»,  - деді Мемлекет басшысы. 

Презилент қазір біздің санағымыз бойынша 5 миллион қандасымыз шетелде  тұрып жатқанын атап өтті.  

"Біз тәуелсіздік уақытында алыстағы ағайынды естен шығарған жоқпыз. Қандай қиыншылық болып жатса да, бірінші күннен  бастап мен оны қолға алдым. Шетелден 1 миллионға жуық  қандасымыз, бауырларымыз елге көшіріліп, қолдан келер барлық көмекті жасадық. Ол көмек бірде-бір тоқтаған емес. Жыл сайын 30,40,50 мың қандасымыз көшіп келеді. Әсіресе, жастар келіп оқуға түседі, оларға жағдай жасап жатырмыз. Бүгінде бауырларымыз Қазақстан азаматы атанып, ел дамуына сол келген миллион адамның өздері де, балалары да үлес қосып жатыр. Келген ағайынның ішінде көптеген танымал ғалымдар, дарынды спортшылар, өнер майталмандары да бар. Мысалы, боксшы Қанат Ислам, әнші Майра Мұхамедқызы, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, Дүкен Мәсімхан сынды көптеген азаматтар келіп, елдің мерейін көтеріп, өзінің өнерін шыңдап жатыр", — деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Сонымен бірге, Елбасының сөзінше, елге оралған қандастарымыз елдегі демографиялық жағдайға да көмектесіп, халық санының өсуіне ерекше ықпал етті. 1991  жылы тәуелсіздік жариялаған кезде қазақтың  үлесі 40 проценттен асар-аспас болатын, қазір 70 проценттен асып жығылды. 

"Тәуелсіздік алған кезде 17 миллион халық болған, дегенмен түрлі тарихи жағдаймен елімізге қоныстанған басқа ұлт өкілдері өздерінің атамекеніне көшіп кетіп, 14 миллион болып қалдық", — деді Президент. 

"Құдайға шүкір, қазір жағдайдың жақсаруына байланысты халық саны артып келеді. Егер бастапқы кезде 200 мыңнан астам  бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан артық сәби дүние есігін ашады. Біздің халқымыз 1 шілдеде 18 миллион болды деп жариялаймын", — деді Елбасы.

63
Тақырып:
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы (8)