Зауытбек Тұрысбеков

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының жаңа орынбасары сайланды

170
(Жаңартылды 13:46 23.06.2017)
Астанада өтіп жатқан дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында қауымдастық төрағасының жаңа орынбасары сайланды

АСТАНА, 23 маусым — Sputnik. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың қызметінен босатылып, оның орнына талай жауапты қызмет атқарған Зауытбек Тұрысбеков сайланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы болып Қазақстан президенті  Нұрсұлтан Назарбаев қайта сайланды. Қауымдастықтың төралқа мүшелері Елбасының кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді. 

"Маған сенім білдіргендеріңіз үшін баршаңызға рахмет. Бұл менің істеп жүрген жұмысым", — деді Мемлекет басшысы. 

 Осыдан кейін Мемлекет басшысы бұрынғы бірінші орынбасары Талғат Мамашевқа алғысын білдіріп, орнына Зауытбек Тұрысбековтің кандидатурасын ұсынды.

"Енді біз төрағаның бірінші орынбасарын сайлауымыз керек. Жанымда отырған Талғат Мамашев 2004 жылдан бастап атқарып келеді. Біраз жұмыс істелді. Сырттағы отандастарымызбен  рухани-мәдени байланыстар нығая түсті. Мен енді осы орынға Зауытбек Тұрысбековты ұсынғым келеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде менің тапсырмамен  талай жауапты қызметтері атқарды. Ысылған, тәжірибелі. Кезінде қазақтың Көші-қон демография агенттігін басқарды. Облыста әкім, Ішкі істер министрі болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарды. Ең негізгісі, қандастарымыздың ең көп тұратын Ресей мен Өзбекстанда Елші болды. Олардың жағдайын жақсы біледі", — деді Елбасы. 

Құрылтай делегаттары Зауытбек Тұрысбековтің кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.

 

"Үлкен сенімге көп рахмет. Бұл қызмет әр қазаққа бөлек дүние. Мен көп сөйлемеймін, іс білемін. Ертеңгі күні барынша іспен дәлелдеймін", — деді төрағаның жаңа бірінші орынбасары.

Айта кетейік, құрылтайға барлығы 800 делегат пен қонақ жиналды, оның 350-і алыс және жақын әлемнің 39 елінен келді. Олар ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялы қауым өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.

1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан құрылтай дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұқбат алаңы болып табылады.

170
Тақырып:
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы (8)