Ұлық мейрам – Ораза айт басталды

Ораза айтта әр мұсылман орындауы тиіс сауапты амалдар

637
(Жаңартылды 11:40 26.06.2017)
Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі

АСТАНА, 26 маусым — Sputnik. Күллі мұсылман үшін қасиетті саналатын ұлық мейрам – Ораза айт басталды. Шариғатта Ораза айт күндерінде орындалатын сауапты амалдар бар. 

Үлкен мереке етіп тойлау

Айт – арабтың "иъид" деген сөзiнен шыққан. "Иъид" сөзiнiң негізгі түбiрi – "ъада". Ол "мерекелеу", "бiр-бiрiн мерекемен құттықтау" деген мағынаны қамтиды. "Ъада" сөзiнiң масдары (iс-әрекеттi бiлдiретiн терминi) – "иъадат", яғни "хал сұрасу", "бiр-бiрiн қуанту", "қуанышқа топталу". Демек, айт сөзiн "мереке", "мейрам", "қуаныш", "шаттық" деп түсінеміз. Сондықтан айт – оразаның аяқталғанын білдіретін мереке.

Әдемі киіну

Жафар бин Мұхаммедтің жеткізуіне қарағанда, Алла Елшісі (с.а.у.) Ораза айт мерекесі күндері әдемі киімдерін киіп жүретін. Ораза айтының намазын оқымай тұрып, май мен құрма жейтін. Хасан ас-Сабит: "Екі айтта да Хақ Елшісі (с.а.у.) бізге әдемі киінуді, жұпар иіс себуді, жағдайымыз мүмкіндігіне қарай семіз малды шалуды бұйыратын еді", — дейді. Осы хадиске байланысты Ислам ғұламалары мұсылмандарды Ораза айтының таң сәрісінде бой дәрет алып, тістерін тазалап, мұнтаздай таза һәм әдемі киімдерін киіп жүруге үндейді. Ораза айт намазынан бұрын пітір садақа беріп, мешітке барып уағыз-насихат тыңдаудың мұстахаб (амалдардың абзалы) екенін айтады. 

Ораза айт намазын оқу 

Ханафия мазхабының ғұламалары "Кәусар" сүресіндегі "Фасалли ли Раббикәні…" (Сондықтан айт намазын оқы) Ораза айт намазына жасалған ишара деп біледі. Осыған орай біздің мазхабымызда Ораза айтының намазын оқу уәжіп (міндетті) саналады. Ал, Шафийлер мен Маликилерде сүннет муәккада (уәжіпке жақын сүннет), Ханбалияда парыз кифая (ешкім қылмаса, барлығына күнә жазылады) болып табылады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілгенде (кераһат уақытының шығуы, яғни күн шыққаннан кейін қырық бес минут өткен соң) мешіттерде оқылады. 

Айт күні жұма намазындағыдай көпшiлiк бір-бірімен араласады. Жұма күнi қандай амал сүннет болса, айт күнiнде де олар сүннет. Айтқа байланысты тағы бір хадисте: "Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi", – делiнген. Демек, айт көпшiлiкпен дидарласып, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке.

Айналамызға жылы шырай таныту

Шариғат бойынша айт күндері қуанышты болу, жүзiмізден нұрлы шырай тарату – Алланың рахметi, пайғамбардың шапағаты, жәннәт және оның нығметтерiне үмiт арту белгiсi. Сондықтан мереке күндерi адамдарға мейiрiммен қарау амалдардың ең сауаптысы және абзалы, айт күнгi жүріс-тұрысымыз, киiнуiмiз, жүзiмiздiң шырайы – дұға iспеттес ғибадат болып табылады.

Айтта шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек қолын созуды және басына қайғы келгендерге арнайы сыйлықтар жасап, көңiлдерiн көтеруді, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендердi еске алуды, араздасқандарға мiндеттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады.

Айттау

Мұхаммедтің (с.а.у) үмбеті Қазақ халқында айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Десек те, Ислам тарихында да айт мерекесіне дастархан жаю үлгісі бұрын да болған. 

Қазақ елі де өзге мұсылмандар секілді айт мейрамына арнап дастарқан жаяды. Ата-бабамыз ысырапқа бармай, айттап келушi қонақтарға құрмет көрсетуді мұсылмандық іс деп білген. Қонақжайлылық – халқымыздың әдет-ғұрпы тұрғысынан да, шариғат тұрғысынан да ең маңызды қасиеті. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Аллаға және қиямет күнiне сенетiн кiсi қонағын жақсылап күтсiн", – дейді. Тағы бiр хадисінде дұғасы қабыл болатын үш кiсiнiң бiрi қонақ екенін айтып өткен. Ал, халқымыз "Мейманды қарсы ал, Қыдырына жолығасың", – деген даналық сөз қалдырған.

Жақсылық жасау. 

Айт мейрамында ата-аналарымыздың, науқастардың, туған-туыстардың хал-жағдайын сұрап бару – үлкен сауап iс. Алла тағала қасиеттi Құранда: "Аллаға сыйыныңдар, оған ештеңенi теңестiрмеңдер, ата-аналарыңа, туыс-туғандарыңа, жақын көршi (дiндегi туыстығы бар көршi), бөгде көршiге (жай ғана көршi), жан жолдастарыңа (бiрге жұмыс iстейтiндеріңе), мүсәпiрге, қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар", – дейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): "Ата-ана разы болмай, Алла тағала разы болмайды", – деген. Олай болса, айт күндері ата-анаға қошемет көрсетiп, разылығын алу қажет-ақ. Ал, бақилық болғандарға Құран оқылып, сауабы бағышталады.

Айт күндері бала-шағаға сыйлық, жаңа киiм-кешек сыйлау, көрiктi орындарды аралатып қыдырту жақсы амал. Сол арқылы бала мұсылманшылыққа тәрбиеленеді. 

Әр қоғамда ерекше көңiл бөлудi, жылы қабақ танытуды қажет ететiн жандар бар. Жетiм-жесiр, тағы да басқа мұқтаж кісілерге айт мейрамдарында көңiл бөлу – мұсылмандардың мiндетi. Өйткенi, олар көмекке, жылы сөзге аса зәру. 

Пітір садақасын беру

Оразаның нәтижесімен жанашырлық, мейiрiмдiлiк деген қасиеттерді бойына дарыта бiлген мұсылманға айт күнi пiтiр садақа беру міндеті жүктеледi. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Пiтiр садақа ораза ұстағанның айтқан пайдасыз сөзiнiң, басқа жағымсыз амалдарының ластығынан тазалаушы және мұқтаждарға азық ретiнде берілуі уәжiп етілдi", – дейді (Әбу Дәуіт риуаят еткен). Демек, пiтiр садақа Рамазандағы ғибадаттардың сауабын толықтыру үшiн берiледi. Бұл хижраның екiншi жылында мұсылмандарға оразамен қатар жүктелген амал. Сондықтан мереке күнгi садақаларымызды шын көңiлмен берiп, өзгеге жәрдемдесу мұсылманға ортақ іс. Қасиеттi Құранда: "…Қайырдан не iстесеңдер, Алла оны күдiксiз бiледi", – делiнген ("Ниса" сүресi, 127-аят). Демек, қандай жақсылық жасасақ та, ол сауапсыз қалмайды. Олай болса, айт мерекелерінде сауапты амалдарды арттырсақ, нұр үстіне нұр болмақ.

Дереккөз: islam.kz
637
Тақырып:
Рамазан айы - 2019 (30)
Загрузка...