ҚР СІМ ғимараты

Қазақстан Корей республикасының зымыран ұшыруына байланысты мәлімдеме жасады

19
(Жаңартылды 11:28 31.07.2017)
28 шілдеде КХДР осы айдағы екінші баллистикалық зымыранды ұшырды

АСТАНА, 31 шілде— Sputnik. Қазақстан Корей Халық-Демократиялық Республикасының баллистикалық зымыранды ұшыруын батыл айыптайды, деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрлігі.

28 шілдеде Корей Халық-Демократиялық Республикасы осы айдағы екінші баллистикалық зымыранды ұшырды. 

"Қазақстан Республикасы Корей Халық-Демократиялық Республикасының баллистикалық зымыранды ұшыруын батыл айыптайды. Мұндай-іс-әрекеттер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын өрескел бұзушылық болып табылады, әлемге қауіп төндіреді және Шығыс Азия өңірінде және жаһандық ауқымда жағдайды ушықтырады", — деп айтылған Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.  

Сондай-ақ, ҚХДР-ның жауапсыз саясаты ядролық қарусызданудың жаһандық процесіне теріс әсер ететіні, болашақ ядросыз ғаламшарды қамтамасыз ету жөніндегі ұжымдық күш-жігерге зиян келтіретіні айтылған.

Осы ретте Қазақстан ҚХДР-ды өз халқының қауіпсіздігі мен дамуы, сондай-ақ бүкіл адамзаттың игілігі үшін ядролық менмендіктен бас тартуға табанды түрде шақырады. 

"ҚХДР-дың зымырандық және ядролық бағдарламасының қаупі бүкіл мүдделі тараптарға келіссөздер процесін жедел түрде қайта бастау арқылы өзара тиімді шешімді іздестіру жөніндегі күш-жігерді жандандыруды талап етеді. Қалыптасқан жағдайдан шығу Солтүстік Корея билігінің арандатушылық іс-әрекеттерінен туындаған проблеманы күшпен емес, нақ келіссөздер арқылы шешуге болады деп есептейміз", — деп атап өтілген мәлімдемеде. 


19