Түлектер

Білім министрлігі грант бөлу мәселесі бойынша бірнеше шешім ұсынды

386
(Жаңартылды 11:52 15.08.2017)
Мамандықтар бойынша гранттар саны үш жыл бұрын жариялануы мүмкін

АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Бүгін үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жоғары балл жинаған түлектердің неге грантқа ілікпей қалатынын түсіндіріп, осы мәселеге қатысты министрлік бірнеше шешім ұсынатынын жеткізді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Біз гранттарды экономиканың басымдыққа ие бағыттары бойынша бөлеміз. Мәселен, есептеу техникасына 610 грант, ал заңгер мамандығына 45 грант қана беріледі. Жалпы медицинаға 2500, ал cтоматологияға 45 грант  қана бөлінеді. Мұның барлығы түрлі даму бағдарламаларында бекітілген. Тиісінше жыл сайын бір мамандық бойынша жоғары балл жинағандар грант ала алмайды, ал басқа мамандық бойынша төмен балл жинаған түлектер мемлекеттік грантқа ілігеді. Яғни, экономикалық тиімділік әлеуметтік әділдік мәселесіне тап болады. Жыл сайын бұл мәселе ата-аналар тарапынан көп сұрақтар тудырады", — деді Сағадиев жаңа оқу жылына дайындық мәселесі талқылаған үкімет отырысында. 

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта басымдыққа ие мамандықтар бойынша гранттар саны кеш жарияланады. Өйткені министрліктер мен әкімдіктер бойынша экономика қажеттілігіне қатысты ақпарат жинап, келісу жүйесі көп уақыт талап етеді. Содан түлектер өз мүмкіндігін бағалап үлгермей жатады. Әрі оларға профильдік пән таңдап, дайындалуға уақыт керек. 

"Министрлік осы мәселеге қатысты бірқатар шешім ұсынады. Мысалы, мамандықтар бойынша гранттар санын үш жыл бұрын жариялау мүмкіндігін қарастыру керек. Мұны үш жылдық бюджет аясында жасауға болады. Осы мәселені биыл талқылап, шешу керек", — деді ол.

"Екіншіден, жеңілдікке ие халық санаттарына тоқталсақ, ауыл және жетім балаларға арналған квота мәселесі өткір тұрмаса да, сұрақтар бар. Ал "Алтын белгі", яғни әлеуметтік әділдік мәселесі өткір тұр. Биылғы жылы гранттар ҰБТ қорытындысы бойынша жиналған балдар бойынша бөлінді, "Алтын белгі" факторының ықпалы болған жоқ. Республикалық комиссия "Алтын белгі" иегерлерінің алдындағы міндетті орындау үшін қосымша төрт пайызға жуық грант бөлді. Бірақ бүгінде ондаған жоғарғы оқу орны оларды қабылдауға ниет танытып отыр, бұл үшін үлкен рахмет айтамыз", — деп толықтырды Сағадиев. 

Дегенмен, оның айтуынша, осы мәселе бойынша биыл заңды түрде өзгеріс енгізу көзделген. Министр өткен жылы да бір топ "Алтын белгі" иегеріне жоғарғы оқу орындарының грантын бөлуге мәжбүр болғандарын атап өтті. 

"Үшінші мәселе, жетекші жоғарғы оқу орындарында, әсіресе, Астанада орын жетіспейді. Астанаға көшіп келіп, оқығысы келетіндер өте көп. Тиісінше жоғары балл жинаған балалар Еуразия ұлттық университеті мен Астана медициналық академиясына ақылы негізде де түсе амайды. Биыл бұл мәселе тіпті өткір тұр, сондықтан оны талқылап, шешім табу керек", — деді ол. 

Бұдан бөлек, биылғы жылы облыстық әкімдіктерге заңды түрде грант бөлуге рұқсат беріліп отыр. 

"Нормативтік база қабылданды. Әкімдіктерге тиісінше хаттар жолданды. Облыс әкімдерінен студенттері мен жоғарғы оқу орындарына қолдау көрсетуді сұраймыз", — деп түйді сөзін Сағадиев.

386
Тақырып:
ҰБТ - 2019 (32)
Загрузка...