Құрбан айт

Бас мүфти: қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес

82
(Жаңартылды 12:08 04.09.2017)
Биыл күллі мұсылман қауымы үшін ұлық мереке – Құрбан айт 1 қыркүйекте басталады

АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы барша мұсылман қауымын Құрбан айт мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

"Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Құрбан айт – Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған құрбан айт бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді", — дейді Бас мүфти.

Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі "құрбан" сөзі "жақын бол", "жақында" деген ұғымдарды білдіреді.

"Қасиетті Құранда: "Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің) ("Хаж" сүресі, 37-аят)", – деп баяндалған. Айт күндері қажылық парызын өтейтін күллі мұсылман баласы Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отандастырымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!", — дейді Ержан қажы. 

Оның айтуынша, қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.

"Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Осы ретте еліміздің барша азаматын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.

Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!".

82