Құрбанға шалынатын мал

ҚМДБ: биылғы тоқтылар құрбандыққа жарамайды

50
(Жаңартылды 13:55 31.08.2017)
1 қыркүйек – күллі мұсылман қауымы асыға күтетін Құрбан айт мейрамының бірінші күні

АСТАНА, 1 қыркүйек — Sputnik. Алланың разылығынан үміттенген жандар құрбандыққа соятын малды таңдауда өте мұқият болу қажет. Құрбандықтың мұсылман үшін қабыл болуының маңыздылығын ескерсек, бірінші ықылас-ниет дұрыс болуы, екінші сойылатын  мал жарамды болуы керек, деп жазады muftyat.kz.  

Ешкінің және қойдың жасы бір жылдан асып екінші жылға кіргені, сондай-ақ алты айлық марқа қозы (үлкен қой секілді) ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Сиырдың екі жасқа толып, үшінші жылға кіргенін, ал түйеден жасы бес жылдан асып, алтыншы жылға кіргенін құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар сойылатын малдың кемшілік, кінәраты болмауы керек.

Қойдың бір жасы шамамен 6 ай. Себебі, саулықтарының буаздық мерзімі 145 – 155 тәулікке созылады, яғни орташа есеппен 5 ай 10 күн. Сол үшін шариғатта алты айдан асқан тоқты құрбандыққа жарамды делінген.

Осы орайда ҚМДБ биылғы тоқтылардың барлығы құрбандыққа жарамайтынын ескертеді. Өйткені тоқтының жасы кем дегенде алты айдан асқан және ірі  болуы шарт. Дәлірек айтқанда, ағымдағы жылдың наурыз айына дейін туылған төл болуы тиіс. Еліміздің бірнеше өңірінде сақман сәуір айында басталатыны белгілі. Әсіресе орталық және солтүстік аймақтарда. Сондықтан құрбан малын сатушылар мен тұтынушылар осыны ескергені жөн. 

 

 

50