Қоғам

Құқық қорғау органдарының қызметшілеріне смартфон ұстауға рұқсат берілуі мүмкін

© AP Photo / Kiichiro SatoҚолына айфон ұстаған ер адам
Қолына айфон ұстаған ер адам - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әлеуметтік желіде қызметтік ақпараттың тарап кету фактілерінің жиілеуіне байланысты бір жарым жыл бұрын мемлекеттік қызметшілерге жұмыста смартфон мен планшет ұстауға тыйым салынды

АСТАНА,16 қазан – Sputnik. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне цифрландыруға көшуге байланысты жұмыста смартфон пайдалануға рұқсат берілуі мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Мәжілісте бүгін кейбір заңнамалық актілерге құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Отырыс барысында ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов елімізде қазір пилоттық режимде қылмыстық істерді элекронды түрде жүргізу қолға алынғанын атап өтті. 

"Цифрландыру – бұл болашақ, бірақ қылмыстық қудалау мен қылмыстық жауапкершілікке тартудың ерекшелігін ескеру керек. Электронды тергеу секілді формаға толыққанды көшу үшін ішкі істер органдарының техникалық жарақтандырылуы көңіл көншітпейтінін біз көріп отырмыз", — деді Жақыпов. 

Вице-министр процеске қатысатын бүкіл құрылымдарды толыққанды техникалық жабдықтау үшін 11 миллиард теңге қажет екенін айтты. 

Заң жобасының таныстырылымынан кейін журналистер Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтан цифрландыруға байланысты смартфон пайдалануға рұқсат беру жағы қалай болатынын сұрады. 

"Иә, әрине. Бұл сұрақ барлық мәселемен бірге қарастырылатын шығар", — деді Ахметжанов. 

Өткен жылы көктемде Қазақстанда мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен ғимаратқа кіретін азаматтарға мобильдік құрылғылар (смартфон, планшет, смарт-сағат) пайдалануға тыйым салынған болатын. Бұл шара қызметтік ақпараттың әлеуметтік желі арқылы тарап кету фактілерінің жиілеп кетуіне байланысты қолға алынды.


Жаңалықтар
0