қазақ-қырғыз шекарасындағы жүк көліктері

Министр: шекара асатын әрбір алтыншы қырғыз көлігі ел заңнамасын ескермейді

203
(Жаңартылды 10:19 18.10.2017)
Өткен аптада 835 қырғыз көлігі тексеріліп, оның нәтижесінде 117 заңбұзушылық анықталды

АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек автокөлік құралдары саласын мемлекеттік реттеу, сондай-ақ отандық тасымалдаушылардың халықаралық автокөлік тасымалдаушылар нарығындағы бәсекеге қабілеттігін арттыруға жағдай жасау бойынша атқарылып отырған жұмыс туралы айтты. 

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында министр бүгінгі күні Қазақстан аумағында шетелдік тасымалдаушыларға бақылау күшейтілгенін айтты. Алғашқы 7 күннің өзінде 2700-ден астам автокөлік құралы тексеруден өткен. 

Нәтижесінде 193 бұзушылық анықталды, олардың басым бөлігі қырғызстандық тасымалдаушыларға тиесілі — 60% (117), ресейліктерге — 20% (38) және қалған 20% (38) басқа мемлекет тасымалдаушыларына тиесілі (Түркия, Тәжікстан, Түркменістан және т.б.).

Осыған орай шекара маңындағы аймақтарға қосымша жылжымалы көліктік бақылау бекеттері жіберілген. Мысалы, Жамбыл облысы бойынша 4 жылжымалы көліктік бақылау бекеті орналастырылды. Жергілікті полиция қызметі, экономикалық тергеу қызметі және мемлекеттік кіріс органдарымен бірлесіп, шекара асып жатқан көлік құралдарына 24 сағаттық бақылауды қамтамасыз етуде, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. 

Тексеру барысында қазақ-қырғыз шекарасын асатын әрбір 6-7-ші автокөлік құралының ҚР көлік заңнамасын ескермейтіндігі анықталды. Өткен аптада 835 қырғыз көлігі тексеріліп, оның нәтижесінде 117 заңбұзушылық анықталды.

Қырғызстандық тасымалдаушылар жіберген негізгі бұзушылықтар — жүк құжаттарының жоқтығы — 56 бұзушылық, артық салмақ мөлшері — 34, каботаждық операциялар — 7, қазақстандық жол жүру рұқсатының жоқтығы — 10, басқа бұзушылықтар — 10.

Тасымалданатын тауарлар құжаттарының жоқтығы (сертификат, декларация және т.б.) жүк тасымалдаудың және жүктің пайда болуының заңдылығына күмән келтіреді, әсіресе тез бұзылатын тауарларға қатысты.

Аталмыш фактілерге қатысты материалдар мемлекеттік кіріс органдары мен экономикалық тергеу органдарына жағдайды одан әрі нақтылау үшін жіберілуі тиіс. 

Министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойынша трактор (тягач) мен жартылай тіркеме (полуприцеп) құрамындағы автопойыздың рұқсат етілген массасы 40 тоннадан аспауы тиіс. Ал шын мәнісінде Қырғыз Республикасының көлік тасымалдаушылары шамадан тыс жүктемеге орын беріп, жолдарымызға үлкен залал келтiріп, олардың өткізу қабілетін азайтады.

Мысалы, ағымдағы жылдың 13 қазанында қырғызстандық тасымалдаушыға тиесілі көлік құралын тексеру кезінде, жүктің рұқсат етілген нормадан 5 тоннаға артық болғаны анықталды.

Есептік кезеңде тек қана шамадан тыс жүктеме үшін жиналған айыппұл көлемінің өзі шамамен 5 миллион теңгені құрады, деді министр.

 

203
Загрузка...